---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-05-qymbat-aqshanyng-tuzaghy-23-trillion-bos-zhatyr-nesiemiz-219-tenggemiz-zhaldamaly/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қымбат ақшаның тұзағы: 23 триллион бос жатыр, несиеміз 21,9%, теңгеміз жалдамалы

![доллар](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/closeup-american-dollar-bills-black-background-edited.jpg)

Өткен айда доллар 461,57 теңгеден 440,49 теңгеге түсті. 5%-ға нығайдық деп қуандық. Ал Halyk Finance қазір желтоқсанда 490 теңге болады деп отыр. Бұл – екі бөлек жаңалық емес, бір тұзақтың екі ұшы.

[![Фото: pvproductions / Freepik.com.](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/closeup-american-dollar-bills-black-background-edited-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/closeup-american-dollar-bills-black-background-edited.jpg)Фото: pvproductions / Freepik.com.

## Тұзақ қалай құрылды?

1 тамыздағы дерек бойынша банктерде 23,2 трлн теңге бос жатыр. Жүйенің үштен бірі.Бұл ақша неге жұмыс істемей тұр? Себебі жұмыс істеткеннен гөрі, жатқызып қойған тиімді. Қаржы министрлігі сол ақшаны өзі 18,93%-бен қарызға алып жатыр. Шілдеде ғана 750 млрд теңге. Ұлттық Банк те ноталары арқылы 7 трлн-ға дейін ақшаны 16%-дан жоғары мөлшерлемемен кері сорып алады. Банк үшін таңдау жоқ: кәсіпкерге 21,5%-бен, үш жылға, тәуекелмен беру керек пе, әлде мемлекетке 18,9%-бен, тәуекелсіз беру керек пе? Әрине, екіншісі. Сөйтіп қос шығынды модель шықты. Мемлекет алдымен қымбат қарыз алады – бюджет шығын болады. Сосын сол қымбат несиені арзандату үшін тағы субсидия береді – бюджет тағы шығын болады. Бір ақша екі рет жанады.Осы қымбаттықты сырттан көріп, шетелдік келді Әлемде 6,95% таза нақты табыс жоқ. Ал бізде бар. Инфляция 9,3%, базалық 16,25%, МБҚ 18,9%. Айырма – шетелдіктің пайдасы. Ол не істеді?

Долларын әкеліп, біздің нарықта сатты, теңге алды, теңгеге МБҚ алды. Нәтижесінде қыркүйек соңында бейрезиденттердің қоржыны 6 млрд долларға – 2,7 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан 37,8% өсті. Тек қыркүйекте 72,4 млрд кірді. Доллар неге 440 болды? Себебі нарыққа доллар екі жақтан төгілді. Квазимемлекеттік сектор салық үшін сатты, шетелдік МБҚ алу үшін сатты. Доллар көп – бағасы түсті.

##  Бұл – күшті теңге емес, жалдамалы теңге

Мемлекеттік қағаз 18,9% тұрғанда банк бизнеске 15%-бен несие бермейді. Сондықтан бүгінде орташа бизнес несиесі – 19,3%, халыққа – 21,9%. Ал Қаржы нарығын реттеу агенттігі шығып: "Базалық 16,25% болды, несие арзандайды" дейді.

Бірақ агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымованың өзі мойындап отыр: "Базалық пен несие арасында байланыс аз". Неге аз? Себебі заңда кепілсіз несиеге 46%-ға дейін рұқсат бар. 46% рұқсат тұрғанда банк 21,9%-ды арзан санайды. Кей банктер тәуекелді тіпті есептемейді, шекті мөлшерлемені қоя салады. Сондықтан базалық түскенімен несие өздігінен арзандамайды. Ол үшін 46% деген төбені 27%-ға кесу керек және мемлекеттің өзі 18,9%-бен қымбат қарыз алуды тоқтатуы керек.

## Halyk Finance-тың 490 дегені – осы тұзақтың екінші ұшы

Ұлттық Банк базалықты 16,25%-дан 14%-ға қарай түсіре бастайды. МБҚ табысы 18,9%-дан 15%-ға түседі. Шетелдікке қызық болмай қалады. Ол МБҚ-ны сатады, теңгесін долларға айырбастайды, алып кетеді. 6 млрд доллар кері шыға бастайды. Дәл сол кезде төртінші тоқсанда Ұлттық қордан доллар сату азаяды, керісінше импорт пен қарыз қайтаруға сұраныс өседі.Ұсыныс азайып, сұраныс көбейеді – доллар 440-тан 490-ға кетеді. Егер Ұлттық Банк сатуды сақтап, базалықты баяу түсірсе – 460-470-те қаламыз. Егер тез түсіріп, шетелдік жаппай шықса – 490 емес, 500-ден асамыз. ТүйінБізде ақша жоқ емес, 23,2 трлн бос жатыр. Бірақ ол ақша өз экономикамызға 21,9%-бен емес, өз мемлекетімізге 18,93%-бен, ал шетелдікке 6,95% таза пайда болып кетіп жатыр. Салдары – теңгеміз жалдамалы. Қыркүйекте шетелдік келгенде 440-қа нығаяды, желтоқсанда кеткенде 490-ға құлайды. Осы тұйықты бұзбайынша, форумда АІ туралы қанша айтсақ та, ақша сол АІ-ға емес, МБҚ-ға кете береді.

---

Опубликовано: 2026-10-05T11:49:10+05:00

Обновлено: 2026-10-05T11:49:13+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-05-qymbat-aqshanyng-tuzaghy-23-trillion-bos-zhatyr-nesiemiz-219-tenggemiz-zhaldamaly/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.