---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-28-qalta-koetermejtin-tazalau-uekimetting-sheshimi-ayudyng-yqylasy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қалта көтермейтін «тазалау»: үкіметтің шешімі &#8212; аюдың ықыласы

![Почти 235 тысяч новых автомобилей купили казахстанцы за год](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/01/pochti-235-tysyach-novyh-avtomobilej-kupili-kazahstanczy-za-god_bizmedia-kz_.jpg)

Үкімет бұл жолы бәрін тазаламақшы. Ескі көлікті тазалайды, ескі жәрдемақыны тазалайды, ескі тәртіпті тазалайды. Ниеті – тамаша. Тек сол тазалаудың шаңы бәрі халықтың бетіне барып жатыр. Орыс айтпақшы, «медвежья услуга» емес пе бұл? Аю аңдығанда адамды құшақтап, қабырғасын сындырып алатын көмегі.

[![Фото: РИА Новости / Илья Наймушин](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/01/pochti-235-tysyach-novyh-avtomobilej-kupili-kazahstanczy-za-god_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/01/pochti-235-tysyach-novyh-avtomobilej-kupili-kazahstanczy-za-god_bizmedia-kz_.jpg)Фото: РИА Новости / Илья Наймушин

Ендеше сол «көмекті» басынан бастап таратайық.

26 қыркүйектен бастап бес жылдан асқан көлікке есік жабылды. Бұрын шетелден, әсіресе Одақ елдерінен он көлікті айдап келіп, он адамның атына тіркей беретін делдалдар бар еді. Енді жоқ. Жылына бір көлік, әкелген адам ғана тіркейді, жасы бес жылдан аспауы керек, электронды төлқұжатқа «аяқталмаған» деген мөр басылады. Үкіметтің логикасы түсінікті: көшеде ескі көлік жүрмесін, экология бұзылмасын, өз өндірісіміз дамысын.

Логика дұрыс. Тек бір сұрақ бар: өз өндірісіміз деген не? Осы жерден екінші перде ашылады. Өйткені «өз өндірісіміз» дегеннің өзі – үлкен калька. Кальканы ашайық: «Қазақстанда жасалған» деген – бұрап қосқан. Біздегі салондағы «жаңа көлік» зауытта жасалмайды, құрастырылады. Шанағы, моторы, қорабы дайын күйінде қораппен келеді. Мұнда төрт болтты бұрап, дөңгелегін кигізіп, «Made in Kazakhstan» деген жапсырма жабыстырады. Аты – ірі торапты құрастыру.

Ал жұрт аңсап жүрген 7 жылдық корей мен жапон көлігі – зауыттан шыққан.

 Конвейерден шыққан. Сыналған. Тот баспайтындай өңделген.Сондықтан халық «сендердің жаңаларыңнан гөрі, олардың ескісі артық» дейді. Бұл – талғамның азғындығы емес, сапаның шындығы. Ал енді сол шындықты қалта көтере ме, соны есептейік. Өйткені шектеу қою оңай, бағасын түсіру қиын.

## Бес жылдық көлік қалай екі есе қымбат болады?

Кореядан 2021 жылғы, 2.0 моторлы көлік. Аукционда – 8 000 доллар, жолымен, делдалымен – 5 млн теңге. Арзан сияқты, иә? Енді шекарадан өткендегі «тазалауды» көріңіз.

Алдымен кеден құшақ жая қарсы алады. Жеке адамға арналған жеңілдікпен – көлік құнының 48 пайызы. Біздің көлікте – 3 840 доллар. Оның үстіне ҚҚС – 16 пайыз, тағы 1 894 доллар. Тек кеденнің өзі – 3 млн теңге. Көліктің жартысынан көбі.Бірақ бұл – басы ғана. Енді кәде алымы мен алғашқы тіркеуді де кеденде бірден төлейсіз. Кассадан шықпай жатып.

Кәде алымы – 756 мың,  алғашқы тіркеу,  3 жастан асқанға – 2 млн 162 мың, құжат-қалақ – тағы 200 мың.

