---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-05-aedemi-soez-qymbat-aqsha-zhaene-boetenning-pajdasy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Әдемі сөз, қымбат ақша және бөтеннің пайдасы

![Digital Bridge 2023 предоставит возможность стартапам и крупным компаниям провести встречи one-to-one - Bizmedia.kz](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/10/digital-bridge-2023-predostavit-vozmozhnost-startapam-i-krupnym-kompaniyam-provesti-vstrechi-one-to-one-bizmedia.kz_.jpg)

Астанада AI & Digital Bridge форумы өтіп жатыр. Freedom сахнадан болашақ туралы айтады: жасанды интеллект, суперапп, клиенттің орнына бәрін өзі істейтін AI-агент. Сөз әдемі, витрина жарқырап тұр. Ал сол форум өтіп жатқан кезде Мәжіліс мінберінде басқа цифр айтылды.

[![Фото: Пресс-служба Президента Республики Казахстан.](https://bizmedia.kz/app/uploads/2023/10/digital-bridge-2023-predostavit-vozmozhnost-startapam-i-krupnym-kompaniyam-provesti-vstrechi-one-to-one-bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/10/digital-bridge-2023-predostavit-vozmozhnost-startapam-i-krupnym-kompaniyam-provesti-vstrechi-one-to-one-bizmedia.kz_.jpg)Фото: Пресс-служба Президента Республики Казахстан.

Депутат Татьяна Савельева банктерде 23,2 трлн теңге бос ақша жатқанын, бұл бүкіл банк активінің үштен бірі екенін айтты. Яғни, ақша бар, бірақ ол экономикаға бармай тұр.

## Неге бармайды?

Себебі дәл қазір сол ақшаны мемлекеттің өзі сорып алып жатыр. Қаржы министрлігі тек шілде айында ғана жылдығы 18,9%-ға дейін жететін облигациялар арқылы 750 млрд теңге қарыз алды. Ұлттық Банк те 7 трлн теңгені өз ноталары арқылы нарықтан алып қойды.Банк үшін бәрі түсінікті. Кәсіпкерге тәуекел етіп, үш жыл күтіп, 21,5%-бен несие бергенше, еш тәуекелсіз мемлекетке 18,9%-бен қарыз берген әлдеқайда оңай. Одан қорландыру құнын, резервті, шығынды шегерсең, пайдасы шамалас, бірақ бас ауруы жоқ. Сөйтіп мемлекет өзін өзі алдап отырғандай болады. Алдымен бос ақшаны қымбатқа өзі алады да, сосын сол қымбаттап кеткен несиені арзандату үшін бюджеттен тағы ақша бөледі, субсидия береді, кепілдік береді, даму институттарын асырайды. Бір ақшаға екі рет шығындалады. Ал осы қымбат ақшаның иісі шетелге де жетті.

 Қыркүйекте ғана шетелдіктер Қазақстанның мемлекеттік қағаздарына 72,4 млрд теңге қосып, қоржынын 2,7 трлн теңгеге жеткізді. Жыл басынан бергі өсім – 37,8%.

## Олар неге келіп жатыр?

Өйткені Қазақстанда қазір нақты мөлшерлеме 6,95%. Инфляция 9,3%, базалық мөлшерлеме 16,25%. Мұндай таза табысты әлемнің еш жерінен таба алмайсың. Олар арзан доллармен кіріп, қымбат теңгелік қағазды алады да, айырмадан пайда көреді. Бізде теңге тұрақты тұрса, олар жылына 7-8% таза валюталық табыс табады.Бұл – шетелдік үшін той, ал біз үшін қауіп. Олар ертең мөлшерлеме түссе немесе теңге әлсіресе, сол 2,7 трлн-мен бір күнде шығып кетеді. Мұндайды 2020 жылы көрдік.

## Ал біздің өз инвесторымыз қайда?

Біздің зейнетақы қорымыз, сақтандыру компанияларымыз, қарапайым халық неге сол 18,9%-дық қағазды алмайды? Өйткені шетелдікке 18,9% – үлкен табыс, ал біздің халық үшін – күнделікті қымбатшылықтан әрең қорғайтын табыс. Сенім жоқ. Сондықтан үш жаңалық – бір тізбек. Freedom сахнада болашақ туралы әдемі сөз айтады. Бірақ сол болашаққа баратын ақша – 23 трлн теңге – бүгін қымбат қарызға айналып, бюджетте тұрып қалды. Ал сол қымбат қарызға шетелдіктер келіп, пайда тауып жатыр.

Егер біз ішкі инвесторға жағдай жасамасақ, яғни инфляциядан қорғайтын ұзақ қағаз шығармасақ, салығын алып тастамасақ, оны Kaspi мен Freedom арқылы 10 мың теңгеден сатып алатындай етпесек, біздің болашақ туралы әдемі сөзімізді сырттан келген алыпсатарлар ғана тыңдап, пайдасын да солар ғана көріп кетеді.

---

Опубликовано: 2026-10-05T10:02:27+05:00

Обновлено: 2026-10-05T10:02:30+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-05-aedemi-soez-qymbat-aqsha-zhaene-boetenning-pajdasy/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.