---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-16-ghylymgha-boelingen-260-milliard-investiciya-ma-aelde-shyghyn-ba/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Ғылымға бөлінген 260 миллиард: инвестиция ма, әлде шығын ба?

![Ғылымға бөлінген 260 миллиард: инвестиция ма, әлде шығын ба?](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/c02663d4-3768-4ff5-b0bc-71a32fa3bd60.jpg)

Соңғы алты жылда Қазақстанда ғылымға бөлінетін бюджет алты есе өсті, ал соңғы он жылдық кесіндіде он есе өсті деген екі түрлі статистика айтылып жүр.

[![Иллюстрация: ИИ](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/c02663d4-3768-4ff5-b0bc-71a32fa3bd60-1024x571.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/08/c02663d4-3768-4ff5-b0bc-71a32fa3bd60.jpg)Иллюстрация: ИИ

Үкіметтің ресми есебі бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар 121,5 миллиард теңгеден 260 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Саясаттанушы Марат Шибұтов келтірген есеп бойынша өсім 23 миллиардтан 250 миллиардқа дейін. Сандардағы алшақтық әдіснамадан – бірі жалпы ішкі шығынды, екіншісі тікелей мемлекеттік тапсырысты есептейді. Бірақ тренд бір: ақша күрт көбейді.

**Осы жерде екі түрлі, бірақ бір-біріне жалғасып тұрған сауал қатар көтерілді**

• Біріншісін «Әділет» партиясының фракциясынан депутат Тілектес Адамбеков Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдады: әрбір салынған теңге қанша қосылған құн, қанша салық, қанша экспорттық кіріс әкелді? 

• Екіншісін Ұлттық құрылтайда Марат Шибұтов көтерді: ақша көбейгенімен жаңашылдық жоқ, мемлекеттік тапсырыс тетігін өзгертіп, Президент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құру керек

**Екі ұсыныс бір-біріне қарама-қайшы емес, бір процестің екі жағы******

Біріншісі – аудит, екіншісі – архитектура.Қазіргі қазақстандық ғылымның экономикалық моделі – классикалық бюджеттік патернализм. Зерттеулердің сексен пайызы мемлекет есебінен қаржыландырылады. Да­мыған елдерде керісінше: АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда, Германияда ғылым шығынының жетпіс пайызын бизнес береді, мемлекет тек іргелі зерттеу мен тәуекелі жоғары R&D-ны субсидиялайды. Бізде бизнес ғылымға бармайды, себебі ғылым бизнеске бармайды. «Ғылым – білім беру – өндіріс» үшбұрышы үзіліп тұр. Университет грант алады, монография жазады, есеп тапсырады, бірақ патент өндіріске жетпейді.

Сондықтан депутат Адамбековтың қойған сұрағы орынды, бірақ оған жауап беру үшін қазіргі есеп жүйесі жарамайды. Бізде ғылымның тиімділігі «игерілген қаражат» және «жарияланған мақала саны» деген екі бюрократиялық көрсеткішпен өлшенеді.

**Ал экономика «қосылған құ****н» және «коммерцияланған технология» деген тілде сөйлейді**

Осы екі тілдің арасында аудармашы жоқ.Сондықтан бюджет тапшылығы жағдайында «қанша бөлінді» деген есептен «қанша қайтарылды» деген есепке көшу – фискалдық қажеттілік. Әрбір теңгенің қайтарымын өлшеу үшін үш индикатор енгізу керек. 

• Бірінші – салықтық мультипликатор: мемлекеттік грант алған жоба үш жыл ішінде қанша салық төледі.

• Екінші – экспорттық мультипликатор: технология сыртқа сатылды ма, лицензия әкелді ме. 

• Үшінші – өндірістік мультипликатор: зерттеу нақты кәсіпорында енгізілді ме, өзіндік құнды төмендетті ме. Б

Ал Шибұтовтың ұсынысы осы аудитті жүргізетін институт туралы. Қазіргі мемлекеттік тапсырыс жүйесін Ғылым министрлігінің өзі бөледі, өзі бағалайды, өзі есеп береді. Бұл – мүдделер қақтығысы – conflict of interest. Сондықтан Президент Әкімшілігі жанынан тәуелсіз комиссия құру идеясы – бюрократияны көбейту емес, керісінше, тапсырыс беруші мен орындаушыны ажырату. Әлемдік тәжірибеде мұндай комиссиялар ғылыми бюрократияны емес, экономикалық басымдықтарды анықтайды. Мысалы, Оңтүстік Кореяда Президент жанындағы Ғылым-технология жөніндегі кеңес «бізге келесі бес жылда жартылай өткізгіш пе, әлде биотехнология ма керек» деген сұраққа жауап береді, ал министрлік тек конкурс өткізеді. Бізде де мемлекеттік тапсырыс «барлық ғылымға аз-аздан» қағидасымен емес, «бес ұлттық технологиялық басымдыққа көптеп» қағидасымен бөлінуі керек.

**Монография санын көбейту емес, бір монография****ны бір зауытқа айналдыру маңызды**

Осылайша екі ұсыныс бір логикалық тізбекке айналады. Адамбеков «тиімділікті өлше» дейді, Шибұтов «өлшейтін және тапсырыс беретін тәуелсіз архитектор керек» дейді. Егер біріншісі болмаса, екіншісі – жай ғана жаңа шенеуніктер штаты. Егер екіншісі болмаса, біріншісі – жыл сайын қайталанатын депутаттық сауал күйінде қалады.Ғылымға бөлінген 260 миллиард – көп пе, аз ба деген сұрақ емес. Қазақстанның ЖІӨ-нің 0,2 пайызы ғана, Кореяда 4,8 пайыз. Мәселе – ақшаның аздығында емес, конверсияның жоқтығында. Бюджеттен шыққан теңге университеттің есебінде қалып қоймай, зауыттың қосылған құнына айналғанда ғана ғылым инвестицияға айналады. Әйтпесе, ол – құрғақ зерттеулер мұрағатына кететін шығын.

---

Опубликовано: 2026-09-16T12:24:11+05:00

Обновлено: 2026-09-16T12:24:14+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Әлемдік жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/aelemdik-zhangalyqtar/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/)

Метки: [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-16-ghylymgha-boelingen-260-milliard-investiciya-ma-aelde-shyghyn-ba/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.