---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-21-aqsha-bar-bereke-zhoq-trilliondar-qajda-ketip-zhatyr/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Ақша бар, береке жоқ: триллиондар қайда кетіп жатыр?

![График, инвестиции, инвестиций](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/11/investiczii-v-osnovnoj-kapital-kazahstana-vyrosli-za-god-na-13_bizmedia-kz_.jpg)

Елімізде ақша жоқ емес, ақша бар. Бірақ сол ақша ел игілігіне толық жарамай отыр. Соңғы күндері жарияланған екі түрлі дерек осыны анық көрсетіп берді.

[![Фото: Fotolia / sdecoret](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/11/investiczii-v-osnovnoj-kapital-kazahstana-vyrosli-za-god-na-13_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/11/investiczii-v-osnovnoj-kapital-kazahstana-vyrosli-za-god-na-13_bizmedia-kz_.jpg)Фото: Fotolia / sdecoret

Бірінші әңгіме – инвестиция туралы.Биыл сегіз айда еліміздің негізгі капиталына 11,5 триллион теңге салынды. Аз ақша емес. Бірақ оның қайдан келгеніне үңілсек, ойланатын жайт көп.

Осы 11,5 триллионның 63 пайызын ірі кәсіпорындар өз қалтасынан салған. 23 пайызын бюджет берген. Ал бүкіл банк жүйесі қосылып, небәрі 3,5 пайыз ғана қаржыландырған.Бұл нені білдіреді? Бізде банк деген аты бар да, заты жоқ болып тұр. Қалыпты елде банк халықтың жиған-тергенін алып, кәсіпкерге несие етіп береді. Кәсіпкер завод салады, жұмыс орны ашылады. Бізде бұл көпір жоқ. Банктер ұсақ-түйек несие бергенді жөн көреді, үлкен өндіріске келгенде "тәуекелі көп" деп қашады.Содан не болады? Ақшасы бар алпауыттар ғана өседі. Мұнай компаниясы, ірі холдинг өз ақшасына дамиды. Ал ауылда шағын цех ашамын, жиһаз жасаймын деген азаматқа несие жоқ. Капитал бір шеңбердің ішінде ғана айналып жүр.

Халықаралық сарапшылар осыны "бөлу проблемасы" деп отыр.

Елде Ұлттық қорда 102 миллиард доллар жатыр. Зейнетақы қорында триллиондар жатыр. Ақша жоқ емес. Мәселе – сол ақшаны завод салатын адамға жеткізе алмауда.Салып жатқан ақшамыздың өзі қайда кетіп жатыр? 19 пайызы – жылжымайтын мүлікке, 18 пайызы – көлік пен қоймаға. Ал ертеңгі күніміз – IT саласына 1,6 пайыз, ғылымға 0,3 пайыз ғана барады. Яғни болашаққа емес, бүгінгі барымызды ғана жаңартып жатырмыз.Қарапайым есеп бар.

Дамыған ел 3 теңге салып, 1 теңге өсім алады. Біз 6-7 теңге салып, 1 теңге өсім аламыз.

Яғни екі есе көп шашып, екі есе аз өсеміз. Себебі ақша дұрыс жерге бармайды.Екінші әңгіме – доллар туралы. 2014 жылдан бері мемлекет "халық теңге ұстасын" деген саясат ұстанды. Ол үшін долларға аз пайыз берді. Бүгін теңге салымға 14,7 пайыз берсе, долларға небәрі 0,9 пайыз береді.Саясат жемісін берді. 2015 жылы халықтың 80 пайыз ақшасы долларда болса, қазір 80 пайызы теңгеде.

## Бірақ екінші жағы шықты

Адамдар "жылына 90 доллар үшін банкке не апарамын, үйде жата берсін" деп, долларын қолма-қол ұстай бастады. Алтын алды, шетелдің акциясын алды. Доллар банк жүйесінен тыс кетті.Енді Ұлттық банк қазан айынан бастап долларға да көбірек пайыз беруге рұқсат бермекші. Бұрын 0,9 пайыз болса, енді 2-3 пайызға дейін көтерілуі мүмкін.Бұл нені білдіреді?

## Қарапайым тілмен түсіндірейік

Сізде 10 мың доллар бар делік. Бұл – 5 миллион 400 мың теңге.Бұрын банкке салсаңыз, жылына 90 доллар, яғни 48 мың теңге алатын едіңіз. Енді 3 пайыз берсе, жылына 300 доллар, яғни 162 мың теңге аласыз.Ал сол 5 миллион 400 мыңды теңгемен салсаңыз, жылына 793 мың теңге аласыз. Яғни теңге әлі де бес есе тиімді. Доллармен байымайсыз.

Доллар – табыс табатын құрал емес, сақтандыру. Көліктегі қауіпсіздік жастығы сияқты. Апат болғанда ғана құтқарады. Ал банк сізге беретін 3 пайыз қайдан келеді? Банк сіздің долларыңызды Қазақстанда жатқызбайды. Ол бірден Америкаға апарып, сол жақтың мемлекетіне қарызға береді. Қазір Америка өзі 4,5 пайыз төлеп отыр. Банк сізден 3 пайызға алып, Америкаға 4,5 пайызға беріп, ортадан 1,5 пайыз пайда көреді.

Бұрын банк осыдан 3,6 пайыз пайда көретін, енді соның бір бөлігін сізбен бөліспекші.

## Түйін не?

Екі әңгіменің түйіні бір.Елде ақша бар. Ұлттық қорда бар, банкте бар, халықтың жастығының астында да бар. Жоқ нәрсе – сол ақшаны елдің ертеңіне, заводқа, технологияға бұратын тетік. Егер Ұлттық қор мен банктегі ақшаны кәсіпкерге жеткізетін көпір салмасақ, біз жыл сайын "11 триллион салдық" деп есеп бергенімізбен, экономика сол баяғы қалпында қала береді.

---

Опубликовано: 2026-09-21T13:08:02+05:00

Обновлено: 2026-09-21T13:08:04+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Aқша](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/aqsha/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстанның қаржылық жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstannyng-qarzhylyq-zhangalyqtary/), [Маңызды](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-21-aqsha-bar-bereke-zhoq-trilliondar-qajda-ketip-zhatyr/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.