---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-08-qaghazda-734-myng-bazarda-200-myng-qajsysyna-senemiz/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қағазда +734 мың, базарда -200 мың. Қайсысына сенеміз?

![Калькулятор и блокнот с ручкой, налоги](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/10/nalogi-kakie-izmeneniya-zhdut-kazahstanczev-s-2026-goda_bizmedia-kz_.jpg)

Жаңа Салық кодексі қаңтарда күшіне енді, ал наурыз шықпай жатып қазақ базарының 207 мың есігі тарс жабылды.

[![Фото: unsplash.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/10/nalogi-kakie-izmeneniya-zhdut-kazahstanczev-s-2026-goda_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/10/nalogi-kakie-izmeneniya-zhdut-kazahstanczev-s-2026-goda_bizmedia-kz_.jpg)Фото: unsplash.com

Үкімет мұны бірден «бөлшектенумен» түсіндірді, яғни бір компанияны он ЖК-ге бөліп алып, салықтан жалтарып келгендер кетті, нарық тазарады деді. Бірақ сандарға үңілсең, бұл түсіндірме шындыққа жанаспайды. Өйткені бір оқиғаға екі ресми есеп бар, екеуі де бір-біріне қарама-қайшы.Бір базар – екі айна

Үкіметтің айнасына қарасаң, бәрі өсіп жатыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің есебінше, қаңтарда 2,44 млн салық төлеуші болса, шілдеде олардың саны 2,93 млн-ға жеткен.

Ал вице-премьер Серік Жұманғарин 22 қыркүйекте тіпті 734 мыңға көбейдік деп мәлімдеді. Ал Ұлттық статистика бюросының айнасы кері бейнені көрсетеді. Оның санағында қаңтарда 2 млн 175 мың тірі ШОБ жұмыс істеп тұрса, шілдеде 1 млн 974 мың ғана қалған, яғни 200 706 кәсіп жабылған. Қыркүйекке қарай да жағдай түзелмеді, жыл басынан бергі шығын әлі 191 мың.

## Бұл қайшылықтың сыры неде?

Сыры – жаңа тізімде жатыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деген жаңа салық режимі енгізілді. Шілдеде олардың саны 688,6 мың болса, қыркүйекте 922,1 мыңға жетті. Олар бұрын да базарда жүрген, бірақ ресми тізімде жоқ еді, енді тізімге енді. Сондықтан үкіметтің өсімінен осыларды алып тастасақ, бәрі орнына келеді: 2 938,8 мыңнан 688,6 мыңды шегерсең, 2 250,2 мың қалады, ал жыл басында 2 439,8 мың болған. Демек, таза бизнес 190 мыңға азайған, бұл Бюроның -200 мыңымен дәл қабысады. Қысқасы, өсім болған жоқ, тек ескі адамдар жаңа қағазға көшірілді. Жаппай жабылу неге көктемде болды? Себебі мерзім қысты. 1 наурызға дейін әр кәсіпкер жаңа ереже бойынша салық режимін таңдауы керек болды. Таңдай алмағандар жабуды жөн көрді. Әдетте бір тоқсанда орта есеппен 104 мың ЖК жабылса, биылғы бірінші тоқсанда 207 мыңнан астам ЖК жабылды, яғни жүз мыңы артық. Бұл толқын тоқтаған да жоқ. Жарты жылда барлығы 262 мың ЖК мен 15,5 мың заңды тұлға жабылды, ал жаңадан 158,5 мың ғана ашылды. Таза шығын – 120 мыңға жуық. Егер бірінші тоқсанды шегерсең, екінші тоқсанда тағы 54 мың ЖК жабылған.

