---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-13-czifrlyq-egemendik-qajda-taksi-naryghyndaghy-200-milliardtyng-sabaghy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Цифрлық егемендік қайда? Такси нарығындағы 200 миллиардтың сабағы

![Яндекс представляет обновленный сервис «Пэй» для управления деньгами](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/09/yandeks-predstavlyaet-obnovlennyj-servis-pej-dlya-upravleniya-dengami-bizmedia.kz_.jpg)

11 қазан күні елімізде болған жағдай біраз жайттың бетін ашып атстады. Яндекс Go қосымшасы бір күн бойы істемей қалғанда, такси қызметі ғана емес, тұтас бір саланың сыртқа тәуелді екені көрінді. Бұл – жай техникалық ақау емес, цифрлық қауіпсіздік мәселесі.

[![Фото: © РИА Новости. Валерий Мельников ](https://bizmedia.kz/app/uploads/2023/09/yandeks-predstavlyaet-obnovlennyj-servis-pej-dlya-upravleniya-dengami-bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/09/yandeks-predstavlyaet-obnovlennyj-servis-pej-dlya-upravleniya-dengami-bizmedia.kz_.jpg)Фото: © РИА Новости. Валерий Мельников

Сол күні Яндекс тоқтаған соң, халық жаппай inDrive қосымшасына ауды. Сұраныс үш есеге артып, көлік жетпей, тоғыз жүз теңгелік жолдың бағасы төрт мыңға дейін шарықтады. Осындай қиын сәтте inDrive компаниясының басшысы Арсен Томский комиссияны бір пайызға дейін түсіріп, бағаны тұрақтандыруға тырысты. Нәтижесінде ондаған мың жүргізуші желіге шығып, жағдай сәл де болса реттелді. Алайда бұл бір пайыздық комиссия – тұрақты жеңілдік емес, төтенше жағдайда ғана қолданылатын уақытша шара. Өйткені бір пайыз – салық пен банк шығынын ғана жабатын ең төменгі мөлшер. Компания оны бір-екі күн ғана ұстай алады.

Көпшілік мұны бір күндік ақау деп ойлады. Бірақ шындық басқаша болып шықты. Exclusive.kz дерегіне сүйенсек, Яндекстің Ресейдегі үш дата-орталығы зақымданған. Рязань және Владимир облыстарындағы орталықтар толық істен шыққан, Қалугадағы орталық жартылай зақымданған. Оларды қалпына келтіруге кемінде жарты жыл уақыт керек. Бұл – тек таксиге ғана емес, Яндекс Еда, Яндекс Музыка сынды басқа да қызметтерге әсер етіп отыр. Сервер жабдықтарының бағасы өсуде. Яғни 11 қазанда Алматыда такси тоқтаса, оның түпкі себебі Мәскеудегі инфрақұрылымның құлауы еді.

Осы жерден үлкен экономикалық мәселе туындайды. Яндекстің өзі жариялаған мәлімет бойынша, 2025 жылдың он айында ғана қазақстандық жолаушылар таксиге 521 миллиард теңге төлеген. Бұл күніне 1,7 миллиард теңге деген сөз. Яндекс әр сапардан 25-30 пайыз комиссия ұстап қалады. Демек, он айда 130-156 миллиард, жылдық есеппен 190 миллиард теңгеге жуық қаражат тек комиссия ретінде жиналады.

Нарықтағы екінші ірі ойыншы – inDrive. Компанияның қаржылық есебі жабық болғанымен, нарықтағы үлесіне қарап, оның жылдық айналымы 300-400 миллиард теңге, ал комиссиясы 30-40 миллиард теңге шамасында деп бағалауға болады. Екеуін қосқанда, жылына 800 миллиард теңгеге жуық қаржы айналып, оның 200 миллиардқа жуығы екі платформаның еншісіне кетеді.

Ең басты сұрақ – сол 200 миллиард қайда кетеді? Яндекс Qazaqstan Қазақстанда тіркелгенімен, төлемді өңдейтін жүйесі, баға белгілейтін алгоритмі, деректер базасы Мәскеуде орналасқан. Жолаушы картамен төлегенде, ақша алдымен шетелдегі шотқа түсіп, бірнеше күннен кейін ғана жүргізушіге жетеді. Осыны Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов орынды атап өтті. Ол мұны ақшаның шекара асып, қырқылып барып қайтуы деп бағалады. Расында да, күніне 1,7 миллиард теңге шетелде үш күн жатса, одан түсетін банк өсімінің өзі үлкен табыс. Оның үстіне Яндекс Қазақстан аналық компанияға технология қолданғаны үшін роялти төлейді, оның мөлшерін өзі белгілейді және оны бүгінде ешкім тексермейді.

