---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-16-almatynyng-uly-koeshi-zauyt-ketse-paeter-arzandaj-ma/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Алматының ұлы көші: зауыт кетсе, пәтер арзандай ма?

![Алматының ұлы көші: зауыт кетсе, пәтер арзандай ма?](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/02/kvartirnyj-vopros.jpg)

Пәтер құнының 60 пайызы – құрылыс материалы. Соның үштен бірі шетелден келеді. Осындайда ипотеканың алғашқы жарнасын емес, кірпіштің өзіндік құнын түсірген жөн емес пе? Ол үшін зауытқа салық жеңілдігі керек пе? 

[![Иллюстрация — Алматының ұлы көші: зауыт кетсе, пәтер арзандай ма?](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/02/kvartirnyj-vopros-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/02/kvartirnyj-vopros.jpg)

Бұл мәселенің екі жағы бар.

-  Бірі – Премьер Олжас Бектенов ипотека жарнасын түсіру тетігін пысықтауды тапсырғанда,
- екіншісі – Алматыда 276 кәсіпорынды қала сыртына көшіру жоспары шыққанда.

## Екеуі бір түйіннің екі ұшы

Бұл пәрмен емес, тапсырма. Бектенов 14 қазандағы жиында "жарнаны түсіріңдер" деп бұйрық берген жоқ. Хаттамада "түсіру тетігін пысықтаңдар" делінген. Яғни жолын қарастырыңдар деген тапсырма. 20 миллиондық пәтер үшін 10 пайыз жарна – 2 миллион теңге. Жеңілдікке мұқтаж адамда 2 миллион болса, ол неге жеңілдік сұрайды? Жарнаны 5 пайызға түсірген күнде адам үйге кіреді, бірақ қарызы 18-ден 19 миллионға өседі. Айлық төлемі де өседі. Бұл пәтерді арзандату емес, борышты көбейту.

## Нағыз мәселе – пәтердің өзіндік құнында. Қаншасын өзіміз шығарамыз?

QazIndustry дерегі: биылғы 7 айда нарық көлемі – 2,17 миллиард доллар. 69,2 пайызын өзіміз жаптық, 30,8 пайызы импорт. 2020 жылы импорт 42 пайыз еді. Төрт жылда 9 пайызға ғана түсті. Жіліктеп қарасақ, сурет басқаша: Іргетасын өзіміз құямыз: цемент, кірпіш, бетон – 90-100 пайыз өзіміздікі. Цемент өндірісі биыл 16,6 пайызға өсті. Жартысын жабамыз: гипсокартон, құрғақ қоспа – 50-70 пайыз. Ал қымбат әрлеуі түгел шетелдікі: шыны пакет, қасбет жүйесі, жылу оқшаулағыш, лифт, сантехника – 80-100 пайыз импорт. Бәсекеге қабілеттіміз бе?

Баға жағынан цемент, кірпіш – біздікі 15-20 пайыз арзан. Жолы қысқа. Бірақ биыл цементтің өзі 45,8 пайызға қымбаттап, бұл артықшылық жоғалды. Ал гипсокартон, жылытқыш – біздікі 10-15 пайыз қымбат. Шикізаты шетелден. Сапа жағынан ауыр материалда – цемент, арматура – импортпен теңбіз, 95 пайыз. Ал әрлеу материалында – кафель, ламинат, сантехника – 30-40 пайыз төменбіз. Инженерлік жабдықта – лифт, сорғы – 50 пайыз. Орташа алғанда бағада 70, сапада 60 пайыз бәсекелесеміз. Яғни толық бәсеке – 60-65 пайыз ғана. Салдары бар: өзіндік құн шаршысына 290 мыңнан 310 мыңға көтерілді. 70 шаршылы пәтерге 1,4 миллион қосылды. Оны кім төлейді? Сатып алушы.

