---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-21-aqbala-hh-ghasyrdyng-terezesinen-hhi-ghasyrgha-qalaj-oetti/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Ақбала ХХ ғасырдың терезесінен ХХІ ғасырға қалай өтті

![Ақбала ХХ ғасырдың терезесінен ХХІ ғасырға қалай өтті](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/09/gatob-im-abaya.jpg)

Абай атындағы театр 93-маусымын «Ақбала» балетімен ашты, екі күн қатарынан зал лық толы болды.

[![Фото: Sputnik / Серикжан Ковланбаев](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/09/gatob-im-abaya-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/09/gatob-im-abaya.jpg)Фото: Sputnik / Серикжан Ковланбаев

Бұған дейін қазақ сахнасында қимылымен сөйлеген бір ғана әйел бар еді, ол – Әуезовтің Қаракөзі. Қаракөз айқай еді, жалын еді, сондықтан ол сахнада өртеніп өлетін. Ал енді сахнаға екінші әйел келді, ол – Нұрпейісовтің Ақбаласы. Егер Қаракөз жалын болса, Ақбала шоқ, егер Қаракөз айқай болса, Ақбала шыдам. Сол себепті Қаракөз сахнада өлсе, Ақбала сахнада өмір сүрді.ХХ ғасырда ол 30% ғана ашылған еді. Романда Ақбала көлеңкедегі қыз болып қалады, өйткені ол көп сөйлемейді. Ол Тәңірбергенді сүйсе де, әкесінің сөзіне қарсы келмей, Еламанға тұрмысқа шығады, сосын бала-шағамен жалғыз қалады. Ол кезде әр ауылда сондай келін бар еді, сондықтан Нұрпейісов оны әдейі терең ашпайды, сырттан ғана сызады.

ХХІ ғасырда ол 90% ашылды. Бұл жолы либретто авторы Шынар Омарова үш томды екі сағаттық әйел драмасына айналдырса, қоюшы хореограф Аршак Галумян сахнаға біз үшін жаңашыл, Еуропа үшін классикаға жақын қимыл әкелді. Ал композитор Аружан Октябрь оған бұрын болмаған үн берді.Осылайша Ақбала үш жаңалықпен ашылды.

Біріншіден, қимылымен ашылды. Романда «Ақбала тұрды» деп бір-ақ ауыз сөзбен жазылады, ал сахнада Милана Рахымбекова сол бір сөзді ғұмырға айналдырды. Ол секірмейді, жүгірмейді, тек табалдырықта жолға қарап тұрады. Бірақ сол бес минуттық үнсіз тұрыстың ішінде жиырма жыл өтіп кетеді, өйткені ол аяғымен емес, жүрегімен билейді.

Екіншіден, сазымен ашылды. Дауылдай гуілдеген оркестр кенеттен өшеді, скрипка да, керней де тоқтайды, ортада жалғыз қылқобыз ғана қалады. Сол сәтте түсінесің, бұл аспап емес, бұл Ақбаланың ішіндегі айтылмаған монолог екен. Осы жерде зал жылады.

Үшіншіден, таңдауымен ашылды.

## Бұрынғы Ақбала тағдырға көнген қыз болса, жаңа Ақбала таңдаған әйелге айналды.

Енді оның Еламанды күтуі қорқыныштан емес, адалдықтан, ал Тәңірбергеннен кетуі тәкаппарлықтан емес, ардан болып шықты. Сондықтан көрермен өз шежіресін тапты. Бұрын оқырман кітапты жауып жатып «біздің ауылда осындай келін бар» дейтін, ал қазір көрермен залдан «бұл менің әжем, менің анам екен» деп шықты. Өйткені бөтеннің мұңы өз қанына айналды.

Оған қоса, көрермен заманауи тілді тапты. Сахнада арзан жылтырақ жоқ, тек боз түс, бос кеңістік және тірі хор ғана бар, соның өзінде итальян суретшісі Элеонора Перонетти сол аз ғана затпен бүкіл Аралды сыйғызып жіберген. Ақырында, сахнада теңіз жоқ, су жоқ, тек боз шаң ғана тұр. Бірақ сол шаңға қарап отырған әр адам өз теңізін, өз ауылын, өз жастығын жоқтап жылады.

---

Опубликовано: 2026-09-21T06:18:48+05:00

Обновлено: 2026-09-21T06:18:50+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-21-aqbala-hh-ghasyrdyng-terezesinen-hhi-ghasyrgha-qalaj-oetti/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.