Ал отандық АПАРУ платформасында бәрі басқаша. Жолаушы төлеген ақша бірден жүргізушінің шотына түседі, платформаға бар болғаны 60 теңге ғана қалады. Бұл платформа он жылдан бері Өскемен қаласында Яндексті кіргізбей, өз нарығын сақтап келеді. Қазір Қызылордадағы мемлекеттік Эко такси жобасында және Алматыда да АПАРУ жұмыс істейді. Бұл – нағыз отандық балама.

inDrive компаниясы 2022 жылы Ресейден шығып, кеңсесін Алматыға көшірді, басшысы Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды. Дегенмен заңды тұлға ретінде ол АҚШ-та тіркелген жаһандық компания күйінде қалды, тек технологиялық орталығы Алматыда орналасқан.

Екі алып компанияның ортақ тұсы – екеуі де Astana Hub резиденті. Бұл мәртебе оларға он жылға дейін корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан босатылуға мүмкіндік береді. Яндекс 108 мың жүргізушіні жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, олардың 290 миллиард табысынан 8,3 миллиард теңге салық ұстап бергенін хабарлады. Бірақ бұл жүргізушінің өзі төлейтін 4 пайыздық салық қана. Ал компанияның өз пайдасынан бюджетке қанша төлегені белгісіз. Бір есеппен, егер Яндекс жылына 160 миллиард пайда тауып, одан 20 пайыз салық төлеуі керек болса, бюджетке 32 миллиард теңге түсуі керек еді. Жеңілдіктің кесірінен бұл ақша бюджетке түспей отыр. Бұл – жасырын субсидия.

Осы жерде заңның олқылығы көрінеді. Жоғары аудиторлық палата тек бюджеттен тікелей ақша алған ұйымдарды ғана тексереді. Ал Яндекс пен inDrive заң жүзінде жеке бизнес болғандықтан, салық жеңілдігі бюджет шығыны деп саналмайды, ол бюджетке түспей қалған табыс деп саналады. Сондықтан палатаның құзыры оларға жетпейді. 32 миллиард түспей қалса да, оны сұрайтын, тексеретін орган жоқ.

Ал әлемдік тәжірибе басқаша. Ұлыбританияда Ұлттық аудит кеңсесі мемлекеттен жеңілдік алған жеке компанияны да тексереді. АҚШ-та Мемлекеттік есеп басқармасы трансферттік бағаны қарайды. Францияда Uber сияқты платформалар қоғамдық көлік жүйесінің бөлігі деп танылып, аудиттен өтеді. Қазақстан да Халықаралық жоғары аудит ұйымының мүшесі, бірақ осы стандартты әлі ішке енгізген жоқ.

Егер Яндекстің дата-орталықтары жарты жылда қалпына келмесе, Қазақстанның такси нарығы да жарты жыл бойы тәуекелде тұрады. Сервер бағасы өссе, Яндекс шығынын жабу үшін комиссияны түсірмейді, қайта көтеруі мүмкін.

Сондықтан мәселені тыйыммен емес, ережемен шешу керек. Біріншіден, заңға жылдық айналымы 50 миллиард теңгеден асатын және Astana Hub арқылы жеңілдік алған цифрлық платформалар мемлекеттік аудит нысаны болып саналады деген норма енгізу қажет. Екіншіден, төлемді өңдеуді Қазақстан аумағына көшіруді міндеттеу керек. Үшіншіден, комиссияға 10-12 пайыздан аспайтын шек қою керек. Төртіншіден, АПАРУ сынды отандық платформаларға мемлекеттік қолдау көрсету қажет.

Жылына 200 миллиард теңге сыртқа кетіп, тізгін алты айға жоғалып жатқанда, бұл – жай нарық мәселесі емес, экономикалық қауіпсіздік пен цифрлық егемендік мәселесі.

---

Опубликовано: 2026-10-13T08:05:04+05:00

Обновлено: 2026-10-13T08:05:07+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-13-czifrlyq-egemendik-qajda-taksi-naryghyndaghy-200-milliardtyng-sabaghy/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.