Тәуліктің осы сағатына дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына келіп түскен құттықтаулар:

ҚР Президенті баспасөз қызметінің ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Ресей басшысы Владимир Путин өз құттықтауында екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өткен.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатына ие. Бұл қарым-қатынастар алдағы уақытта да достас халықтарымыздың игілігі үшін, Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүддесінде жемісті дами беретініне сенімдімін», — делінген жеделхатта.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Мемлекет басшысын және барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мықты денсаулық және жұмысына табыс тіледі.
«Өткен жылы мен Сізбен екі рет кездестім және біз түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік, бұл Қытай мен Қазақстанның мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін жедел дамудың жаңа кезеңіне көтерді. Мен Сізбен бірге өзара саяси сенімді тереңдету, жан-жақты ынтымақтастықты нығайту және ортақ тағдыры бар қытай-қазақстандық қоғамдастық құрылысын одан әрі тереңдету мен іс жүзінде іске асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынмын», — деп жазды Қытай көшбасшысы.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев көне мереке екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға қызмет етеді және өзбек және қазақ халықтарының жүрегінде ерекше орын алады деп санайды.
«Біздің жоғары деңгейдегі диалогымызды жандандырудың және бірлескен күш-жігердің арқасында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара құрмет пен қолдауға негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар алдағы уақытта да сапалы жаңа деңгейге шығатынына сенімдімін», — делінген жеделхатта.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен даму тіледі.
«Біздің мәдениетіміздің ұлылығын бейнелейтін және үздік дәстүрлерді қамтыған осы көктемгі мереке алдағы уақытта да халықтарымыздың достығын нығайтып, игілік әкелетін болсын», — делінген жеделхатта.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мемлекет басшысы мен бауырлас Қазақстан халқына жылы лебізін жолдады.
«Осы ежелгі мерекенің үздік дәстүрлері рухындағы тәжік-қазақстан достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастары алдағы уақытта да дамып, нығая беретініне сенімдімін», — деп жазды Тәжікстан басшысы.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Наурыз мерекесіне байланысты ізгі тілектерін білдірді.
«Барша адамзаттың бай мәдени мұрасының ажырамас бөлігі ретінде танылған бұл жарқын мереке халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие. Бұл тамаша мереке Сіз бен Сіздің еліңіздің халқы үшін бақыт, қуаныш және жаңа табыстармен атап өтілсін», — деп атап өтті Сердар Бердімұхамедов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев құттықтады.