---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-19-uerker-2026-kimdi-toerge-shyghardy-100-myngdyq-auditoriyasy-bar-qily-kezeng-nege-oetpej-qaldy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# «Үркер»-2026  кімді төрге шығарды: 100 мыңдық аудиториясы бар «Қилы кезең» неге өтпей қалды?

![Журналисты с камерами](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/01/apellyacziya-zhurnalistov-protiv-minkultury-proigrana_bizmedia-kz_.jpg)

Биылғы Үркер Астанада, Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Алғаш рет «Тұмар» мен «Үркер» Qazaqstan Media Awards деген бір шаңыраққа бірікті. 12 аталым, 600-ден астам өтінім, сахнада жарқ-жұрқ суретке түскен бұрынғы һәм бүгінгі депутаттар.

[![Фото: Fotolia / Microgen](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/01/apellyacziya-zhurnalistov-protiv-minkultury-proigrana_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/01/apellyacziya-zhurnalistov-protiv-minkultury-proigrana_bizmedia-kz_.jpg)Фото: Fotolia / Microgen

Жеңімпаздар да белгілі: жыл журналисі – Жанар Сердалина, үздік радиожоба – Қазақ радиосының «Ойтұмасы», үздік медиажоба – Tengrinews. Лайықты, еңбегі сіңген редакциялар.

## Бірақ осы салтанаттан кейін әлеужеліде басқа әңгіме қалды

Үркерге 12 сериялық «Қилы кезең» жобасымен үміткер ретінінде қатысқан журналист Асылхан Мамашұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: “Қилы кезең” құлады.  Мемлекеттің баспасөзге арналған “Тұмар”, “Үркер” деген бәйгесіне “Қилы кезеңді” қоса салған едім, қыр аспай құлапты.

“Үркердің” бірер номинациясына төрт құбылаң сай келіп тұр, шаппай жығылғаннан, шауып жығылған жақсы, өкіметтің реакциясын байқайық, барып қайт” деп “Қилы кезеңді” “Үркердің” поштасына талапқа сай сықитып салғанмын. Әрі дегенде 15 минут уақытымыз сарп болды.

Бірақ ол ұсынысымызды біреу-міреу ашып қарайтынына да, қараса да әрі қарай жылжыта қоярына да әу бастан сенбедім, әрине.

> “600-дей материал түсті, ығай мен сығай журналистер әділ қазылық қылды, сыйлықты біз тапсырдық, журналистиканың абыройын асырдық”, - деп әділеттің аты мен ақ туын арқалап жүрген бұрынғы һәм бүгінгі депутаттар жарқ-жұрқ суретке түсіп, біраз дуылдатып жатыр екен. 

600 материалды кім қарап отырсын, “былтыр анау алды, биыл мынау алсын” деген қой кезек болған да шығар, бәлкім деген де ой келді.

“Үркерді” алғандар ішінде “бөтен қой” жоқ, бәрі өкіметтің өзінікі екен расында. “Қилы кезеңнің” 12 сериясы түгел шыққанда  бірлі-жарым ютуб арна болмаса, әншейінде біреу түшкірсе жәрекімаллалап отыратын ресми, бейресми һәм тәуелсіз БАҚ-тар да ләм демеген. Есесіне осы әлеужелінің, фб достардың көңілімізді марқайтқан ықылас-пейілі айрықша зор болған. Аты-жөнімді тегтеп қойып (арбаға байлап қойып) бетке мақтағандар да көптұғын. Сөйткен “Қилы кезеңдеріңіз” өмірінде алғаш рет өкіметтің бәйгесіне қатысып, омақаса құлады. Өкіметтің бәйгесінде нем бар еді десеңші».

Асылхан айтып отырған «Қилы кезең» – 12 сериясы түгел шыққан, YouTube-та 100 мыңдық аудиториясын тапқан жоба. Ресми телеарнада көрсетілген жоқ. Автордың өзі айтқандай: «“Қилы кезеңнің” 12 сериясы түгел шыққанда бірлі-жарым ютуб арна болмаса, әншейінде біреу түшкірсе жәрекімаллалап отыратын ресми, бейресми һәм тәуелсіз БАҚ-тар да ләм демеген. Есесіне осы әлеужелінің, фб достардың көңілімізді марқайтқан ықылас-пейілі айрықша зор болған. Аты-жөнімді тегтеп қойып (арбаға байлап қойып) бетке мақтағандар да көптұғын. Сөйткен “Қилы кезеңдеріңіз” өмірінде алғаш рет өкіметтің бәйгесіне қатысып, омақаса құлады».

## Неге өтпеді?

Өйткені «Қилы кезең» – оңай тақырып емес. Ол еліміздің ең қилы кезеңдерін, Желтоқсан мен Қаңтардың жарасын, билік транзитінің бұлтарысын қозғайды. Бұл – ресми тарихнаманың сыртындағы әңгіме. Ал біздің ресми БАҚ әлі де ресми нұсқадан аттап басуға жүрексінетін күйде. Бұл жоғарыдан келген тыйым емес, іштей қалыптасқан сақтық. Оның үстіне, мемлекеттік қолдаумен отырған редакция үшін мұндай тәуелсіз жобаны көтеру – тәуекел.

Сондықтан да халық көрген дүниені төр көрмейді.Ал осы жерде бір ұтымды жол бар. Кейде ағысқа қарсы жүзгендей көрінетін осындай журналистерді төрге шығару – билікке де, қоғамға да тиімді.Билік үшін бұл – ашықтық белгісі. «Біз сыни дауыстан қорықпаймыз» деген сенім.

Қоғам үшін – әділдік. «Мемлекет тек өзінікін ғана емес, шын еңбекті де көреді» деген үміт. Егер Үркерде «Қоғам таңдауы» деген бір номинация болып, «Қилы кезең» сияқты халық көрген жобаларға орын табылса, сыйлықтың салмағы да, абыройы да артар еді.

---

Опубликовано: 2026-10-19T07:17:45+05:00

Обновлено: 2026-10-19T07:17:48+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-19-uerker-2026-kimdi-toerge-shyghardy-100-myngdyq-auditoriyasy-bar-qily-kezeng-nege-oetpej-qaldy/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.