---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-29-247-tenggege-tyghylghan-tapshylyq/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# 247 теңгеге тығылған тапшылық

![Тенге продолжает укрепляться по отношению к доллару](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/tenge-prodolzhaet-ukreplyatsya-po-otnosheniyu-k-dollaru_bizmedia-kz_.jpg)

Астанадағы – 247 теңге, Алматы – 245-255 теңге аралығы. Кеше ғана 249 болып тұрған баға 25-ші қыркүйекте 251-ге шыққан, енді Алматыда орташа 247-249-дың айналасында тұр.

[![Фото: unsplash.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/tenge-prodolzhaet-ukreplyatsya-po-otnosheniyu-k-dollaru_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/tenge-prodolzhaet-ukreplyatsya-po-otnosheniyu-k-dollaru_bizmedia-kz_.jpg)Фото: unsplash.com

Қағазда арзан. Бірақ осы 247 теңгенің ішіне не тығылып тұрғанын ашсаң, арзан емес, тапшылық шығады.Біз арзанды сақтап қаламыз деп үкіметті пышақтың жүзінде қалдырдық па? Жоқ. Пышақтың жүзінде тұрған – өзіміздің мұнай.

Мұнайшы бір тоннаны сыртқа 70-80 долларға сата алады, ал ішке 20-25 долларға беруге міндетті. Өзіндік құны 40 доллар тұратын дүниені жарты бағасына өткіз деген сөз. Былтыр күзде осы екі бағаның арасы тоннасына 100 мың теңгеден асып кетті. Әр тонна сайын мұнайшының қалтасынан 100 мың теңге кетеді. Осыны жабу үшін мұнайшы көтерме бағаны көтереді.

## Үкімет енді «көтерсең, өсімінің 95-ін маған бересің» деп отыр

Бұрын үстеме тең бөлінетін, енді көтерме 214 584 теңгеден асса, өсім түгелге жуық қазынаға кетеді. Бір жағынан қазынаны қорғау, екінші жағынан мұнайшыны шығынға батыру. Мұнайшыға ішкі базар шығын болса не болады? Ол мұнайын азайтады. Зауыт мұнайсыз қалады. Зауыт тоқтаса, біз жанармайды Ресейден удай қымбатқа сатып аламыз. Бұл – талай рет болған жайт. Қыр асып кеткен арзандық. Баға алшақ жерде қақпа ұстамайды. Бізде 247 теңге, қырдың ар жағында 330-350 теңге. Айырма 100 теңге болса, бұл алыпсатар үшін дайын олжа.Ұсталғанының өзі қорқынышты:

Жыл басынан бері 712 рет жасырын алып шығу әшкере болды. Шекарада 2400 рет тоқтатылды, 300 тонна тәркіленді. Бір ғана топ Қырғызға 190 мың тонна асырыпты, айналымы 37,2 млрд теңге. Түркістанда жер астынан 375 метр құбыр тартып, Өзбекке 420 тонна өткізіпті. Қосымша бак орнатқан 600 көлік табылды.Бұл – құрыққа түскені ғана. Сондықтан жолда 59 бекет тұр, «күніне бір рет өтесің» деген шектеу шықты, сыртқа жарты жыл тыйым салынды. Бірақ баға алшақ тұрғанда құбырды жер астынан да тартады. Осы 247 теңгенің ішінде не бар? Тікелей демеу жоқ, жанама демеу бар. Ішін ашсаң:

- 110 теңгесі – мұнайдың өзі, бірақ арзандатылған мұнай.
- 28 теңгесі – зауыттың еңбекақысы.
- 62 теңгесі – салық.

Егер мұнайды базар бағасымен есептесең, тек мұнайдың өзі 160 теңге болар еді. Сонда бензин 300 теңгеден асуы керек. Осы 50-60 теңге – әр литрде тығылып тұрған тапшылық. Жылына 6-7 млн тонна құятын ел үшін бұл – жүздеген миллиард теңге, оны мұнайшы мен қазына көтеріп отыр.Байділдинов не дейді? Сарапшы Олжас Байділдинов осының бәрін қосып, турасын айтты: «Арзан дәуір бітті. Бензин $1 болады». Неге?

- Бірінші – шикізат жоқ. Үкімет үш зауытты 17,5 млн-нан 28,8 млн тоннаға өсіріп, төртіншісін саламын дейді. Шымкент 6-дан 12-ге, Павлодар 6-дан 9-ға шығады. Бірақ қосымша мұнайды «киттерден» – Теңіз бен Қашағаннан алу керек. Олар 20 долларға бермейді.
- Екінші – құрылыс қымбат. Үш зауытты жаңартып, жаңасын салу 14-16 млрд доллар тұрады. Байділдиновтың есебі: осы қаржыны қайтару үшін АИ-92 литрі $1-ға таяуы керек. «Қазіргі бағамен бірде-бір зауыт өзін ешқашан ақтамайды, біз бұрынғысынша Ресейден сатып ала береміз», – дейді.
- Үшінші – жұртты алдамайық. «Министрлік жүргізушіге алдын ала айтсын, бензин $1 болады деп. Тіпті қарашада шығатын GTA VI ойынында да жанармай тегін емес, бекетке барып төлейсің, төлемесең көлігің тоқтайды».Оны премьер Бектенов те қостады: «Бізде бензин көршіден екі есе арзан болса, зауытқа қаржы құю тиімсіз. Бағаны босату – елдің қауіпсіздігі».

Қорытынды247 теңге – арзандықтың бағасы емес, тапшылықтың бағасы. Біз бір қолымызбен елге арзан құйып беріп, екінші қолымызбен сол арзанның қыр асып кетпеуі үшін шекараға күзет қойып отырмыз. Арзанды сақтап қаламыз деп жүргенде, қымбатты сатып алатын күнге өзіміз жеткізіп алдық. Арзан дәуір бітті дегені – бензин жоқ болады деген емес. Бензин өз бағасына келеді деген сөз.

---

Опубликовано: 2026-09-29T06:29:55+05:00

Обновлено: 2026-09-29T06:29:57+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-29-247-tenggege-tyghylghan-tapshylyq/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.