## Сонда «бөлшектенушілер» қайда?

Үкімет жабылғандардың бәрін «бөлшектену» деп атайды. Бірақ үкіметтің өзі келтірген 207 мыңның мінездемесіне қарасақ:94,2 мыңы – 2025 жылы табысы болмаған, нөлдік есеп тапсырған қаңқа фирмалар, 39,2 мыңы – өзін-өзі жұмыспен қамтығанға көшкендер, және тек 11,8 мыңы ғана – бір мезгілде басқа компанияны да басқарып отырған күдіктілер. Яғни таза бөлшектену белгісі барлар – небәрі 5,7%. Қалған 94%-ы – басқа себеппен жабылғандар. Оған қоса, бизнестен өзін-өзі жұмыспен қамтығанға ресми көшкен 57 мың адам бар, министрлік оны «кету емес, есеп ауыстыру» дейді, бірақ дүкен жабылды, қызметкер жұмыссыз қалды.

## Неге бұған сену қиын?

 Егер жалған схема жабылса, ол бүкіл елде біркелкі болар еді. Ал ең көп шығын – нағыз бизнес қайнап жатқан жерде: Алматы – 37 мыңнан, Астана – 25,2 мыңнан, Алматы облысы – 16,5 мыңнан айырылды. Бұл – қағаздағы емес, көз алдымыздағы дәмхана, шаштараз, құрылыс бригадасы.

Екіншіден, саланың өзі қарсы шығып отыр. Министрлік «құрылыс пен сауда қымбат несиеден құлады, салыққа қатысы жоқ» дейді. Ал құрылысшылар қыркүйекте керісінше дабыл қақты:

«Бізде кәсіпкерлер саны бір жылда 11%-ға азайды, себебі ірі компания енді оңайлатылған режимдегі мердігерді жалдай алмайды, олар ҚҚС-қа ілікті», - дейді.

 Өйткені кодексте ҚҚС 12%-дан 16%-ға өсті, ал ҚҚС-қа тұру шегі 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке, яғни 43,25 млн теңгеге түсіп кетті. Үшіншіден, бұған депутаттар да күмән келтірді.

23 қыркүйекте депутат Константин Авершин Жұманғариннен жабылғандарды бес қоржынға бөліп беруді талап етті: нақты жабылған кім, өзін-өзі жұмыспен қамтығанға кеткен кім, бұрыннан өлі жатқан кім, жаңа салыққа шыдамаған кім және қайта тіркелген кім. Бұл – «бәрі бөлшектенушілер» деген ертегіге ешкім сенбейтінін білдіреді.Бюджет неге бәрібір толды?

## Бизнес азайса да, қазына керісінше толды.

Алты айда бюджетке 8,3 трлн теңге түсті, бұл былтырдан 29%-ға көп. Оның 3,85 трлн-ы – ҚҚС-тан, оның өзі 41,9%-ға өскен. Ел ішіндегі сатудан түскен ҚҚС тіпті 63%-ға шарықтаған. ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мыңға жеткен. Бірақ бұл өсімнің өзі үкімет күткеннен аз болып шықты, ҚҚС жоспары 91,8%-ға ғана орындалды. Жалпы жоспар тек мұнай мен кеннен түсетін төлемдер жоспардан 70%-ға асып кеткен соң ғана 100,3% болып жабылды. Ал кодекстің өзі қаңтарда туа салып жөндеуге кетті. Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құрылып, 23 рет жиналып, 90 мәселе қарады. Түзету жобасы 4 қыркүйекте жарияланып, қазан айында Мәжіліске барады.

## Түйін

Иә, бөлшектену болды, бірақ ол жабылған 262 мыңның тек 6%-ы ғана. Қалған 94%-ы – 1 наурыздың дедлайнына дейін режим таңдай алмай, 16%-дық ҚҚС-тың қамытын киюден қорқып, есігін жауып кеткен тірі кәсіп. Сондықтан жабылғандардың бәрін «бөлшектенушілер еді» деу – 200 мың кәсіптің өкінішін «тазару» деген сөзбен жабумен бірдей.

---

Опубликовано: 2026-10-08T12:41:31+05:00

Обновлено: 2026-10-08T12:41:34+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-08-qaghazda-734-myng-bazarda-200-myng-qajsysyna-senemiz/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.