## Сонымен, 5 млн теңгелік көлік нөмір таққанша 11,1 млн болады

 Өсім – 122 пайыз.Үкімет «ескі көлік әкелме, жаңа көлік мін» дейді. Жаңа көлік салонда – 14-16 млн. Айырмасы – 3 млн. Бірақ бірі – зауыт, бірі – бұрау. Халық қайсысын таңдайды? Әрине, зауытты. Осы жерден көлік тақырыбы экономика тақырыбына жалғанады. Өйткені көлік қымбат емес, табыс аз. Өсім қағазда, тоқырау қалтада Үкімет экономика өсті дейді. Иә, өсті. Мұнай өсті, кен өсті, ірі кәсіпорынның есебі өсті. Бірақ халықтың табысы өсті ме? Жоқ. Оның ең ащы дәлелі – ең төменгі жалақы. Үшінші жыл қатарынан 85 000 теңге. Нан 2 есе қымбаттады, жал 3 есе қымбаттады, ал еден – сол қалпында.

Жалақы өспеген жерде көлік қалай жаңарады? Жаңармайды. Сондықтан жұрт 7 жылдық көлікке қарайды. Ал енді осы «тазалау» әлеуметтік салаға қалай жетті, соны көрейік. Көліктен де сорақысы сонда.

## Екіге бөлінген күнкөріс: біреуге жаңа, біреуге ескі

Бюджет жобасының 8-бабында күнкөріс деңгейі 50 851-ден 55 173 теңгеге өседі деп жазылған. Сүйінші жаңалық сияқты.Бірақ 11-бапқа келгенде сүйінші су сепкендей болады. Онда былай дейді: мүгедектігіне байланысты және асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы жаңа күнкөріспен емес, ескі 50 851 теңгемен есептеледі. Яғни бір елде екі күнкөріс. Біреулерге – 55 173, ең қорғансызға – 50 851. 

Үкіметтің түсіндірмесі дайын: жәрдемақы – асыраушы емес, тірегі ғана болуы керек, адамды жәрдемақыға үйретпей, жұмысқа үйрету керек, сондықтан ақшаны «Мансап орталықтарына» саламыз дейді. Әдемі естіледі. Тек бір саңылау бар: жерлеуге ақша алатын адамды қайда жұмысқа орналастырасыз? Жетім баланы қай мансап асырайды? Дүкенде нанның бағасы мүгедекке арзан ба? Бұл – үнемдеу емес, сұрыптау. Дауы жоқтың аузын жабу. Дәл солай АЕК-те де: балалы отбасы, кенші, жерлеу – бәрі ескі 4 325 теңгемен қалады. Үкімет шынымен нарықты тазалаймын деді, бірақ тазалауды ең әлсізден бастады.Ал басқа елде ше? Бес жылдық шектеу – біз ойлап тапқан жаңалық емес. Түрікменстан – 5 жылдан асқан көлікті кіргізбейді. Алжир, Марокко – 3-5 жыл. Кения – 8 жыл еді, енді 5 жылға түсіріп жатыр. Біріккен Әмірліктер – 5 жыл. Бірақ айырмашылық бар.

Ол елдерде жаңа көлікке несие 3-4 пайыз, бізде 20 пайыздан жоғары. Ол елдерде ең төменгі жалақы жыл сайын өседі, бізде үш жылдан бері 85 мың. Шектеу бәрінде бар. Бірақ шектеуден бұрын баламасы бар. Қорытынды: Аю құшақтады ма? Иә, үкімет бұл жолы нарықты тазалаймын деп, аюдың көмегін көрсетіп отыр. Көлікті тазалаймын деп – бағасын екі есе өсірді.

Жәрдемақыны тазалаймын деп – ең әлсізді ескі бағамен қалдырды.

Делдалды тазалаймын деп – халықтың арзан көлікке жетер жалғыз жолын жапты. Тазалау жаман емес. Бірақ тазалау деген – ескінің орнына жаңасын, арзанын, қолжетімдісін беру. Ал ескісін алып тастап, орнына қымбатын ұсыну – тазалау емес, қымбаттату. Егер 5 жылдық шектеумен бірге кедендегі 48 пайыз, 2,1 млн-дық тіркеу, 756 мыңдық кәде сол күйінде қалса, бұл реформа емес, ресми қымбатшылық болады.Халық жаңа көлікке отыруы үшін алдымен жаңа жалақы керек. Ал ол үш жылдан бері 85 000 теңгеде қатып тұр.

---

Опубликовано: 2026-09-28T11:46:12+05:00

Обновлено: 2026-09-28T11:46:15+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-28-qalta-koetermejtin-tazalau-uekimetting-sheshimi-ayudyng-yqylasy/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.