---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-06-mediczina-nobeli-ghylymnan-uemitke-zhalghasqan-zhol/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Медицина НОБЕЛІ: Ғылымнан үмітке жалғасқан жол

![Врач работает с стетоскопом, неактивным населением](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/05/v-minzdrave-kazahstana-prinyali-ryad-novovvedenij-po-mediczinskomu-obsluzhivaniyu-naseleniya_bizmedia-kz_.jpg)

Биылғы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы адамзатқа шам жаққандай әсер етті. Өйткені сыйлық ауруды емдеген дәріге емес, миды жарықпен басқаруды тапқан ақылға – оптогенетикаға берілді.

[![Фото: РИА Новости / Николай Хижняк](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/05/v-minzdrave-kazahstana-prinyali-ryad-novovvedenij-po-mediczinskomu-obsluzhivaniyu-naseleniya_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/05/v-minzdrave-kazahstana-prinyali-ryad-novovvedenij-po-mediczinskomu-obsluzhivaniyu-naseleniya_bizmedia-kz_.jpg)Фото: РИА Новости / Николай Хижняк

## ЖАРЫҚПЕН БАСҚАРЫЛАТЫН МИ – БҰЛ НЕ ҒАЖАП?

2026 жылғы сыйлықты америкалық Карл Дейссерот пен германиялық Петер Хегеман, Георг Нагель иеленді. Олар тірі мидағы бір ғана нейронды жарық сәулесімен қосып-өшіруді үйретті.Қарапайым тілмен айтқанда, бұл генетика мен жарықтың некесі. Таңдалған жасушаға жарық сезгіш ақуыздың гені – ChR2 опсині жеткізіледі. Генді алған жасуша көк жарық түссе импульс жібереді, басқа жарықта тыныштанады. Сөйтіп, ғалымның қолында биологиялық пульт пайда болады.

Ең қызығы – бұл идея адам миынан емес, Chlamydomonas деген бір жасушалы жасыл балдырдан шыққан. Көлдегі балдыр жарыққа қарай жүзу үшін каналородопсин деген ақуызды пайдаланады. Хегеман мен Нагель осы механизмді тапса, Дейссерот 2005 жылы сол генді егеуқұйрықтың нейронына салып, 2007 жылы тірі тышқан миында іске қосты. Көлдегі қарапайым тіршілік ми ғылымын төңкерді. Бұған дейін миды тұтас аймақтармен бөліп келсек, енді жеке сымдарды ажырата аламыз. Қай нейрон есте сақтайды, қайсысы қорқытады, қайсысы тәуелділікке жетелейді – бәрін снайперлік дәлдікпен көруге мүмкіндік туды. Сондықтан комитет төрағасы Пер Свеннингссон мұны «бұрын арман болған есікті ашқан» жаңалық деді. Әзірге бұл – зертханалық құрал. Бірақ ертеңгі емнің бейнесі көрініп тұр. Францияның GenSight зертханасы осы әдіспен көзі көрмей қалған науқасқа әріп танытса, Америкада Паркинсон мен эпилепсияға қарсы сынақтар жүріп жатыр. Бұл – депрессия, Альцгеймер, тәуелділік сияқты «желісі шатасқан» дерттердің кілті.

## Ғасырлық асудан бүгінгі үміт

КЕBBC дерегінше, 1901-2026 жылдары медицина бойынша 117 сыйлық беріліп, 232 ғалым лауреат атанған. 39 сыйлықты жалғыз адам, 36-сын екі адам, 39-ын үш адам бөліскен. Лауреаттар арасында 13 әйел бар. Ең жасы – инсулинді тапқан Фредерик Бантинг, 31 жасында алған. Ең қарты – Пейтон Роус, 87 жасында. Адам ғұмырын ұзартқан Нобельдер аз, бірақ әрқайсысы – дәуір: 1901 жылы Берингтің дифтерия сарысуы, 1923 жылы Бантинг пен Маклеодтың инсулині, 1945 жылы Флеминг, Чейн, Флоридің пеницилині. Осы тізбектің соңғы буыны – 2018 жылғы төңкеріс.

