---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-29-22-zauytty-zhabu-ongaj-biraq-qytaj-olardy-alypqa-ajnaldyrdy-qazaqstan-ne-istejdi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# 22 зауытты жабу оңай, бірақ Қытай оларды алыпқа айналдырды: Қазақстан не істейді?

![Цены на автомобильное топливо в Чехии продолжают расти четыре недели подряд - Bizmedia.kz](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/06/czeny-na-avtomobilnoe-toplivo-v-chehii-prodolzhayut-rasti-chetyre-nedeli-podryad-bizmedia.kz_.jpg)

Елімізде жанармай туралы сөз болғанда бәрі 3 алып зауытты ғана айтады: Атырау, Павлодар, Шымкент. Бірақ осы үш алыптан бөлек, көлеңкеде қалып жатқан тағы 22 шағын зауыт бар және олар нарықтың бір бөлігін үнсіз көтеріп келеді.

[![Фото: unsplash.com.](https://bizmedia.kz/app/uploads/2023/06/czeny-na-avtomobilnoe-toplivo-v-chehii-prodolzhayut-rasti-chetyre-nedeli-podryad-bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2023/06/czeny-na-avtomobilnoe-toplivo-v-chehii-prodolzhayut-rasti-chetyre-nedeli-podryad-bizmedia.kz_.jpg)Фото: unsplash.com.

Сонда оларды жабу керек пе деген сұрақ туады. Жауап беру үшін алдымен неге көбейгенін түсіну керек.

## Олар неге көбейді?

Себебі 3 алып зауыттың қағаздағы қуаты 17,5 млн тонна болғанымен, нақты өмір басқа. Жазда біреуі жөндеуге тұрады, күзде егін науқаны басталады, сол кезде нарықта бірден дизель жетіспей қалады. Міне, осы кезде пайда болатын олқылықты арзан отынымен жауып отырған – шағын зауыттар. Яғни, олар сұраныс болғандықтан көбейді. Бірақ дәл осы арзандық пен сұраныс оларды көлеңкеге де итермелейді және осы жерден негізгі проблема басталады.

## Проблема қайдан шығады?

Бұл сұраққа мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Ысмайылов үш себеппен жауап береді:

> "Бірінші – мұнайды автоцистернамен тасу оңай, қайдан келгенін қадағалау қиын. Екінші – технологиясы қарапайым, бензинді тез бөліп алып, басқа атпен сата салады. Үшінші – шикі мұнай мен дайын өнімнің салығы әртүрлі, осыдан пайда көреді".

Осыдан түсінетініміз, бұл қылмыстық бейімділік емес, бақылаудың жоқтығы. Құбырмен келетін мұнайды санау оңай, ал 20 тонналық машинамен әр жақтан келген мұнайды кім санап отыр? Қадағалау болмаған соң, салықтағы айырмашылықты пайдаланып, зауыт "пеш отыны" деген жалған құжатқа жүгінуге мәжбүр болады.

Дегенмен, Ысмайыловтың өзі бұл жерде маңызды ескерту жасайды: "Барлық шағын зауытты бірдей кінәлауға болмайды. Арасында жабдыққа ақша салып, адамдарды жұмыспен қамтып, адал істеп отырған кәсіпорындар бар". Демек, мәселе зауыттың бар-жоғында емес, оның қалай есептелетінінде болып тұр және осыдан шешім де шығады.

## Есеп болса, көлеңке азаяды

Егер әр зауытқа "қанша кірді, қанша шықты" дейтін онлайн есептегіш қойылса, жоғарыдағы үш схеманың үшеуі де бірден жабылады, өйткені шикізаттың шығу тегі көрінеді, өнімнің аты ауыспайды, салықтан жалтару мүмкін болмай қалады. Бұл жабу емес, керісінше жарыққа шығару. Ал егер жарыққа шығарудың орнына, оңай жолды таңдап, жауып тастасақ не болады?

## Жапсақ, тапшылық кете ме?

Бұл сұраққа мұнай нарығының сарапшысы Олжас Байділдинов суық арифметикамен жауап береді: "Шағын зауыттарды жапсақ, ішкі бағаға қатты әсер етпейді. Олар нарыққа көп әсер етпейді. Бірақ тапшылық ешқайда кетпейді. Битум, авиакеросин бойынша 30-40% импортқа тәуелдіміз, дизель де жетіспейді. Кем дегенде 2030 жылға дейін Ресейден әкелуге тәуелді боламыз".

