
Жаңа жылдың алғашқы күндерінде қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары Назира Бақаева алғаш рет ажырасуына не себеп болғанын Qysqa Söz YouTube-арнасына берген сұхбатында ашық баяндады. Оның айтуынша, некедегі негізгі шиеленіс нүктелерінің бірі – «Томирис» тарихи фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын болған.
«Иә, қазір ашық айта аламын, бұл шынымен де негізгі себептердің бірі болды», – деді ол сұхбат барысында.
Сонымен қатар Назира Бақаева көп әйел алуды қабылдай алмағанын жеткізді. Мұсылман адам ретінде діни ұстанымдарды жоққа шығармайтынын айтқанымен, жеке өзі үшін мұндай өмір салты қолайсыз екенін жасырмады.
Ақан Сатаев бұрынғы жары Назира Бакаеваның соңғы жария мәлімдемелерінен кейін жеке өмірдің көпшілік талқысына түсуін қаламайтынындықтан, түсінікті беруге шешім қабылдағанын айтты. Оның айтуынша, ажырасуға себеп болған жайттар тек ерлі-зайыптылар арасындағы жеке келіспеушіліктер мен қарым-қатынасқа байланысты болған.
Режиссер үшінші тұлғалардың, соның ішінде актриса Альмира Тұрсынның, ажырасуға ешқандай қатысы болмағанын нақты атап өтті.
Ажырасуға, балалардың болашақтағы өміріне, тәрбиесіне және ата-анамен қарым-қатынасына қатысты барлық мәселелер алдын ала талқыланып, ортақ келісіммен шешілгенін айтты.
Бұл шешімдер балалармен бірге қабылданған.
Оның айтуынша, Назираға балалармен бірге үйде тұра беруді бірнеше рет ұсынған, алайда бұрынғы жары бөлек тұруды өзі қалаған. Дегенмен аталған үй болашақта балаларға мұра ретінде қалатынын атап өтті.