---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-23-zhoo-ny-uesh-zhylda-bitiru-gumanitarijge-zhetedi-hirurgke-zhetpejdi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# ЖОО-ны үш жылда бітіру: гуманитарийге жетеді, хирургке жетпейді

![Человек в синих перчатках на руках](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/03/uchenye-razrabotali-tehnologiyu-dlya-otslezhivaniya-nervnogo-napryazheniya-u-hirurgov_bizmedia.kz_.jpg)

Елімізде бакалавриатты үш жылға қысқарту ұсынылды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысқа жауап беріп, басты мәселе жыл санында емес, кредит көлемі мен сапада екенін айтты.

[![Фото: Freepik](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/03/uchenye-razrabotali-tehnologiyu-dlya-otslezhivaniya-nervnogo-napryazheniya-u-hirurgov_bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/03/uchenye-razrabotali-tehnologiyu-dlya-otslezhivaniya-nervnogo-napryazheniya-u-hirurgov_bizmedia.kz_.jpg)Фото: Freepik

Бұл – орынды ұстаным. Өйткені үш жылдық білім – әлем үшін жаңалық емес, қалыптасқан стандарт.

## Әлем екі модельмен оқытады

Бірінші – Болон моделі. Еуропаның 49 елі осы жүйеде. Бакалавр – 180 кредит, үш жыл. Ұлыбританияда, Францияда, Германияда, Италияда, Нидерландта гуманитарлық мамандықтар осы мерзімде оқытылады. Формула қарапайым: 3+2 – үш жыл бакалавр, екі жыл магистратура.

Екінші – американдық модель. Қазақстан, АҚШ, Испания сияқты елдер төрт жыл оқытады – 240 кредит. Мұнда бірінші курс жалпы пәндерге кетеді.

Демек, әңгіме бағдарламаны механикалық қысқарту туралы емес, оқуды тығыздау туралы.

## Қай бағытты қысқартуға болады?

Бектенов дұрыс бөліп айтты: бәріне бір өлшем болмайды.Зертхана мен клиниканы қажет етпейтін бағыттарды үш жылда беруге әбден болады. Олар – тарих, филология, әлеуметтану, халықаралық қатынастар, экономика, IT, маркетинг, бизнес-аналитика. Ал медицина, ветеринария, инженерия, өнер, педагогиканың күрделі салаларына ерекше тәсіл керек. Онда кәсіби шеберлік жылдар бойы, тәжірибе арқылы ғана қалыптасады.

Қазақстанда бұл тәжірибе басталды да. Бірқатар ЖОО триместрлік жүйеге көшті. Жылына екі семестр емес, үш триместр оқып, 16 мыңнан астам студент компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, цифрлық құқық бағыттарында білім алып жатыр.

## Ал журналистер ше?

Бұл қатарда журналистика – қысқартуға ең бірінші сұранып тұрған мамандық.Журналист аудиторияда емес, редакцияда қалыптасады. Төрт жыл теория оқығанша, үш жылда базалық білім алып, бір жыл ерте далаға шыққаны тиімді. Әлемнің үздік мектептері осылай істейді. Ұлыбританиядағы City University мен Goldsmiths-те журналистика – 3 жыл. Германия мен Францияда да медиа және коммуникация бағыттары Болон жүйесімен үш жыл оқытылады.

Сондықтан журналистиканы үш жылға көшіргенде жалпы, қайталанатын пәндерді алып тастап, орнына дуальды оқытуды күшейту керек. Екінші курстан бастап студент аптасына екі күн дәрісте, үш күн редакцияда жүруі тиіс. Дипломдағы баға емес, жарияланған 50 материал – басты баға болуы керек. Төрт жыл оқытып, қолында қаламы жоқ маман шығарғанша, үш жылда нарыққа дайын журналист шығарған – студентке де, медиа нарыққа да, бизнеске де пайдалы.

## Түйін

Үш жылдық бакалавриат – білімді азайту емес, уақытты ұтымды пайдалану. Гуманитарлық бағыт, соның ішінде журналистика үшін бұл – әлемдік қалып. Егер сапа түспей, кредит көлемі сақталса, студент бір жыл ерте еңбек нарығына шығады, ал бизнес қажетті маманды тез алады.

---

Опубликовано: 2026-10-23T11:59:39+05:00

Обновлено: 2026-10-23T11:59:42+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-23-zhoo-ny-uesh-zhylda-bitiru-gumanitarijge-zhetedi-hirurgke-zhetpejdi/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.