---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-11-senimsizdik-sindromy-syndy-posmerttik-donorlyqqa-kelisim-75-gha-oesti/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Сенімсіздік синдромы сынды: посмерттік донорлыққа келісім 75%-ға өсті

![Казахстанцам объяснили, где и как исправить ошибки в личных данных на eGov](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/11/kazahstanczam-obyasnili-gde-i-kak-ispravit-oshibki-v-lichnyh-dannyh-na-egov.jpg)

eGov-та 17 158 адам посмерттік донорлыққа келісім берді, 167 033 адам бас тартты. Бір жылда келісім 75%-ға өсті. Бұл құрғақ статистика емес, бұл қоғамның ішкі сенімсіздігі алғаш рет жарыла бастағанының белгісі. Денсаулық сақтау министрлігі 1 қыркүйектегі есепті жариялады.

[![Фото: Ortcom.kz](https://bizmedia.kz/app/uploads/2023/11/kazahstanczam-obyasnili-gde-i-kak-ispravit-oshibki-v-lichnyh-dannyh-na-egov-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/11/kazahstanczam-obyasnili-gde-i-kak-ispravit-oshibki-v-lichnyh-dannyh-na-egov.jpg)Фото: Ortcom.kz

**Б****ас тарту әлі он есе көп, бірақ бетбұрыс басталды**

Келісім бергендер 75%-ға, жалпы ерік білдіру 31%-ға өскен. Бұл адамдар енді қорқынышпен емес, түсінікпен таңдау жасай бастады деген сөз.

**Трансплантацияның өзі де жандана бастады:**

• 2023 жылы – 236 операция,

• 2024 жылы – 260, оның ішінде мәйіттік донорлықтан 23, 

• 2025 жылы – 310, оның ішінде мәйіттік 68, 2026 жылдың 9 айында – 208, оның ішінде мәйіттік 42. 

• Қазір кезекте 4867 адам тұр, 126-сы бала, 4200-ден астамы жылдар бойы бүйрек күтіп, диализ аппаратына таңылып отыр. 

Әрқайсысы үшін бұл кезек емес, өмір мен өлімнің арасындағы үзіліс.

**Неге бұған дейін 167 мың а****дам бас тартты? **

Оның үш тамыры бар. Біріншісі – кеңестік жадыдан қалған қорқыныш. "Өлмей жатып алып қоя ма, байға сата ма" деген күдік. Бұл медицинаны көрмеген, реанимацияның не екенін білмеген адамның қиялы еді. Екіншісі – дінді таяз түсіну. "Дене бүтін кету керек" деген ұғым. Ал Құранда "бір жанды тірілткен бүкіл адамзатты тірілткендей" дейді, ҚМДБ 2017 жылы посмерттік донорлық сауап деп пәтуа берген, бірақ сол пәтуа мешіттің төрінен шығып, халықтың жүрегіне жетпей қалды. Үшіншісі – ақпаратсыздық. Адам eGov-тағы батырманың артында бір өмір тұрғанын білмей, көршісі басқан соң, WhatsApp-тағы жалған дауыс хабарламаға сеніп бас тарта салды.

**Ал сенімсіздікті сындырған не?**

Ашықтық. Бұрын трансплантация жабық тақырып еді, кімге салды, кімнен алды белгісіз, халық "бұл байдың ойыны" деп ойлады. 

2024-2025 жылдары министрлік кезекті ашты. 

• 4867 адамның тізімі жарияланды, 126 бала, 4200 қарапайым адам, бұл байлар емес, біздің көршілеріміз екені көрінді. 

• 2024-те 23, 2025-те 68, биыл 9 айда 42, бұл қағаздағы сан емес, өліктен алып тіріні тірілткен нақты тағдыр. Ең соңында – балалар оқиғасы. Жүрек күткен 8 жасар қыз, бауыр күткен 5 жасар бала экранда көрсетілді, анасының көз жасы, донор табылғандағы қуаныш, халық мұны көрді, статистика емес, адам көрді, сенім қағазбен емес, жанашырлықпен оралды. 

Сондықтан eGov-тағы бір батырма бір өмірге айналды.

**Бұдан не өзгереді? **

Үш нәрсе.Біріншісі – кезек қысқарады, өлім азаяды. Қазір жылына 68 посмерттік операция – мұхиттағы тамшы. Егер 17 мың келісім 50 мыңға жетсе, жылына 200-300 адам екінші өмір алады, диализде бес жыл сарғайып отырған адам екі жылда бүйрек алады, жүрек күткен бала жүрексіз өлмейді.Екіншісі – қара нарық пен шетелге кету тоқтайды. Қазір бүйрек күткен адам соңғы үмітпен Үндістанға, Түркияға кетеді, 30-40 мың доллар шашады, ақшасы жоқ адам үндемей өледі.

Егер өз елімізде посмерттік донорлық дамыса, адам шетелге кетпейді, өз мемлекетінде, кезегімен, тегін алады, "байға сатады" деген әңгіме де табиғи түрде өледі.Үшіншісі, ең маңыздысы – дәрігерге деген сенім қайтады. Халық реанимациядан қорқады, "өлтіріп қоя ма" дейді. Ал шын мәнінде посмерттік донорлық – реанимацияның күштілігінің белгісі, миы өлген адамның денесін үш күн бойы ұстап, жүрегін соқтырып, бір денеден үш адамға өмір сыйлау – бұл медицинаның шыңы, бұл дәрігердің адамды соңғы секундқа дейін күзеткені.

Халық осыны түсінсе, дәрігерді жау емес, серік деп қарай бастайды, eGov-тағы келісім батырмасы "мен дәрігерге сенем" деген үнсіз қолтаңбаға айналады.Қысқасы, 75% өсім – жай пайыз емес, бұл бетбұрыс. Бұдан кейін бас тарту емес, келісім сәнге айналса, Қазақстанда трансплантация жылдар бойы күтуден жоспарлы, қолжетімді операцияға айналады.

---

Опубликовано: 2026-10-11T07:52:16+05:00

Обновлено: 2026-10-11T07:52:19+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-11-senimsizdik-sindromy-syndy-posmerttik-donorlyqqa-kelisim-75-gha-oesti/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.