Нақтыласақ, Президент Тоқаев Turkistan газетіне берген сұқбатында халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отырғанын ашып айтты.
« Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін» дейді мемлекет басшысы.
Бір сөзбен айтқанда, биылдан бастап іске қосылған экономикалық реформалар қазынаға түскен қаржының халыққа әділ бөлінуін, әрбір бөлінген теңгенің болашаққа жұмыс істеуін, тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Президент басшы ретінде жауапкершілікті өз мойнына алды. Егер реформалар өз мақсатына жетпесе, ол үшін тікелей жауап беретіні анық. Сол үшін ел билігі бұл реформаны баяғы Назарбаев лозунгтары сияқты орта жолдан тастап кетуге мүлде мүдделі емес. Бұл анық байқалады.