---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-07-105-milliard-qaryz-emes-qystyng-synaghy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# $10,5 миллиард – қарыз емес, қыстың сынағы

![Тариф налоги и цены](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/closeup-accountant-hands-counting-calculator.jpg)

Күз түсе $10,5 миллиард доллар сыртқа кетеді. Бұл – Қаржыгерлер қауымдастығының есебі.

[![Фото: katemangostar / Freepik.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/closeup-accountant-hands-counting-calculator-1024x683.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/closeup-accountant-hands-counting-calculator.jpg)Фото: katemangostar / Freepik.com

Оған дейін шілде-қыркүйекте $13,2 миллиард бердік. Жарты жылда $23,7 миллиард елден шығады.5 қазанда доллардың құны бір күнде 7 теңгеге өсіп, 455 теңгеге жетті. Сауда $645 миллионға ұласты. Себебі – ірі кәсіпорындар қарыз жабу үшін долларды жапа-тармағай сатып алды. Бұл – кімнің қарызы? Елдің жалпы сыртқы қарызы $187,9 миллиардқа жетті. Оның тек $16,5 миллиарды ғана – Үкіметтің тікелей қарызы. Қалғаны – мұнай, банк, теміржол, энергетика саласының қарызы. Ең ірісі – компания ішілік қарыз, $86,2 миллиард. Мысалы, Теңіздегі кәсіпорын өз бас компаниясынан қарыз алады. Бірақ доллар базары біреу. Олар доллар алғанда теңге бәрімізге ортақ арзандайды.

## Қанша өсіммен қайтарамыз?

Біз аз қарыз алсақ та, көп өсім төлейміз. Елдің мемлекеттік қарызы – ішкі өнімнің 22 пайызы ғана. Бұл – әлемде ең аз. Бірақ сол аз қарыздың өсіміне бюджеттің 11,1 пайызы кетеді. Америка 10,7 пайыз, Италия 10,1 пайыз төлейді. Біз бәрінен көп төлейміз.

## Неге?

Іштен алған қарыздың өсімі – 12-14 пайыз теңгемен. Сырттан алған еурооблигация – 5-6 пайыз доллармен. Биыл Қытайдан алған қарыз – 1,9 пайыз, арзан. Бірақ көлемі аз – $500 миллион ғана. Өткен жылы тек өсімге 2,61 триллион теңге төледік. Күніне 7,1 миллиард теңге. Бұл – күніне 200 мектептің қаржысы. Қарызды қайдан табамыз? Үш көз бар. Бірінші – саудадан түскен пайда. Мұнай, мыс, уран сатамыз. 100 доллар тапсақ, 70-72 доллары қарызға кетеді. 28 доллары ғана қалады. Мұнай арзандаса, бұл көз тартылады.Екінші – Ұлттық қор. Жыл сайын одан 3-4 триллион теңге алып, бюджетті жамап келеміз. Бұл – ертеңгі ұрпақтың несібесі. Үшінші – жаңа қарызбен ескі қарызды жабу. Биыл тағы $6 миллиард алмақпыз. Бұл – ең қауіптісі. Бір күні қарызды емес, қарыздың өсімін жабу үшін қарыз алатын күйге түсеміз.

## Мұны «қарыз тұзағы» дейді. Халыққа салқыны тие ме?

Тікелей тиеді.Жоғары аудиторлық палата ескертті: 2027 жылы қарыз қайтару бюджет кірісінің 41 пайызына жетуі мүмкін. Яғни, 100 теңгенің 41 теңгесі қарызға кетеді. 59 теңге ғана қалады. Сол 59 теңгеден мектеп, аурухана, зейнетақы, жәрдемақы төленеді. Қарыз 1 пайызға өссе – 400 миллиард теңге кетеді. Бұл – 50 мектептің құны. Доллар қымбаттаса, бәрі қымбаттайды. Дәрі, жанармай, азық. Артынан несие қымбаттайды.

## Түйін

$10,5 миллиардты қайтарамыз. Қазынада қаржы бар, сауда бар. Ел банкрот болмайды. Бірақ бағасы қымбат. Бюджеттің 11 пайызын өсімге беріп, әлеуметтік салаға беретін қаржыны қысқартып отырмыз. Сондықтан бұл – тек қаржыгердің емес, әр шаңырақтың қамы.

---

Опубликовано: 2026-10-07T10:48:53+05:00

Обновлено: 2026-10-07T10:48:56+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-07-105-milliard-qaryz-emes-qystyng-synaghy/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.