## Неге олай? Үкімет төрт жыл бойы тыйыммен жүрді

31 мамырда цемент импортына 6 ай тыйым салды, баға шарықтаған соң 5 қазанда қайта ашты. Тыйым салу – оңай, зауыт салу – үш жыл. Сондықтан зауытқа жеңілдік керек. Үшеу: жер және мүлік салығынан бес жылға босату, 12,6 емес, 6 пайызбен он жылға арзан ақша және әкімдіктен бес жылға кепілді тапсырыс. Осы үшеуі болмай, импорт 30-дан 15 пайызға түспейді. 1200 гектар және 276 зауыт. Бұл ұлы көш пе? Дәл осы кезде Алматыгенплан тағы бір жаңалық шығарды: қаладан 276 кәсіпорын көшіріліп, 1200 гектар жер босатылады. Бұл 1700 футбол алаңы.

Оның орнына не салады? Тұрғын үй, саябақ, мектеп, емхана. Үш аумақ белгілі: Алмалыдағы АЗТМ, Үлкен Алматы каналы бойы және Сайран көлі маңы.

## Мұны қала ортасындағы кәсіпорындардың ұлы көші деуге бола ма?

Болады.Кеңес кезінде қалаға зауыт кіргізген. Қазір алғаш рет қаланы зауыттан тазартып жатыр. Бұл жарты ғасырдағы ең үлкен көш. Бірақ соңғы көш емес.

Біріншіден, бұл бірінші толқын ғана. Түрксіб ауданына тиіспеді.

Екіншіден, ақшасы шешілмеген. Генпланның өзі "кім төлейді, білмейміз" дейді.

Үшіншіден, кейбірі жаңғыртумен қалады.

Ең маңыздысы – тізімде "ауыр, химиялық және құрылыс өнеркәсібі қала сыртына шығады" деп жазылған. Яғни біз айтқан құрылыс материалын шығаратын зауыттардың өзі көшетіндер қатарында. Оларды Алатаудағы индустриалды аймаққа және облыстағы тоғыз алаңға – Қазыбек-бек, Байсерке, Боралдай, Қайрат, Берекеге апарады.

## Тәуекелі неде?

Зауытты көшіру – өндірісті тоқтату, жаңа цех салу, жаңа логистика. Кірпіш Алматыға енді 30-50 шақырымнан тасылады. Жолы 10-15 пайыз қымбаттайды. Егер көшу шығынын иесі өз қалтасынан төлесе, ол материал бағасына қосылады.

Ал 1200 гектар – мүмкіндік. Алматыда жер – пәтер құнының 30-40 пайызы. Орталықта шаршысы 796 мың, шетте 300 мың. Егер босаған жер желісімен, жолымен берілсе, жер арзандайды, пәтер арзандайды. Формуласы осы: зауытты көшіру – кірпішті қымбаттатады, бос жерді дұрыс игеру – пәтерді арзандатады.

## Түйін

Бектенов жарнаны түсіріңдер деп пәрмен берген жоқ, тетігін қарастырыңдар деді. Бірақ тетік жарнада емес.Ипотека жарна түскеннен емес, тауар арзандағанда қолжетімді болады. Ал тауар арзандауы үшін зауытқа салық жеңілдігі, арзан ақша, кепілді тапсырыс керек.

Алматыдағы 276 зауыттың көші – шынымен ұлы көш. Бірақ соңғы емес, бірінші. Егер Үкімет көшетін құрылыс зауыттарына жеңілдік беріп, көшу шығынын жаппаса, кірпіш Алматыға жеткенше қымбаттап кетеді. Сонда жарнаны түсіргенмен, пәтер арзандамайды

---

Опубликовано: 2026-10-16T09:43:44+05:00

Обновлено: 2026-10-16T09:43:47+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Алматы жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/almaty-zhangalyqtary/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-16-almatynyng-uly-koeshi-zauyt-ketse-paeter-arzandaj-ma/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.