---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-01-10-mlrd-dollar-zhaene-90-oesim-toqaev-ankarada-ne-ajtty/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Салық кодексі: мораторий – жазадан шегіну емес, тәртіпке көшу

![Налоги бухгалтер работа](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/screenshot-2026-03-11-at-16-51-54-edited.jpg)

Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл – экономиканы жаңғыртуға бағытталған күрделі реформа. Осы реформаның алғашқы айларында кәсіпкерлік ортада бейімделу кезеңі қажет екені байқалды.

[![Фото: pressfoto / Freepik.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/screenshot-2026-03-11-at-16-51-54-edited-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/03/screenshot-2026-03-11-at-16-51-54-edited.jpg)Фото: pressfoto / Freepik.com

Осыған байланысты Үкімет шағын және орта бизнеске қатысты тексерістерге үш жылдық мораторий жариялады.

Бұл шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда айтқан ұстанымымен үндес: құжатқа қатысты елдің ойға қонымды, сындарлы ұсыныстары мұқият зерделеніп, қажет болса түзетулер енгізіледі.Мораторий – кәсіпкерді жауапкершіліктен босату емес. Керісінше, жауапкершіліктің мәнін өзгерту. Жазалаудан бұрын түсіндіруге, тексеруден бұрын цифрмен көруге көшу.

## Жеңілдетуден басталған реформа неге үзілісті қажет етті?

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айнұр Сартаева жаңа Кодекстің философиясын былай түсіндіреді: салық жүйесін барынша жеңілдету, артық есеп пен әкімшілік жүктемені азайту. Оның дерегінше, есептілік көлемі 30 пайызға, салық пен алым саны 20 пайызға қысқарды, ал ауыл шаруашылығына 3 пайыздық жеңілдікті мөлшерлеме сақталды.Бұл – қағаз жүзіндегі жеңілдету. Ал өмірде кез келген жеңілдетудің өзі де үйренуді талап етеді. Ескі ережеге үйренген кәсіпкер жаңа ереженің тілін бірден түсіне қоймайды. 

Экономист Расул Рысмамбетов осы сәтті «салық пандемиясы» деп атайды. Оның пайымдауынша, кәсіпкер соңына дейін жаңа Кодекс енгізілмейді деп сенді, ал Кодекс күтпеген жерден күшіне енді.Сөйтіп, Сартаева айтқан жеңілдету мен Рысмамбетов айтқан дайындықтың арасында алшақтық пайда болды. 

## Заң жеңілдеді, бірақ сана әлі бейімделген жоқ.

Мораторий осы алшақтықты жалғауға берілген көпірге айналды. Бір жағынан кәсіпкерге тыныстап алуға, екінші жағынан мемлекетке ескі бақылаудан жаңа бақылауға көшуге уақыт керек болды.Мораторий нені әшкереледі: ережені жазған мен оны тексерген екі бөлек болсаМораторийдің ең өткір тұсы – оның өзінің бар болуы. 

## Неге мемлекет кәсіпкерді тексермеуге мәжбүр? 

Расул Рысмамбетов бұл сұраққа тура жауап береді:«Мораторий деген не? Кешіріңіз, бірақ бұл мемлекеттің кәсіпкерді өзінен қорғап отырған жағдайы. Демек, әкімшілендіруде бірдеңе дұрыс емес. Бізде Салық кодексін енгізуге мораторий болған жоқ, әңгіме тексеру туралы. Демек, тексерудің өзінде проблема бар, оны өңірлерде түзету керек».Бұл – сын емес, диагноз. Ережені жазатын орталық бар, ал оны түсіндіріп, орындататын өңір бар. Егер орталықтағы әдемі жазылған норма өңірде басқаша оқылса, зардабын кәсіпкер шегеді. Кәсіпкер заңды бұзғаны үшін емес, заңды әртүрлі түсінгені үшін жазаланады.

Осы жерде КИСИ-дің бас сарапшысы Санат Көшкімбаевтың пікірі Рысмамбетовтың диагнозына жалғасады. Егер Рысмамбетов «әкімшілендіруде ақау бар» десе, Көшкімбаев «енді сол ақауды қалай жөндейміз» деген сұраққа жауап береді:«Бұл үш жылды жай ғана үзіліс ретінде емес, бақылау-қадағалау жүйесін толық қайта құруға арналған уақыт ретінде пайдалану керек».Яғни, бірінші сарапшы проблеманы көрсетсе, екіншісі оның шешімін ұсынады. Шешім – жаппай тексеруден бас тартып, тәуекелді басқаруға көшу. Салығын уақытылы төлеп, есебін ашық тапсырып отырған кәсіпкерге тиіспеу, ал қауіп бар жерге ғана бару. Мораторий осы жаңа философияға көшуге берілген уақыт.Тексеріс болмаса тәртіп бұзыла ма: қорқыныш қисынды, бірақ шешімі цифрда

Мораторийге қатысты қоғамда заңды алаңдаушылық бар: егер үш жыл бойы ешкім тексермесе, көлеңкелі экономика көбейіп кетпей ме?

