---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-28-toerdegi-erkelik-soezden-sueringen-kim/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Төрдегі еркелік: Сөзден сүрінген кім?

![Закон](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/04/front-view-blurry-lawyer-working-edited.jpg)

Біз өнерді қашан да төрге отырғыздық. Себебі өнер – айна. Халық сол айнадан өз бейнесін көреді. Ал соңғы айда сол айнада өзімізді емес, өзіміз еркелетіп алған біреуді көріп тұрғандаймыз. Осыдан келіп сұрақ туады: өнер адамына бәрі неге кешіріледі?

[![Иллюстрация: ИИ / Freepik.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/04/front-view-blurry-lawyer-working-edited-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/04/front-view-blurry-lawyer-working-edited.jpg)Иллюстрация: ИИ / Freepik.com

Бұл сұраққа жауап іздеу үшін алдымен болған екі оқиғаға тоқталайық. Себебі даудың тамыры – деректе жатыр.Бірі – экрандағы дау. Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыген сот үкімімен 2 жыл 3 айға кесілді. Осыдан кейін танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова: "Кісі өлтіріп, қыз зорлап жатқан жоқ. Артында ата-анасы, бала-шағасы бар, жазасын жеңілдетсе" деп араша сұрады. Осыдан ойыса кетсек, екінші оқиға – жыр сахнасындағы дау. Маңғыстаудың Шайыр ауылындағы айтыста сөзі сүрінген ақын Мақсат Ақанов айтыстан 6 айға шеттетілді. Бірақ араға күн салмай әлеуметтік желіде ақынның тойда домбырамен жүрген видеосы тарады. Сырттай қарасаң, екеуі екі бөлек – бірі сот, бірі айтыс.

Ал ішіне үңілсең, бір дерт – жаза бар, бірақ салмағы жоқ.

Тиым бар, бірақ тасада қолпаштау бар. Ендеше бұл жаза кімді түзейді? Ақынды ма, әлде көпшіліктің ашуын ба? Осы жерден екінші сұраққа – иммунитетке көшеміз. Бұл иммунитетті кім берді? Тарихқа қарасақ, қазақ өнерпазды қашан да сыйлаған, бірақ ешқашан жазадан жоғары қоймаған. Бұрын жырау ханға тік қарап шындықты айтқан, бірақ шындығы үшін басын бәйгеге тіккен. Сүйінбай мен Жамбыл айтыста сөзбен жыққан, балағатпен емес. Өйткені оларда жауапкершілік болған.Ал қазіргі иммунитетті біз өзіміз жасап алдық.

## Қалай?

Үш жолмен.Біріншіден, көрермен ретінде. Даулы адамның қаралымы көп, тойы қымбат. "Өсек болса да, өнері бар ғой" деп өзіміз шақырып, бағасын өсіріп отырмыз

Екіншіден, әріптес ретінде. "Артында бала-шағасы бар" деген жанашырлық – қазақы мейірім. Бірақ мейірім әділеттен биік тұрса, ертең әділетті кім қорғайды? Жәбірленушінің артында да ата-ана бар.

Үшіншіден, нарық ретінде. Қазір өнер – өнім, өнімді өткізу үшін хайп керек. Әдепті сөз өтпейді, әдепсіз қылық өтеді. Сондықтан кейбіреулер әдейі шекара бұзады. Себебі шекара бұзу – тегін жарнама. Осы жерден үшінші түйінге – ұят мәселесіне жалғанамыз. Иммунитет көбейген жерде ұят азаяды емес пе?Қазір "ұят ескірді, бұл – еркіндік" деген сөз жиі айтылады. Шынайылық деген желеумен әдепсіздікті ақтау көбейді.

## Бірақ қазақта ұят – тыйым емес, теңдік еді

 Ұят – адамның өз-өзіне қоятын шекарасы. Еркіндік деген – "бәрін айта беремін" деген емес, "нені айтпау керектігін білу". Егер үлкен буын кішінің балағат сөзін "жастығы ғой" деп жаба салса, бұл – кеңдік емес, тәрбиесіздік. Шекара бұзған адамды "батыр" десек, ертең шекара деген ұғым қалмайды.Ал осының бәрі келіп, той мәселесіне тіреледі.

## Той – жай ғана той емес, қазіргі қоғамның соты сияқты.

Заң жағынан айтсақ, Одақ ақынды тек өз айтысына жібермейді. Тойға тыйым сала алмайды, бұл – жеке кәсіп. Бірақ рухани жағынан қарасақ, жазаның салмағы осында өлшенеді. Бұрын ақын сүрінсе, ел бата бермей, тойға шақырмай қоятын. Бұл – үнсіз бойкот, ең ауыр жаза.Қазір керісінше болып тұр.

## Дау болған сайын баға өседі

Той иесі "даулы болса, жұрт қарайды" деп әдейі шақырады. Сөйтіп біз оң қолымызбен "айтысты тазалайық" деп Одақ құрып, сол қолымызбен сол ақынды төрге отырғызамыз. Бұл – өзімізді өзіміз жоққа шығару. Осыдан келіп соңғы сұраққа – солидарностьқа келеміз. Қоғамдық пікір мен заң қашан теңеседі?

## Біздегі солидарность әлі рушылдықтан аса алмай тұр

"Біздің жақтың баласы" болса – ақтаймыз, "бөтен" болса – қатаң жаза сұраймыз.Нағыз солидарность – "біздің бала" деп жабу емес, "біздің қатарда әдепсіздікке орын жоқ" деп айта алу. Ол үшін үш шарт бар: 

Бір – өлшем бір болсын. Заң әншіге де, шопанға да бірдей. Танымал адамның қатесі екі есе ауыр саналсын, өйткені оның бір сөзіне мың бала ереді. 

Екі – орта өзін тазаласын. Өнер адамдары бір-бірін ақтағанша, "бұл – біздің ортақ абыройымыз" дей алса, халық сенеді. 

Үш – көрермен таңдау жасасын. Тыңдамау, шақырмау, қаралым бермеу – ең әділ сот. 

Қорыта айтсақ, өнер – еркелететін бала емес, елді жетелейтін аға. Егер ағасы адасса, інісі қайда барады? Сахнада жарық көп, бірақ жарық көлеңкесіз болмайды. Біз бүгін жарықты емес, көлеңкені қолпаштап жүрсек, ертең сол көлеңкеде өзіміз қаламыз.

---

Опубликовано: 2026-09-28T11:18:56+05:00

Обновлено: 2026-09-28T11:18:59+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-28-toerdegi-erkelik-soezden-sueringen-kim/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.