Көпшілік 2019 жылы «обырға Нобель берілді» деп ойлайды, шын мәнінде 2019 жылғы сыйлық жасушаның оттекті сезуі үшін берілді. Ал төңкеріс 2018 жылы болды: Джеймс Эллисон мен Тасуку Хондзё иммундық жүйедегі тежегішті босатып, ағзаның өзіне обырды жеңуді үйретті. Содан Keytruda, Opdivo, Yervoy туды. Кеше төртінші сатыдағы меланома үкім болса, бүгін осы дәрілермен жылдап өмір сүру – қалыпты. ДСҰ мұны толық мойындады. 2019 жылы Nivolumab пен Pembrolizumab-ты аса қажет дәрілер тізіміне енгізіп, 2023-2025 жылы өкпе, жатыр мойны, тоқ ішек обырына кеңейтті. Қазір 150 елде бар, Қазақстанда 2019 жылдан клиникалық хаттамаға еніп, Ұлттық онкология орталығында квотамен беріледі.

**Мидың құпиясы ашылса, адамзатқа не болады** ****

Біз Нобельдің кілтімен ғана есікті аштық, ал есіктің ар жағында – адамның өзі тұр.Ғылым осы сұраққа қатты жақындады. Нейробиологтар естелік мида қалай сақталатынын – консолидацияны – зерттей келе, адам өткен оқиғаны еске түсіргенде, ол естелік қайтадан «икемді» күйге түсетінін тапты. Дәл сол сәтте белгілі бір препараттармен, мысалы, бета-блокаторлармен оның эмоциялық бояуын, қорқынышын өшіруге болатыны дәлелденді. Иә, теориялық тұрғыдан және зертханалық деңгейде естелікті өшіруге болады.

Егер технология толық іске қосылса, бұл медицинада төңкеріс болар еді: соғыс, зорлық-зомбылық, ауыр апат көрген адамды үрейден құтқару, нашақордың миындағы ләззат туралы естелікті өшіріп, тәуелділіктен айықтыру.Бірақ дәл осы жерде ғылым тоқтап, әдеп басталады.

Үш үлкен қауіп бар.

Бірінші – тұлғаның жоғалуы. Біздің мұңымыз бен қуанышымыз, қателігіміз бен өкінішіміз – бізді «Мен» ететін нәрсе. Жаман естелікті өшіре берсек, «Мен» дегеннен не қалады?

Екінші – тәжірибеден айырылу. Өткен сәтсіздік адамға сабақ береді. Оны өшіріп тастасақ, адам дәл сол қателікті қайта жасайды.

Үшінші – мәңгүрттену. Бұл технология қылмыскердің өз қылмысын ұмыттыруына немесе биліктің адамдардың жадымен ойнап, тарихты өшіруіне жол ашуы мүмкін.Сондықтан мидың сырын ашу – тек техникалық мәселе емес, ол – философиялық сынақ.

## ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫНДА НОБЕЛЬГЕ ЛАЙЫҚ ЖОБА БАР МА?

Бүгін тікелей үміткер іргелі жаңалық жоқ, бірақ іргетас бар. Біздің күшіміз – клиника мен бірегей популяция. Ұлттық кардиохирургия орталығындағы жүрек трансплантациясы, иммунотерапияны жергіліктендіру – әлемдік журналдарға шығып жүр. Нобель қолданбалыға емес, іргеліге беріледі. Бізге жетпей тұрғаны – 20-30 жыл тоқтамайтын зертхана. Балдырды зерттеген неміс ғалымдары да «бұдан не шығады» деп ойлаған жоқ. 20 жылдан соң сол сұрақ Нобель әкелді.

Нобельдің есігін ашу үшін үш шарт керек: бірінші – 10-15 жыл үздіксіз қаржыландырылатын қор, екінші – Назарбаев Университеті мен ұлттық зертханалар жанында мектеп және халықаралық коллаборация, үшінші – заңгер, философ, дінтанушысы бар биоэтикалық орталық. Экономика мен әдебиет – ойдың сыйлығы болса, медицина Нобелі – өмірдің сыйлығы. Қараңғыда отырғанға шырақ жаққандай, биылғы Нобель де адамзатқа тағы бір есік ашып берді.

**Гүлбаршын** **АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ**

** «Egemen Qazaqstan»**

---

Опубликовано: 2026-10-06T11:12:31+05:00

Обновлено: 2026-10-06T11:12:34+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Білім](https://kk.bizmedia.kz/oemir-salty/bilim/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-06-mediczina-nobeli-ghylymnan-uemitke-zhalghasqan-zhol/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.