Бұл сұраққа Рысмамбетов адал жауап береді, оны жасырмайды:«Заң бұзушылық көбейе ме? Әрине көбейеді. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Сондықтан дұрыс цифрлық бақылау енгізу керек».Бұл – өте маңызды жалғау. Өйткені Көшкімбаев айтқан тәуекелді басқару жүйесі Рысмамбетов айтқан цифрлық бақылаусыз жүрмейді. Адам бармайтын жерде цифр баруы керек.Бүгінгі тексеріс – адам жіберіп, дүкен аралау. Ертеңгі бақылау – адам жібермей, деректі көру. Кассаның чекі, электронды шот-фактура, тауардың таңбасы – бәрі онлайн көрінсе, кім адал, кім алаяқ екені экраннан көрінеді. Сонда адал кәсіпкер аяққа тұрады, өйткені оны ешкім мазаламайды, ал көлеңкедегі кәсіпкердің жолы жабылады, өйткені оның тауарын жүйе көрмейді. Осылайша, бір идея екіншісін толықтырады: мораторийдегі тәуекелді жабатын құрал – цифр.

Мемлекеттің ақшасы кімге бұйырады: көлемді емес, құнды қолдауМораториймен қатар Үкімет тағы бір бастама көтерді: мемлекеттік сатып алудың 10 пайызын шағын және орта бизнеске беру. Бастама ізгі, бірақ өлшемі даулы. Көлеміне қарап қолдау көрсету – өндірісті қолдау емес.Осы жерде Рысмамбетовтың екінші тезисі алдыңғы ойлармен табиғи жалғасады. Егер бақылауда адалдықты өлшем десек, сатып алуда да сол өлшем болуы керек. Ол былай дейді:«Егер ол тауарды Қазақстанда өндірсе немесе шикізатты осында өңдесе, жергілікті өндірушіні міндетті түрде қолдау керек. Ең бастысы – сатып алуға жолды өндірушілер мен өңдеушілерге беру».

Яғни, қолдаудың критерийі кәсіпорынның шағын немесе орта екенінде емес, оның ел ішінде қосқан құнында болуы керек. Бүгінде ШОБ-тың бір бөлігі Қытайдан тауар әкеліп, оны мемлекетке қайта сатумен айналысады. Мұны қолдау – импортты қолдау. Ал осында тігілген киімді, осында құйылған кірпішті, осында өңделген астықты қолдау – өндірісті қолдау.Бұл ой бюджет тәртібіне де жалғасады. Қазір төртінші деңгейлі бюджеттер әрқайсысы әртүрлі бағдарламада отыр. Бірыңғай стандарт жоқ жерде адалдықты өлшеу қиын. Сондықтан Рысмамбетов ірі сатып алуды блокчейнге көшіруді ұсынады. Бұл – алдыңғы цифрлық бақылау идеясының қисынды жалғасы: салықта да, сатып алуда да әр теңгенің ізі көрінетін жүйе.

Үкіметке сабақ: жазу оңай, түсіндіру қиынОсылайша, сарапшылар пікірі бір шынжырға айналады. Сартаева жеңілдету бар дейді, Рысмамбетов оған бейімделуге уақыт керек дейді, Көшкімбаев уақытты жүйені өзгертуге пайдалану керек дейді, ал Рысмамбетов оның құралы цифр мен отандық өндірісті қолдау дейді.Ал вице-премьер Серік Жұманғариннің реформасына келсек, мұнда қателік жоқ, сабақ бар. Сабақ – жылдамдықта. Мемлекет дұрыс бағытқа кетті, бірақ жылдамдықты асырып жіберді. Кәсіпкерге семинар емес, нақты құрал керек еді: «Сенің салығың ертең қалай өзгереді» деген калькулятор, сала бойынша нақты мысал.Сондықтан алдағы үш жыл – жазадан қашу емес, түсіндіруге берілген уақыт. Үкімет осы уақытта ашық жол картасын көрсетуі керек: цифрлық бақылау қашан енеді, сатып алуда өндірушіге жол қашан ашылады, кәсіпкер 2028 жылы не күтеді.Қорытындыда мораторий – демалыс емес, емтихан. Бұл емтиханда мемлекет ашықтықтан, ал бизнес адалдықтан сынақ тапсырады. Екеуі де өтсе, үш жыл босқа кетпейді.

---

Опубликовано: 2026-11-01T05:45:40+05:00

Обновлено: 2026-11-01T06:15:52+05:00

Авторы: [Султан Даулетов](https://kk.bizmedia.kz/author/sultan-dauletov/)

Рубрики: [Aқша](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/aqsha/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/), [Маңызды](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/)

Метки: [Деньги](https://kk.bizmedia.kz/tag/dengi/), [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/), [Тенге](https://kk.bizmedia.kz/tag/tenge/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-01-10-mlrd-dollar-zhaene-90-oesim-toqaev-ankarada-ne-ajtty/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.