---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-01-tengge-nyghajghan-sajyn-byudzhet-nege-shyghyngha-batady/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Теңге нығайған сайын бюджет неге шығынға батады?

![Знак доллара на табло у обменника](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/03/skolko-stoyat-dollar-evro-i-rubl-v-obmennikah-18-marta_bizmedia-kz_.jpg)

Соңғы айларда доллар 450 теңгеге дейін арзандап кетті. Сырт көзге қуанарлық жайт, теңге күшейді, еңсеміз көтерілді. Бірақ қазынаның есебі басқа.

[![Фото: РИА Новости / Максим Блинов](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/03/skolko-stoyat-dollar-evro-i-rubl-v-obmennikah-18-marta_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/03/skolko-stoyat-dollar-evro-i-rubl-v-obmennikah-18-marta_bizmedia-kz_.jpg)Фото: РИА Новости / Максим Блинов

Осы жерде жұрттың бәрі "мемлекет неге мықты теңгені ұстап отыр" деп сұрайды. Шын мәнінде ешкім оны әдейі ұстап отырған жоқ. Ұлттық Банк тежеп тұр, ол да бюджет үшін емес, базардағы баға үшін. Өйткені теңге мықты болса, сырттан келетін тауар арзандайды, арзандаса, инфляцияның беті қайтады. Ал қымбатшылық он пайыздан асса, оның халықтың қалтасына салатын салмағы қазынаның жүздеген миллиард кем түсіргенінен әлдеқайда ауыр**.**

## Сонда бюджет нақты қанша жоғалтты?

Ұлттық экономика министрлігі  тек курсқа бола импорттан түсетін 700 миллиард теңгеден астам салық жиналмай қалғанын ашық айтты.  Бір қарағанда, зор шығын.

Бірақ қаржыгер Ғалым Құсайынов бұл нығаюдың өзі ұзаққа бармайды деп отыр. Оның айтуынша, теңгенің күшеюі мұнайдың қымбаттауынан емес. Біздің валюта нарығымыз әлі тар, өзіндік заңдылығы бар. Заңды тұлғалар қалағанынша доллар сатып ала алмайды, жеке адамдардың саудасы нарықты шайқамайды. Сол себепті кейде қисынға келмейтін жайт болады, инфляция төмендеді деген хабар шықса да, теңге керісінше нығайып кетеді.

Сарапшы мұнайдан келетін пайда бірден нарыққа түспейтінін айтады. Теңізде өндіріс азайса, ақша кешігіп келеді, келсе де, оның дені Ұлттық қорға кетеді, айналымға бірден түспейді. Қазір теңгені сүйеп тұрған басқа күштер бар, бірі – сырттан келген қарыздың теңгеге айналуы, екіншісі – алтын. Бұрын Ұлттық Банк алтынды теңгеге сатып алып, өндірушілер сол теңгеге доллар алатын, қазір тәртіп өзгерген, Банк алтын алған сомаға өзі валюта сатады. Оның үстіне алтынның өзі бір жылда елу пайызға қымбаттады.

Бірақ Құсайыновтың түйіні – бұл уақытша құбылыс. Қазақстанда инфляция өзге елдерге қарағанда жоғары тұрғанда, теңге ерте ме, кеш пе өз орнына келеді.

## Енді осы уақытша күшею қазынаға қалай тиеді?

Экономист Руслан Сұлтановтың сөзімен айтсақ, бюджеттің тамыры курста емес, тіршілікте жатыр. Дүкендегі сауда қалай, зауыттың айналымы қанша, жұрт қанша жалақы алып жатыр, міне, кіріс соған байланысты. Курс – соның ішіндегі бір ғана жіп. Әрине, теңге ұзақ уақыт жоспардан мықты тұрса, жіп тартыла бастайды, алдымен кеденнен түсетін баж бен импорттың салығы кемиді. Мұнайды бұл жерде бөлек ойлаған жөн, оның ірі салықтары тікелей бюджетке емес, Ұлттық қорға құйылады. Сондықтан теңге күшейсе, алдымен қордың қалтасы жұқарады.

> «Біз көбіне кірісті ғана санаймыз, шығысты ұмытамыз. Ал егер мемлекеттің қарызы доллармен болса, теңге мықты болған сайын сол қарызды жабуға аз теңге кетеді. Сырттан әкелетін дәрі мен техника да арзандайды. Бір есептен кеміген кіріс, екінші есептен үнемделген шығын болып шығады.Ал орнын толтыруға бола ма? Болады, бірақ қалай әкелгенге байланысты. Теңге мықтыда шетел тауары арзан, жұрт көп алады, көп алса, салық көп түседі деп ойлаймыз. Бірақ егер дайын киім мен дайын азықты сырттан тасып, өз өндірісімізді жауып тастасақ, бұл – ұтылыс. Ал арзан станок, шикізат әкеліп, өзімізде жаңа цех ашсақ, оның пайдасы ертең салық болып қайта айналады», - дейді Руслан Сұлтанов.

## Демек, мәселе көп әкелуде емес, не әкелуде

Сондықтан бюджет үшін "пәлен теңгеден асса, қауіпті" деген темір қазық жоқ. Үкімет келесі жылдың бюджетін 480 теңге деп жоспарлап отыр, 460 болса, төрт пайыз ауытқығаны, 450 болса, алты пайыз. Бірақ бұл кіріс те сонша кеміді деген сөз емес. Нағыз қауіп төртеуі қатар келгенде ғана туады, теңге ұзақ мықты тұрса, импорттан түсім азайса, әкелу көлемі шығынды жаба алмаса және бизнес пен сұраныс бәсеңдесе.

Қорыта айтқанда, 480 деген – қамалдың шебі емес, жай ғана есептік болжам. Мықты теңге – бір қалтадан алып, екінші қалтаға салу. Қай қалта ауыр тартатыны – ертең қандай тауар әкеліп, іште қандай іс тындыратынымызға байланысты болмақ.

---

Опубликовано: 2026-10-01T10:25:46+05:00

Обновлено: 2026-10-01T10:25:49+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Aқша](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/aqsha/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстанның қаржылық жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstannyng-qarzhylyq-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-01-tengge-nyghajghan-sajyn-byudzhet-nege-shyghyngha-batady/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.