Сарапшылар кешеден бері Алатау қаласын экс-президент Н. Назарбаевтың Астанасымен салыстырып жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев парламенттің екі палатасының кеңейтілген отырысында Алатау қаласы инвесторлар үшін офшорлық аймақ болмайды, олар өз қаражаттарын жобалар құрылысына жұмсауға тиіс болады деп мәлімдеді. Үкіметтің жоспарында Дубай мен Сингапур сияқты ірі орталықтардың инвесторлары үшін бәсекелестік туралы идея жоқ, бірақ геосаяси жағдай жағдайында мұндай үрдістер бар.
«Сингапур мен Дубай — өздерін дәлелдеген юрисдикциялар, және біз, әрине, олармен әзірге белгілі бір инвесторлар үшін бәсекеге түсе алмаймыз және қандай да бір дәрежеде бәсекелескіміз келмейді. Қазір Дубайда қандай үдерістер жүріп жатқанын бәрі түсінеді. Көптеген елдер бұл мәселені пайдаланғысы келеді, резиденттерді азғырып жатыр. Бірақ біз офшорлық аймақ салғымыз келмейді, жедел даму қаласын салғымыз келеді», — деді Бозымбаев.
Экономист Расұл Рысмамбетовтің пікірінше, Алатау қаласы президент Тоқаевтың төл өнімі, мега-жобасы. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Астана салынса, Алатау кейінгі жылда салынған, ықшам әрі бизнес-класс қала. Сарапшының айтуынша, бұл қаланың әр ғимаратынан шектен шыққан сән-салатанатқа оң қабақпен қарай қоймайтын Президентіміздің мінезі таңбаланып тұрса таңдауға болмайды. Көп ішіндегі пікір бұл жобаны Тоқаевтың төл өнімі дейтіндер бар.
«Jusan Bank-тің атауы өзгеріп, Alatau City Bank (ACB) атануы кездейсоқ емес. Банк қаладағы инфақұрылымдық жобаларды қаржыландырумен айналысады», – дейді экономист.
Рысмамбетовтің сөзінше, жаңа қаланы қаржыландыруда сақтық танытуы қажет.
«Мұндай ірі жобаға Отбасы банк пен Бәйтерек холдингі де атсалысады», – дейді сарапшы.
Рысмамбетов Алатаудың тек сәнді көрме-жоба емес, нақты мақсаты бар, өңірлік мәні зор орталық боларына сенімді. ықшам әрі бизнес-класс қала
Оның айтуынша, жаңа қала Назарбаев қалап кеткен Астананың жолымен жүрмейді.
«Алатау Тоқаев дәуірінің өнімі болғалы тұр. Президенттің ойы Астана секілді мегажоба емес, керісінше ықшам, қауіпсіз, шетелдік бизнестің қызығушылығын оятатын бизнес-хаб салу», – дейді ол.
Рысмамбетов Алатауды мемлекет меншігінде ұстамай, өзге аймақтарды басқару стилінен бөлек, автономды негізде дамытуды ұсынып отыр.
«Әкім сайлау жүйесін енгізіп, инфрақұрылымын жеке компанияларға табыстау керек. Металлургиялық, мұнай компаниясының иелігіндегі компактілі қалалар көбіне дұрыс дамиды. Алатау қаласы осы бағыттағы алғашқы ірі жоба болуы мүмкін», – дейді экономист.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Алматы облысының әкімі ауысып, Алатаудың құрылысы Тоқаев немесе Үкімет басшысының тікелей бақылауына өтеді.
«Қапшағайдың қысы суық, ылғалды. Алатауда толықтай балама қуат көзін пайдаланып, тәуелсіз жылыту жүйесін сынауға мүмкіндік бар. Бұрынғы қателікті қайталамай, жаңа заманға лайық ақылды әрі жайлы қаланы қазірден бастап ойластыру керек», – дейді сарапшы.