Бұл пікір бірінші сарапшының ойын заңды түрде жалғастырады. Егер біріншісі "оларды реттеу керек, өйткені бақылау жоқ" десе, екіншісі "жапсақ та, мәселе шешілмейді, өйткені тапшылық бәрібір қалады" дейді.Сондықтан 22 зауытты жабу – мәселені шешпейді, қайта ушықтырады, өйткені олар беріп отырған 1,5-2 млн тонна арзан отынды және 5-7 мың жұмыс орнын ешкім бір күнде толтыра алмайды. Ал төртінші алып зауыт әлі 7 жылдан кейін, 2033 жылы ғана салынады.Бірақ мұнда ең маңызды сұрақ басқада жатыр.

## Біз неге оларды жабу туралы ғана ойлаймыз, өсіру туралы неге ойламаймыз?

Біздің қателік: біз оларға өс деген жоқпыз. Шын мәнінде әлемдегі барлық алып зауыт шағыннан басталған, ал біздің ең үлкен қателігіміз – шағын зауытты "пеш" деп қарап, "зауыт" деп қарамауымыз. Қарашы, тізбек қалай үзілді: зауыт ашылады, бірақ шикізатқа қол жеткізе алмайды, өйткені құбыр тек 3 алыпқа берілген. Амалсыздан көлікпен, қымбатқа тасиды. Қымбатқа тасыған соң шығынын жабу үшін "пеш отыны" деп жазады. Құжат бұрмаланған соң мемлекет "сен алаяқсың" дейді, кредит бермейді, технология жаңарта алмайды. Сөйтіп, ірілене алмайды.

Яғни, біз өзіміз шеңбер жасап қойдық. Іріленуіне жағдай жасамадық, сосын "неге іріленбейсің" деп кінәладық. Ал қазіргі төртінші МӨЗ концепциясында осы 22 зауыттың тағдыры мүлде жоқ. Жоғарыдан төмен: "10 млрд долларға алып саламыз, мәселе шешіледі" деген логика. Бірақ олар қосыла ма, кластер бола ма, жабыла ма – бір ауыз сөз жоқ. Себебі олардың бірыңғай ассоциациясы, дауысы жоқ.

## Ал әлем не істеді?

1. Қытайдың "шайнектері". 1990 жылы Қытайда біздікіндей 100-ден аса шағын зауыт болды. Мемлекет оларды жаппады, керісінше шарт қойды: "Квота беремін, бірақ экология, Еуро-5, цифрлық есеп болсын". Нәтижесінде 20 жылда сол "шайнектердің" 20-сы жылына 20 млн тонна өңдейтін алыпқа айналды.

## Олар қалай өсті?

Мемлекет "өс" деді.

2. АҚШ тәжірибесі. АҚШ-та 135 зауыт бар, 60-тан астамы – шағын. Олар алыптармен бәсекелеспейді. Біреуі тек авиакеросин, біреуі тек битум шығарады. Яғни, ниша тапты. Бізде де барлық шағын зауыт бензин қумай, біреуі битумға, біреуі жол майына маманданса, алыпқа бәсеке емес, серіктес болады.

Қорытынды: көпір болу мүмкін бе? Иә, болады, бірақ мүмкіндікті зауыт өзі емес, мемлекет беру керек. Егер төртінші зауытты бәсекелес емес, хаб ретінде салсақ, 22 шағын зауыт көпірге айналады.

Ол үшін үш шарт бар:

- Шикізатқа тең қолжетімділік – құбырға қосу
- Кластерлеу – 22-ні жаппай, 3 хабқа біріктіру
- Ниша беру – бәрі бензин емес, біреуіне битум, біреуіне авиакеросинге мамандануға рұқсат

Олай болмаса, біз 10 млрд долларға төртінші алыпты саламыз, 22 шағынды жабамыз да, 7 жылдан кейін тағы да "дизель жетпей жатыр" деп отырамыз. Сондықтан шағын МӨЗ – жау емес, реттелмеген серіктес. Оны жабу – 5 минуттық оңай шешім, ал өсіру – 7 жылдық тапшылықты жабатын көпір.

---

Опубликовано: 2026-10-29T06:59:12+05:00

Обновлено: 2026-10-29T06:59:15+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-10-29-22-zauytty-zhabu-ongaj-biraq-qytaj-olardy-alypqa-ajnaldyrdy-qazaqstan-ne-istejdi/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.