---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-08-10-memleket-basshysy-qasym-zhomart-toqaev-qazaqstandyqtardy-abaj-kuenimen-quttyqtady/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады

![Касым-Жомарт Токаев](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/06/tokaev-2.jpg)

Президент құттықтауында ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік әрі ұлттық мәдениеттің асыл қазынасында айрықша орын алатынын атап өтті.

[![Касым-Жомарт Токаев. Фото: Акорда](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/06/tokaev-2-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/06/tokaev-2.jpg)Касым-Жомарт Токаев. Фото: Акорда

> «Абай ілімі — рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы — әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы биылғы Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

> «Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Бұл — шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең. Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз», - деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, жүргізіліп жатқан өзгерістердің түпкі мәні — жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу.

> «Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндесетінін атап өтті.

> «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары — Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», - деді ол.

Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болатынына сенім білдірді.

---

Опубликовано: 2026-08-10T10:31:44+05:00

Обновлено: 2026-08-10T10:31:46+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-08-10-memleket-basshysy-qasym-zhomart-toqaev-qazaqstandyqtardy-abaj-kuenimen-quttyqtady/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.