---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-14-uekimet-pen-ulttyq-bank-nege-eki-tuerli-soejlejdi-zhumangarin-tuesindirdi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Үкімет пен Ұлттық банк неге екі түрлі сөйлейді? Жұмангарин түсіндірді

![ВВП, экономика](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/09/currency-change-piles-coins-edited.jpg)

Ұлттық банк пен Үкіметтің экономикалық өсімге қатысты есебі қашан да екі түрлі болып келетін. Бірі оптимист, бірі консерватор.

[![Фото: Magnific](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/09/currency-change-piles-coins-edited-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/09/currency-change-piles-coins-edited.jpg)Фото: Magnific

Бұл жолы вице-премьер Серік Жұмангарин оның себебін ашық айтты.Үкімет 2027 жылы экономика 5,3 пайызға өседі деп отыр. Ал Ұлттық банк 3,5-4,5 пайыз ғана деп болжайды.

## Айырмашылық бір жарым есе

Жұмангариннің айтуынша, болжам сырғымалы, оны ішкі-сыртқы ахуалға қарай түзетіп отыру керек. Кейбір факторларды алдын ала болжау мүмкін емес.

> "Үкіметтің міндеті – болжамға барынша дәл түсу. Ал банктер, халықаралық институттар әрқашан консервативті болжам береді. Біз өз болжамымыз үшін жауап береміз", - деді ол.

## Министр үш факторды атады

 Біріншіден, жыл басындағы Теңіздегі апат пен Каспий құбыр консорциумындағы ақау салдарынан Қазақстан 6 миллион тонна мұнай өндіре алмады.

> "Мұнай жерде жатыр, бірақ экономикаға қатыспады", - деді Жұмангарин.

Екіншіден, теңге тым қатты нығайып кетті. Соның кесірінен бюджет импорттан түсетін ҚҚС-тан қағылды, экспорттаушылар да табысының бір бөлігінен айырылды. Ұлттық банктің өзі мойындап отыр, тоғыз айда теңге 13,7 пайызға нығайып, 440,5 теңгеге жеткен.

Үшіншіден, халықтың шамадан тыс несиеленуін азайту үшін тұтынушылық несие нарығын әдейі суыту қолға алынды. Бұл сұранысты азайтты. Ал мұнай бағасына қатысты да ортақ мәміле жоқ. Әлемдік банктердің бірі баррелі 85 доллар болады десе, енді бірі 54 доллар деп отыр. АҚШ Энергетика министрлігі 64 доллар дейді. Үкімет өз болжамына 70 долларды салып отыр.

## Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов не дейді?

Ол бұған дейін-ақ жауап берген. Маусымдағы мәлімдемесінде:

> "2026 жылғы өсімді 4,5-5,5 пайызға дейін көтердік. Ал 2027-2028 жылдарға 3,5-4,5 пайыз деп отырмыз. Бұл – әдейі консервативті бағалау. Біз консерватизм қағидатын ұстанамыз. Экономика біртіндеп өз әлеуетіне қарай тегістеледі, мұнай бағасы да сценарий бойынша төмендейді", - деген.

Сүлейменовтың тағы бір ескертуі бар: квазимемлекеттік сектордың ірі жобаларды қаржыландыруы ақша массасын көбейтіп, ақша-несие саясатының әсерін әлсіретуі мүмкін.Жумангарин де оны мойындайды: "Консервативті болжам берген әрқашан кәсібирек. Жыл ішінде жоғары қарай түзету оңай, төмен қарай қателескеннен гөрі".

Түйін біреу. Үкімет – өсімге, Ұлттық банк – баға мен теңгеге жауапты. Бірі газды басса, бірі тежегішті басады. Бұл – теңгерім.

---

Опубликовано: 2026-10-14T12:59:26+05:00

Обновлено: 2026-10-14T12:59:29+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-14-uekimet-pen-ulttyq-bank-nege-eki-tuerli-soejlejdi-zhumangarin-tuesindirdi/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.