---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-30-qojdy-qymbatqa-sata-almaj-otyrmyz-ba-satqymyz-kelmej-me/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қойды қымбатқа сата алмай отырмыз ба, сатқымыз келмей ме?

![Мясо лежит с розмарином на прилавке](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/v-pavlodarskoj-oblasti-mozhno-kupit-myaso-po-qr-kodu_bizmedia.kz_.jpg)

Биыл Өзбекстан сырттан 18,9 мың тонна қой етін алса, соның 16,9 мыңы – біздікі. Дастархандағы он кесектің тоғызы – қазақтың қойы. Қалған елдер қосылып 2 мың тоннаға да жетпейді. Ал бағасы – жер мен көктей. Өзбекке килосын 2,56 долларға береміз, ал сол етті Кувейт 7,6 долларға, Сауд Арабиясы 7,5 долларға алады. Үш есе қымбат.

[![Фото: РИА Новости / Алексей Куденко](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/v-pavlodarskoj-oblasti-mozhno-kupit-myaso-po-qr-kodu_bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/v-pavlodarskoj-oblasti-mozhno-kupit-myaso-po-qr-kodu_bizmedia.kz_.jpg)Фото: РИА Новости / Алексей Куденко

## Неге біз үш есені емес, үштен бірін алып отырмыз?

Жауабы – етте емес, жолында.Өзбекке жол ашық. Ешкім келіп зауытыңды тінтпейді, шетелдің тексерушісі келмейді. Кеше сойсаң, бүгін Ташкентте. Үстіне өзбек үкіметі өзі жол ақысының жартысын көтеріп отыр – килосына 80 центке дейін.

БАӘ, Сауд, Катарға кіргің келсе, әр сойысханаңды жеке-жеке мақұлдатуың керек. Халал қағазы, рұқсат, тексеріс. Бізде ондай рұқсаты барлар – он-он бестен аспайды. Саудқа – 11 зауыт қана өткен, 2023-тен бері тізім жаңармаған. БАӘ-ге – 13, үшеуі қазір істемей тұр. Бұл – болжам емес, Сауд Арабиясының Азық-түлік басқармасының ресми тізімінде тұрған факт.

##  100 ҚОЙДЫҢ 94-І – ҰСАҚ ҚОЛДА. СОЛ ҮШІН ДЕЛДАЛ БАЙЫП ОТЫР

Ең басты себеп – осы.Мемлекеттік статистика бойынша, 2026 жылдың наурызында Қазақстандағы қойдың 41,5 пайызы – жұрттың ауласында, 52,1 пайызы – шаруа қожалықтарында. Ірі кәсіпорында – бар болғаны 6,4 пайыз ғана. Яғни 100 қойдың 94-і – ұсақ қолда. Ал ұсақ қол Шығанаққа шыға алмайды. Оның рұқсат қағазы жоқ, көлемі жоқ, жолы қымбат. 30-40 қойы бар ауылдағы ағай 20 тонна біркелкі ет сұраған арабқа не береді? Сөйтіп не болады? Малшы өз қойын аудандағы жинаушыға, делдалға өткізеді. Делдал оны қосып-қосып, үлкен партия қылып, ең оңай, ең талапсыз жолға – Өзбекстанға айдайды. Өйткені Өзбекстан малдың шежіресін, зауыттың қағазын сұрамайды. Фермер 2,5 долларға өткізеді, делдал шекарадан асырып пайдасын алады. Ал сол ет ары қарай үшінші елге 7 долларға кетуі мүмкін еді. Айырма – малшының қалтасына емес, делдалдың қалтасына түседі.

## **ҮКІМЕТ ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР?**

Мұнда сатқындық жоқ, салғырттық бар. Қой етіне тыйым салынған жоқ. Тек тірі қойға 120 мың бас деген шек бар. Етке – емін-еркін. Бірақ «94 пайыз қой ұсақ қолда, бұларды біріктіріп, кооператив қылып, қымбатқа өзіміз сатайық» деп басын қатырып отырған бір мекеме жоқ. Тәртібі солай: кәсіпкер өзі «ана елге сатқым келеді» деп сұранса ғана хат жазылады. Сұранбаса – ешкім іздемейді. Әркім өз арбасын сүйреп жүр. Мал дәрігері тек қағаз тексереді, рұқсатты шетел береді, ақшаны басқа министрлік үлестіреді.

«Жылына 500 мың тонна өндіре аламыз, 300 мыңын қымбатқа сатамыз» деп жоспар құрып отырған ешкім жоқ. Былтыр бар болғаны 34,6 мың тонна саттық – қолымыздан келетіннің оннан бірі ғана.Ішкі базарда қой еті аптасына 2,5 пайызға шарықтап, рекорд жаңартып жатқанда, сыртқа арзан кетіп жатыр. Сондықтан сұрақ ашық тұр: қойды қымбатқа сата алмай отырмыз ба, әлде сатқымыз келмей ме?

Мәселе – бажда емес, біріктіре алмауда.

---

Опубликовано: 2026-09-30T11:35:11+05:00

Обновлено: 2026-09-30T11:35:14+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-09-30-qojdy-qymbatqa-sata-almaj-otyrmyz-ba-satqymyz-kelmej-me/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.