---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-01-bankte-25-toerde-0-amerikada-5-dollar-qajda-ketti/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Банкте – 2,5, төрде – 0, Америкада – 5: доллар қайда кетті?

![Чистый спрос на доллары вырос в Казахстане](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/11/chistyj-spros-na-dollary-vyros-v-kazahstane_bizmedia-kz_.jpg)

Ұлттық Банк қазаннан бастап кәдімгі банктерге рұқсат берді. Енді олар халықтың долларлық салымына жылына екі жарым пайызға дейін өсім бере алады. Бұған дейін бір ғана пайыз еді.

[![Фото: РИА Новости / Владимир Трефилов](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/11/chistyj-spros-na-dollary-vyros-v-kazahstane_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/11/chistyj-spros-na-dollary-vyros-v-kazahstane_bizmedia-kz_.jpg)Фото: РИА Новости / Владимир Трефилов

Белгілі экономист Алмас Чукин мұны дұрыс бағыт, бірақ кеш қабылданған, толымсыз шешім дейді. Оның сөзі тура: матрастың астында нөл, біздің банкте екі жарым, Америкада бес.

## Доллар қайда тұрады деп ойлайсың?

Осы үш санның ішінде бүкіл сыр жатыр.Соңғы жылдары біз доллардың үлесін азайтуға күш салдық. Банктегі барлық салымның ішінде доллардың үлесі қырық пайыздан жиырмаға түсті. Қағаз жүзінде жеңіс, бірақ Чукин айтады, доллар жоғалған жоқ, қоныс ауыстырды. Банктегі есепшоттан шығып, бір бөлігі қолма-қол күйінде сандыққа кетті, бір бөлігі шетелдегі есепшотқа кетті.

##  Көзден таса, бақылаудан тыс, ел экономикасына пайдасы жоқ

Енді неге банктерге доллар керек емес дегенге келсек. Сен банкке мың доллар әкелдің дейік. Банк соның жүз елуін бірден Ұлттық Банкке апарып, қоржынға салады. Бұл – міндетті қор, ертең ел жаппай ақшасын сұрап келсе, банк құлап қалмасын деген жастық. Қолында сегіз жүз елуі ғана қалады. Сол сегіз жүз елуді де ол кез келген адамға қарызға бере алмайды. Заң қатаң. Жалақысы теңгемен адамға доллармен қарыз беруге болмайды. Бұл – бұрынғы валюталық ипотеканың кері.

Табысы теңгемен, қарызы доллармен адамдар бір түнде қарызға белшеден батқан. Сол сабақтан кейін тыйым салынған. Сөйтіп, банк мың доллар тартады, жүз елуін қатырады, қалғанын бере алмайды. Әрине, ол долларға жоғары өсім бергісі келмейді. Пайда әкелмейтін жүк. Чукин осы тыйымды сәл босаңсыту керек дейді. Нағыз мұнайшы ғана емес, мұнайшыға тамақ таситын, киім тігетін, тауар таситын кәсіп те жанама түрде доллар тауып отыр. Келісімшарты долларға байланған. Оларға доллармен қарыз берсе, банк те, кәсіп те ұтады, қарыздың өзі де арзандайды. Тағы бір тұсау бар.

## Кәсіпорын доллар сатып алса, оны он-он бес күнде жұмсауы керек, жұмсамаса, қайта сатуға міндетті

Мақсат – алыпсатарлықты азайту. Бірақ кері кеткені бар. Кәсіпкер "елге әкелсем, еркін ұстай алмаймын" деп ойласа, басынан шетелде қалдырады. Сөйтіп, ақша біздің емес, шетел банкінің қоржынын толтырады.

Сонымен, доллар құнсызданған жоқ. Ол АҚШ-та әлі бес пайыз пайда әкеледі. Ол тек біздің банк жүйесінің ішінде ғана арзандап қалды. Өйткені біз өзіміз оны пайдасыз етіп қойдық. Чукиннің түйіні бір ауыз сөз: долларсыздандыру бар, бірақ доллар елден кетіп жатыр. Екі жарым пайыздық өсім сол кетуді сәл баяулатады, бірақ толық тоқтатпайды.

---

Опубликовано: 2026-10-01T08:11:33+05:00

Обновлено: 2026-10-01T08:11:36+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Aқша](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/aqsha/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-01-bankte-25-toerde-0-amerikada-5-dollar-qajda-ketti/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.