---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-26-on-toert-sarbaz-on-toert-qaraly-uej-estirtw-hattama-emes-maedeniet/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Он төрт сарбаз, он төрт қаралы үй: ЕСТІРТУ – ХАТТАМА ЕМЕС, МӘДЕНИЕТ

![Военные стоят в ряд](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/voennye-izbili-grazhdanskih-v-otare_bizmedia.kz_.jpg)

Он төрт сарбаз, он төрт қаралы үй. Бірақ жұрттың жанын ауыртып тұрған өлімнің өзі емес, сол өлімді естіртудің түрі болды.Осы жараның бетін журналист Айжан Көшкенова ашып берді. 

[![Фото: nikitabuida / Freepik](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/voennye-izbili-grazhdanskih-v-otare_bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/voennye-izbili-grazhdanskih-v-otare_bizmedia.kz_.jpg)Фото: nikitabuida / Freepik

Ол әлеуметтік желіде тараған бір видеоны көрсете отырып: «Сарбаздар қазасын мәйітте туған-туыстарына естірту сәтін көрсеткен видеоға селт етпеген ешкім жоқ шығар» деп жазды. 

**Ол видеода не бар? **

Екі ортада – темір қақпа. Бер жағында қолы дірілдеп тізім оқып тұрған жап-жас жауынгер тұр. Ал ар жағында темір қақпаны ұрғылап, аласұрған әке мен зар илеген ана тұр. Қарасаң, екеуі бір елдің адамы емес, екі бөлек дүниенің адамы сияқты. Айжанның дәл тауып айтқаны – осы.Осы қақпаның ар жағындағы әкелердің бірінің айтуынша, қайғылы хабарды әскери бөлімненемес, интернеттен білген. Баласы тірі ме, өлі ме – бейхабар күйде телефон шарлап отырған. 

**Бұл – өлімнен де ауыр жаза.**

Осы жерден Айжан көтерген заңды сұрақ туады: сонда қаралы хабарды естіртудің еш хаттамасы жоқ па? Мұны кәсіби түрде айтатын адамдар керек емес пе?Әлемде – қатал хаттама бар.Айжанның өзі жазғандай, дамыған елде қаралы хабарды кез келген адам айта бермейді. Оның арнайы институты бар. 

Америкада, Ұлыбританияда оны CNO дейді – Casualty Notification Officer, яғни қаралы хабарды жеткізетін офицер.Ол қалай жұмыс істейді? Сарбаз қаза болса, бірден үш адамнан топ құрылады. Бірі – аға офицер, бірі – дін қызметкері немесе психолог, бірі – дәрігер. Олар телефон соқпайды. Қайда болсаң да, есігіңді қағып, үйіңе өзі келеді. Түн болса да, ауыл алыс болса да келеді.Одан кейінгі тәртіп одан да қатал. Отбасы толық естімейінше, марқұмның аты-жөнін ешбір арнаға бермейді. Бұл – заң. 

**Пентагонда 24 сағаттық тыйым бар**

Би-би-си де, Си-эн-эн де отбасы естімейінше бірде-бір ат жазбайды. Айжан айтқандай, отбасылары толық хабар алғанша қаза болғандар БАҚ-та жарияланбайды.Ал естірткен соң офицер кетіп қалмайды. Ол сол отбасына бекітіліп қалады. Жерлеу, қағаз, зейнетақы, тергеу – бәріне айлап жауап береді. Отбасы бөлімді жағаламайды, бөлім отбасын жағалайды.Неге бұлай? Өйткені олар бір ақиқатты біледі: адамды оқ бір рет өлтіреді, ал дұрыс жеткізілмеген хабар екі рет өлтіреді.

**Ал бізде ше? **

Бізде – хаттама жоқ.Бізде қағаз жүзінде нұсқаулық бар, бірақ өмірде хаттама жоқ. Сол себепті хабарды көбіне кезекші телефонмен айтады. Кейде қатарлас сарбаз айтады. Кейде, жоғарыдағы әке сияқты, ата-анасы Телеграмнан көріп отырады.Ал содан кейін не болады? Содан кейін сапқа тұрғызып, тізім оқу басталады. Бұл – 1941 жылдың әдісі. Адамды емес, тізімдегі нөмірді жоғалтқандай қарым-қатынас. Бұл – адамсыздандырудың ең үлкен түрі.Мұндайда Айжан дұрыс еске салғандай, еріксіз қазақтың өз дәстүрі ойға оралады.Қазақта – одан да биік өнеге болған.Бізде қаралы хабарды жас айтпаған. Оны ақсақал айтқан, би айтқан, жырау айтқан. Төтесінен айтпаған, сөзбен жұмсартып айтқан. Оның аты – естірту.Қетбұға Жошының өлімін Шыңғыс ханға домбырамен естірткен. «Ақсақ құлан» күйін тартқан. Сөзбен емес, күймен жылатқан. Өйткені қаралы хабарды жеткізу – өнер, батырлық. Кез келгеннің қолынан келмейді. Пентагонда ғана емес, қазақтың өзінде естірту деген дәстүр бар емес пе, деп Айжан тегін айтып отырған жоқ.Ал біз бүгін не істедік? Сол киелі естіртуді 19 жастағы баланың қолына беріп қойдық. Қолы дірілдеген баланы ортаға шығарып, «берілме» деп су бүркеміз. Бұл – ол баланы да жарақаттау, ананы да жарақаттау.Сондықтан да темір қақпаның екі жағы екі бөлек әлем болып тұр.

**Енді не істеу керек?**

Айжанның жазбасының соңындағы түйін өте дұрыс: қазір отбасыларға миллиондап қаржы аударылып жатыр. Бұл – дұрыс, қажет. Бірақ ақша ананың жарасын жаза ма? Он төрт баланың орнын толтыра ма? Жоқ.Ақшадан бұрын жүйе керек. Бір реттік көмектен бұрын, ашық тергеу мен жүйелі өзгеріс керек.Біріншіден, естірту офицері керек. Қорғаныс министрлігінде арнайы дайындалған, психологпен бірге жүретін офицерлер институты болуы керек.

Екіншіден, жариялауға тыйым керек. Отбасы естімейінше, бірде-бір ат, бірде-бір тізім баспасөзге шықпауы керек. Марқұм болған әскериді туыстарына естірткенше БАҚ-та жариялаудың қажеті жоқ.Үшіншіден, жанашыр керек. Әр отбасына бір офицер бекітілуі керек. Ол жерлеу біткен соң жоғалып кетпейді. «Балам неден өлді, тергеу қалай болып жатыр, енді басқа бала өлмес үшін не істедіңдер?» деген сұраққа жауапты сол әкелуі керек.Мемлекеттің кім екені отан қорғаушысын қалай жерлейтінінен, қалай естіртетінінен көрінеді. Темір қақпаның екі жағын бір қоғам ете алмасақ, он төрт баланың қазасынан сабақ алдық деп айта алмаймыз.Естірту – хаттама емес, мәдениет. Ал мәдениеті жоқ жерде тәртіп болмайды.

---

Опубликовано: 2026-09-26T13:12:48+05:00

Обновлено: 2026-09-26T13:12:50+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-26-on-toert-sarbaz-on-toert-qaraly-uej-estirtw-hattama-emes-maedeniet/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.