---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-28-alty-koeshe-daemge-tolsa-biznes-toya-ma/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Алты көше дәмге толса, бизнес тоя ма?

![Эксперты обнаружили опасное количество сахара в десертах из ресторанов и кафе](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/11/eksperty-obnaruzhili-opasnoe-kolichestvo-sahara-v-desertah-iz-restoranov-i-kafe-bizmedia.kz_.jpg)

Алматыда алты көшені гастрокөшеге айналдыру басталды. Қағазда – бәрі әдемі: жаяу жүргіншіге жайлы, террасасы бар, туристі тартатын көше. Ал көшеде кәсіп істеп отырған адамға ше? Бұл – мүмкіндік пе, әлде жаңа шығын ба? Әкімдік не дейді, бизнес не ойлайды?

[![Фото: Unsplash](https://bizmedia.kz/app/uploads/2023/11/eksperty-obnaruzhili-opasnoe-kolichestvo-sahara-v-desertah-iz-restoranov-i-kafe-bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/11/eksperty-obnaruzhili-opasnoe-kolichestvo-sahara-v-desertah-iz-restoranov-i-kafe-bizmedia.kz_.jpg)Фото: Unsplash

Әкімдіктің логикасы түсінікті. Панфилов жаяу көше болғанда қала ұтты. Енді сол тәжірибені алты көшеге көшірмек. Қала жолды, жарықты, тротуарды өзі жасайды, ал кәсіпкерге "кел, дәмхана аш, 6 пайызбен ақша береміз" дейді

## Бірақ кәсіпкердің есебі басқаша

 Байсейітова мен Құрманғазыда қазірдің өзінде жалдау – шаршы метріне 15-20 мың теңге. "Гастрокөше" деген атақ жабысса, қожайын ертең 25-30 мың сұрауы мүмкін. Осыдан кейін шағын дүкен, тігінхана, кітап дүкені шыдай ма? Бұл – джентрификация. Әлемде барлық гастрокластер осыдан өтеді. Алдымен жергілікті шағын бизнес ығысады, орнына ірі мейрамхана желісі келеді. Нәтижесінде көше тірі емес, біркелкі, қымбат болып шығады.Ақша шынымен жеңіл ме?ӘКК ұсынған 6 пайыз – қағазда арзан. Бірақ Almaty Finance-тен 1 миллиардқа дейін алу үшін кепіл, жоба, бизнес-жоспар керек. Шағын кофехана иесіне бұл – ауыр.Ал кепілсіз 6,5 миллион – террасаға жетпейді. Бір жақсы желдеткіштің өзі 5-7 миллион тұрады. Сондықтан бұл ақша – жаңадан бастағанға емес, қалтасы қалың, екінші, үшінші нүктесін ашамын деген желіге тиімді.

## Тұрақсыз көше – клиентсіз көше ме?

Бұл – ең әлсіз тұс. Жоба бойынша Масанчиде тұрақ алынып, веложол салынады. Сәтпаевтың бір бөлігінде тұрақ толық жойылады. Әкімдік "жаяу клиент келеді" дейді. Бірақ Алматының шындығы – адам көлікпен жүреді. Әсіресе отбасымен тамақтануға баратын клиент. Тұрақ болмаса, ол Сәтпаевқа емес, "Достық Плазаға" кетеді. Онда тұрақ тегін, жылы.Байсейітова, Құрманғазы сияқты көшеде жаяу ағын бар. Ал Сәтпаев – ені 4 жолақты магистраль. Оны жаяу жүргіншіге айналдыру – оңай емес. Біржақты жол, автобус жолағы – жеткізу көлігін, таксиді қайда қоямыз деген сұрақ ашық тұр.

## Алматыға бұл не береді? Мұнда екі жол бар

**Оң сценарий:** ****

Егер көшеде қымбат мейрамхана ғана емес, арзан стрит-фуд, қазақы дәм – бауырсақ, қуырдақ, шұбат сататын орын болса, туриске қызық. Турист қазір Алматыда 1,5 күн ғана қалады. Тауға шығып, түсіп қайтады. Кешке баратын жері жоқ. Гастрокөше сол олқылықты толтырады. Турист ұзақ қалса – қонақүй, такси, гид – бәрі ұтады.

**Теріс сценарий:** ****

Егер бәрі бірдей – бір кофехана, бір бургер болса, жергілікті тұрғын бармайды. Ал жергілікті бармаған жерге турист те бармайды. Нәтижесінде жазда бос терраса, қыста жабық есік. Түйін – бизнес үшін: Бұл жоба – әкімдіктің сыйы емес, бәсеке. Орнын сақтағысы келген шағын бизнес – қазірден ӘКК-мен келісіп, террасаға орын алуы керек. Ертең орын қалмайды. Дәмхана ашамын деген кәсіпкер – жалдау шартын ұзақ мерзімге, теңгемен бекітіп алуы керек. Әйтпесе атағы шыққан соң баға өседі. Барлық кәсіпке ортақ ескерту – көлікке емес, жаяу адамға жұмыс істеу керек. Тұрақ болмайды. Демек, жеткізу, алып кету, жаяу клиент – басты бағыт. Алматы алманың қаласынан дәмнің қаласына айнала ала ма? Иә, егер бұл жобада әкімдіктің есебі емес, көшеде отырған кәсіпкердің шығыны ескерілсе.

---

Опубликовано: 2026-09-28T10:56:11+05:00

Обновлено: 2026-09-28T10:56:14+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Алматы жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/almaty-zhangalyqtary/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-28-alty-koeshe-daemge-tolsa-biznes-toya-ma/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.