---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-08-29-uran-isi-qazaqstannyng-zhanga-buyn-mamandaryn-dayarlaugha-zhasalghan-qadam/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Уран ісі: Қазақстанның жаңа буын мамандарын даярлауға жасалған қадам

![Уран ісі: Қазақстанның жаңа буын мамандарын даярлауға жасалған қадам](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3279.jpeg)

Қазақстанның уран өнеркәсібі үшін білікті кадр даярлау мәселесі бүгінде саланың тұрақты дамуының маңызды шарттарының біріне айналып отыр. Технологияның қарқынды дамуы, өндірістік процестердің күрделенуі және кәсіби құзыреттерге қойылатын талаптардың артуы жаңа буын мамандарын жүйелі түрде даярлауды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары білім мен өндірістің өзара байланысын күшейту - уақыт талабы.

[![Иллюстрация — Уран ісі: Қазақстанның жаңа буын мамандарын даярлауға жасалған қадам](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3279-1024x768.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3279.jpeg)

2025 жылы Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) базасында Қазақстанда алғаш рет «Уран ісі» білім беру бағдарламасы іске қосылды. Жаңа бағдарлама ҚБТУ оқытушылары мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мамандарының бірлескен жұмысы нәтижесінде әзірленді. Оның мазмұны уран саласының өзекті қажеттіліктерін ескере отырып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауға бағытталды.

Бағдарламаға алғашқы қабылдау 2025 жылы өтті. 40-тан астам студент еліміздегі осы жаңа білім беру бағытының алғашқы тыңдаушылары атанды. Ал 2026 жылы екінші легке 70 бірінші курс студенті қабылданды. Бір жыл ішінде студенттер санының артуы жаңа мамандыққа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Бұл сонымен қатар, жастардың атом энергетикасы мен уран өнеркәсібіне деген назарын аңғартады.

Мұндай бағыттың пайда болуының маңызы да осында. Кез келген стратегиялық сала үшін технологиялық дамумен қатар, сол технологияны меңгеретін және жетілдіретін мамандар қажет. Қазіргі өндіріс терең теориялық біліммен қатар, заманауи технологияларды түсінетін, өндірістік процестердің ерекшелігін білетін және алған білімін практикада қолдана алатын кадрларды талап етеді.

[![Иллюстрация — Уран ісі: Қазақстанның жаңа буын мамандарын даярлауға жасалған қадам](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3280-1024x701.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3280.jpeg)

Сондықтан «Уран ісі» бағдарламасының басты ерекшеліктерінің бірі - білім беру мазмұнының өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастырылуы. Университет пен сала мамандарының бірлескен жұмысы студенттердің академиялық білім алып қана қоймай, болашақ кәсіби ортасы туралы жан-жақты түсінік қалыптастыруына мүмкіндік береді. Бұл - білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың тиімді үлгісі.

«Қазатомөнеркәсіп» уран саласы үшін кадрлық әлеуетті дамытуға және жас мамандар даярлауға ерекше көңіл бөледі. Осы жүйелі жұмыстың тағы бір нәтижесі - ҚБТУ-да «Қазатомөнеркәсіп» кабинетінің ашылуы.

Жаңа кабинет «Уран ісі» бағдарламасы студенттері үшін қосымша білім беру алаңына айналады. Ол оқу үдерісіне қажетті құралдармен жабдықталған. Мұнда студенттер уран өндіру өнеркәсібі, заманауи технологиялар мен өндірістік процестер туралы білімдерін толықтырып, таңдаған мамандығының ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, арнайы полигонда бұрғылау қондырғысы орнатылды. Теория нақты өндірістік тәжірибемен ұштасқан кезде мамандыққа деген көзқарас та, кәсіби дайындық та жаңа деңгейге көтеріледі.

[![Иллюстрация — Уран ісі: Қазақстанның жаңа буын мамандарын даярлауға жасалған қадам](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3281-1024x748.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3281.jpeg)

Мұндай кеңістіктің маңызы оның тек материалдық базамен қамтамасыз етілуінде емес. Студенттің болашақ кәсібін университет қабырғасында жүрген кезінен түсінуі, өндірістің қалай жұмыс істейтінін білуі және саладағы заманауи үрдістермен танысуы кәсіби қалыптасудың маңызды бөлігі. 

ҚБТУ-дағы «Қазатомөнеркәсіп» кабинетінің ашылуы компанияның жас мамандарды қолдау және еліміздің жетекші білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып отыр. Мұндай әріптестік білім беру жүйесіне де, өндіріс саласына да өзара пайда әкеледі. Университет еңбек нарығының нақты сұранысын жақсырақ түсінсе, өндіріс заманауи білім алған, кәсіби ортаға бейімделген жас мамандарды даярлау процесіне ерте кезеңнен қатыса алады.

Бүгін университет аудиториясында отырған 70 студент- ертең уран өнеркәсібінде еңбек ететін жаңа буын мамандарының бір бөлігі. Олардың кәсіби жолы бірнеше жылдан кейін басталғанымен, оның негізі дәл қазір қалануда. Сапалы білім, тәжірибеге жақын оқу және өндіріс мамандарымен тікелей байланыс осы жолдың маңызды құрамдас бөліктеріне айналады.

Уран саласы үшін кадр даярлау - қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді міндет. Оның нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін, алайда бүгінгі студентке салынған білім инвестициясы ертең өндірістегі кәсіби құзыретке, жаңа технологияларды меңгеруге және саланың тұрақты дамуына айналады.

[![Иллюстрация — Уран ісі: Қазақстанның жаңа буын мамандарын даярлауға жасалған қадам](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3278-1024x768.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/img_3278.jpeg)

Қазақстанда алғаш рет іске қосылған «Уран ісі» бағдарламасы мен ҚБТУ-да ашылған Қазатомөнеркәсіпкабинеті осы мақсатқа бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ең бастысы, бұл бастамалар жастарға жаңа мүмкіндік ұсынып қана қоймай, елдің стратегиялық салалары үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға негіз қалайды.

Өйткені, кез келген саланың болашағы оның технологиясымен ғана емес, сол технологияны дамытатын, жаңғыртатын және жауапкершілікпен қолданатын мамандарымен өлшенеді. Ал Қазақстанның уран өнеркәсібінің болашағы бүгінде университет қабырғасында білім алып жатқан жаңа буын мамандарынан басталып отыр. Шара соңында, атом холдингі атынан студенттерге естелік сыйлықтар табысталды.

---

Опубликовано: 2026-08-29T12:41:00+05:00

Обновлено: 2026-08-29T12:41:53+05:00

Авторы: 

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-08-29-uran-isi-qazaqstannyng-zhanga-buyn-mamandaryn-dayarlaugha-zhasalghan-qadam/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.