---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-09-zhi-haby-kim-bolady-astana-ma-tashkent-pe/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# ЖИ хабы кім болады: Астана ма, Ташкент пе?

![Искусственный интеллект и рука человека](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/02/iskusstvennyj-intellekt-smeetsya-nad-eticheskimi-ogranicheniyami-chat-botov_bizmedia.kz_.jpg)

Қазақ президені Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған декларация – жай хаттама емес. Бұл – көптен бері іште қайнап жатқан доданың атын атау еді.

[![Фото: Depositphotos.com / sdecoret](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/02/iskusstvennyj-intellekt-smeetsya-nad-eticheskimi-ogranicheniyami-chat-botov_bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/02/iskusstvennyj-intellekt-smeetsya-nad-eticheskimi-ogranicheniyami-chat-botov_bizmedia.kz_.jpg)Фото: Depositphotos.com / sdecoret

## Орталық Азияның төрінде екі қала тұр. Екеуі де хаб боламыз дейді 

Бірақ екеуінің хаб дегені екі бөлек.

Астана тасын қалап үлгерді Астана ЖИ-ді ұран еткен жоқ, қоныс етті. Әуелі заңын жазды. «Жасанды интеллект туралы» заңды өңірде бірінші болып бекітті. Бұл – ойынның шартын жазу. Шарты жоқ жерге ешкім бәс тікпейді, ережесі бар жерге ғана үлкен ақша келеді. Астана соны түсінді.Сосын темірін құйды. Елде екі суперкомпьютер тұр. Әл-Фараби етегінде бір гигаваттық аңғар бой көтеріп келеді. Далада бұрын-соңды мұндай қуат жиналмаған. Бұл – бір миллион пәтердің жарығын бір жерге жинап, ойға жақты деген сөз. Nvidia-ның өзі осы аңғарға тікелей байланды. Бұл – кезекке тұрмай, чипке қол жеткізу деген сөз.

Сосын мекенін тұрғызды. Бұрынғы ЭКСПО-ның күмбезі – Nur Alem енді ой күмбезіне айналды. Аты – Alem.ai. Сегіз қабат, жиырма екі мың шаршы метр. Бір шаңырақ астында он төрт жасар балаға арналған TUMO, түн ұйқысын төрт бөліп оқитын Tomorrow School, күзде есігін ашатын QAIRU университеті, Telegram-ның, Яндекстің, G42-нің зертханасы отыр. Жылына мың маман, жүз стартап шығамын дейді. Бұл – мектептен зертханаға, зертханадан нарыққа дейін жалғасқан бір үздіксіз ағын.Сөйтіп нарығын тапты. Сыртқа сатқан IT-сі миллиард доллардан асты. Бұл – қағаздағы қиял емес, елге кірген тірі ақша. Астана – алдымен іргета, сосын ғимарат деген жол.

## Ташкенттің жолы мүлде басқа

Ол іргетадан емес, адамнан бастады. Оның қолыңдағы ең үлкен қазынасы – саны. Отыз жеті миллион. Орталық Азияның тең жартысы. Соның алпыс пайызы – отызға толмаған жастар. Шаршауды білмейтін, түнімен жарық сөндірмей код теретін буын. Оларға шет тілі – жат емес, жаңа технология – қорқыныш емес. «Бір ауылдың жастары түгел фрилансқа шығып кетті» деген әңгіме Ташкентте ертегі емес, кешегі жаңалық. Осы көпті қалай тартамын деді де, жеңілдігін ұсынды. «Кел» деп қол бұлғап қана қойған жоқ, «қон» деп төрін ашып берді. Қарақалпақстанда салықсыз мекен ашпақ. Жүз миллион доллар әкелген жанға 2040 жылға дейін есік ашық: табыс салығы жоқ, мүлік салығы жоқ, баж жоқ, жарық арзан, жер тегін. Сен сал, біз бөгемейміз деген ең қысқа, ең түсінікті сөз.

Сөйтіп жан бітірді. Ташкент ақылды зертханада қамап қойған жоқ, көшеге алып шықты. Бүгінде салықты адам емес, дауыс жинайды. Галляаралда мыңдаған борышкерге бір күнде робот хабарласқанда, тең жартысы сол күні қарызын жауып берген. Көшеде жүз танитын камера тұр, әкімдікте шағымды сұрыптайтын Xalq Nazorati тұр, Самарқанда суды санап беретін, Бұхарада жолаушыға жол көрсететін қосымша тұр. Ташкент дәріс оқымайды, тірлікті жеңілдетеді. Адам соны көріп үйреніп жатыр.

## Сонда төр кімдікі?

Қарасаңыз, екеуі екі жол.Астана – ойды пісіретін ошақ. Ауыр есеп, терең зерттеу сонда қайнайды. Ташкент – піскен асты таситын керуен. Арзан қолданба, қалың қызмет сонда өрістейді. Бірі болмаса, бірі жарты. Ой піспесе, таратар ештеңе жоқ. Тарату болмаса, ойдың да құны жоқ.Сондықтан Тоқаевтың ұсынған декларациясының жаны – жарысты тоқтату емес, жүкті бөлісу. Астана ақылдың ордасы, Ташкент әрекеттің алаңы болса, ұтатын – екеуі емес, тұтас Орталық Азия. Ал жалғыз хабты таңда десеңіз... Бүгінгі іргеге қарасаңыз – Астана алда.

Ертеңгі екпінге қарасаңыз – Ташкент таяп келеді.

---

Опубликовано: 2026-10-09T12:09:02+05:00

Обновлено: 2026-10-09T12:09:05+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-09-zhi-haby-kim-bolady-astana-ma-tashkent-pe/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.