---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-07-auyl-balasynyng-talanty-auylda-qalmauy-kerek/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Ауыл баласының таланты ауылда қалмауы керек

![Дети в школе](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/07/pochti-90-tysyach-kazahstanskih-detej-ohvatit-programma-podgotovki-k-shkole_bizmedia-kz_.jpg)

Қаладағы бала секция таңдайды, ауылдағы бала секция бар ма деп сұрайды. Бірақ чемпиондардың 70%-ы ауылдан шығады. Парадокс емес пе?

[![Фото: Depositphotos.com / ArturVerkhovetskiy](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/07/pochti-90-tysyach-kazahstanskih-detej-ohvatit-programma-podgotovki-k-shkole_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/07/pochti-90-tysyach-kazahstanskih-detej-ohvatit-programma-podgotovki-k-shkole_bizmedia-kz_.jpg)Фото: Depositphotos.com / ArturVerkhovetskiy

Бүгін Қазақстанда 4,1 миллионнан астам оқушы бар. Білім министрлігінің есебінше, қосымша біліммен қамту 90%-ға жетіп, 3,5 миллион бала үйірмеге барады, оның 2,2 миллионы тегін. Қағазда бәрі тегіс. Ал шындықта ше?Шындықта қала мен ауылдың арасында – ор. Қалада – таңдау, ауылда – «беретініңді ал» деген қағида. Осы әділетсіздікті «Ауыл» партиясының фракциясы қыркүйекте депутаттық сауал етіп көтерді. Олар өте дұрыс 4 қадам ұсынды:

Ауыл мен қаланың қолжетімділігін бөлек мониторингілеу;Мемлекеттік тапсырысты ашық бөлу, жалған үйірмелерді жою; Мектеп, клуб, кітапхананы қосу, жоқ жерге мобильді үйірме апару; Ауылда жұмыс істеген педагогқа аумақтық коэффициент пен арнайы төлем енгізу. Бұл – ауыл баласының арманын қорғаудың картасы.

## «ӨЛІ ЖАНДАРДЫ» ЦИФРЛЫҚ  АУЛАУ

Министр Жұлдыз Сүлейменованың жауабы – цифрландыру. OQU бірыңғай платформасы 18 мемлекеттік базамен қосылған. «Бір бала – бір ваучер» жүйесі енгізіліп жатыр. Пилот 2025 жылы маусымда 6 өңірде басталды: Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Астана, Ақтөбе, Шымкент. 2026 жылғы қыркүйектен 5 өңір қосылды: Абай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Түркістан. Эксперимент 2027 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды.Нәтиже – көз ашатын сандар: Пилоттық жобада 38 мыңнан астам бұзушылық анықталды: 2 650 балаға ваучерді қайталап беру, 1 937 баланы тұрғылықты жерінен тыс қабылдау, 1 241 дербес деректі ауыстыру, 311 базада жоқ адамды оқуға алу.

Бетті Face ID, алақанды Alaqan ID арқылы таныған соң ғана бөлінетін ақша 2025 жылы 132 млрд теңгеден 2026 жылы 88,5 млрд-қа дейін қысқарды. Норматив өзгерген жоқ! Демек, үштен бір ақша бұрын жоқ балаларға, «арбалы контингентке» кетіп келген. Бұл – жүйенің жеңісі.Бірақ министрдің есебінде бір шикілік бар. 2025-те қамту 90% десе, 2026-ның 25 қыркүйегінде Ұлттық білім беру дерекқорында небәрі 61,6% – 2,4 млн бала ғана тіркелген. Министр «маусымдық фактор, үлгермедік» деді. Ал шын мәнінде OQU «өлі жандарды» тазалап жатыр.

## АЛМАТЫ – «БЕРМУД ҮШБҰРЫШЫ» НЕГЕ ШЕТТЕ ҚАЛДЫ?

Біздің назар аударғанымыз – пилоттық географияда ең ірі қала – Алматы жоқ.Неге? Ресми жауап жоқ. Бірақ себебі түсінікті. Алматы – жылына 15-16 млрд теңге айналатын Damu Bala платформасының отаны. Жыл сайын жанжал: жүйе құлайды, ваучерді «ұстап қалу» керек, 1500 бала кіре алмай қалады – Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннің өзі мойындады.6 шағын өңірде 43,5 млрд теңге үнемделсе, 16 млрд-тық Алматы нарығын толық Face ID-мен тексерсе қандай масштаб ашылатынын әкімдік те, министрлік те жақсы біледі. Сондықтан Алматыны ең соңына қалдырып, «өлі жандардан» өзінше тазарып алуға уақыт беріп отырған сыңайлы.

## БАЛАЛАРҒА БҰЛ НЕ БЕРЕДІ ЖӘНЕ АУЫЛ НЕГЕ КӨРМЕЙ ТҰР?

Бірыңғай жүйе балаға үш нәрсе береді:Біріншіден, әділдік. Бұрын ақша «өз балаларына» жазылған жалған үйірмелерге кетсе, енді нақты баланың алақанына, бетіне байланады. Екіншіден, таңдау. «Бір бала – бір ваучер» деген – бала қай үйірмеге барғысы келсе, ақша сол жаққа ереді. Теорияда – керемет. Үшіншіден, ашықтық. Ата-ана қай секцияның мемлекеттік тапсырыс алатынын көреді. Бірақ ауыл осы игілікті көрмей тұр. Себебі: Инфрақұрылым жоқ. Қалада 100 секция болса, ауылда – күрес пен домбыра ғана. Ваучерің болса да апарар жерің жоқ.Педагог жоқ.

## Қаладан ауылға қосымша сабақ беруге кім барады?

Үстемақы жоқ. Депутаттар сұраған аумақтық коэффициентті министрлік «ЖАО бекіткен норматив бар» деп бір абзацпен жауып тастады. Ал депутаттар географиялық алшақтық үшін коэффициент сұраған еді – мүлде басқа нәрсе. Мобильділік жоқ. Министрлік барды реттеп жатыр, жоқты жасап жатқан жоқ. Ал ауылға мобильді үйірме – автобуспен жүретін робототехника, күрескe арналған жылжымалы зал керек.

## ШЕШІМ: ТӘРКІЛЕНГЕН АҚША – АУЫЛ БАЛАСЫНА

Бүгін коррупционерлерден тәркіленген миллиардтар Қайтарылған активтер қорына түсіп, мектеп салынып жатыр. Неге сол ақшаның бір бөлігін арнайы «Ауыл баласының ваучері» қорына бағыттамасқа?

## Ұсыныс:

Тәркіленген қаржы есебінен ауылдық мектептер жанынан 1000 заманауи қосымша білім орталығын ашу – күрес залы, домбыра сыныбы, IT-кабинет.Сол ақшадан ауылға баратын педагогқа 2 еселенген коэффициент төлеу.Мобильді үйірмелер сатып алу – бір автобус, ішінде 20 ноутбук, 10 домбыра, татами. Сонда ғана «Бір бала – бір ваучер» қағидаты қағаздан өмірге көшеді. Әйтпесе OQU қанша «өлі жанды» тазаласа да, тірі ауыл баласының таңдаусыз қалғаны өзгермейді. Ауыл – чемпиондардың бесігі. Бесікті бос қалдырмайық.

---

Опубликовано: 2026-10-07T12:32:31+05:00

Обновлено: 2026-10-07T12:32:33+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-07-auyl-balasynyng-talanty-auylda-qalmauy-kerek/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.