---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-03-kredit-alu-qiyndajdy-11-bank-tekseriledi-halyq-koelengkeli-nesiege-ketip-qalmaj-ma/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Кредит алу қиындайды: 11 банк тексеріледі. Халық көлеңкелі несиеге кетіп қалмай ма?

![Человек считает на калькуляторе сумму, Коллектор или мошенник](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/03/moratorij-na-prodazhu-problemnyh-zajmov-kollektoram-poluchil-podderzhku-v-arrfr_bizmedia.kz_.jpg)

Қазақстанда кредит нарығында үлкен өзгеріс басталды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) еліміздегі 11 жүйе құраушы банкке қатысты ауқымды тексеріс бастайтынын жариялады.

[![Фото: Depositphotos.com / Itchaz](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/03/moratorij-na-prodazhu-problemnyh-zajmov-kollektoram-poluchil-podderzhku-v-arrfr_bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/03/moratorij-na-prodazhu-problemnyh-zajmov-kollektoram-poluchil-podderzhku-v-arrfr_bizmedia.kz_.jpg)Фото: Depositphotos.com / Itchaz

Бұған дейін 8 банкте пилоттық тексеріс өткен, сонда бір шындық шыққан – банктер адамның қарыз жүктемесін әрқалай есептейді екен. Енді реттеуші жаңа құрал енгізді – Debt Service Review (DSR). Бұл – банктердің Қарыз жүктемесінің коэффициент есептеуін тұрақты бақылайтын жүйе.

## Қарыз жүктемесінің коэффициент деген не

Ай сайын қолыңа тиетін табысыңның қанша пайызы кредитке кетіп жатыр. Мысалы, айына 400 мың теңге табасың. Оның 200 мыңы кредитке кетсе – КДН 50%. Қазіргі ереже бойынша КДН 50%-дан асса, банк саған жаңа кредит бермеуі керек.

Бірақ іс жүзінде олай болмай келді. Кей банктер табысыңды жасанды түрде көбейтіп көрсеткен. Мысалы, сенің негізгі жалақың 300 мың болса, оған «қосымша табыс» деп тағы 200 мың қосып жіберген. Ал қарыздарыңды керісінше, азайтып көрсеткен – тек өз банкіндегі кредитті ғана есептеп, МҚҰ-дағы, Kaspi-дағы бөліп төлеуді ескермеген. Сөйтіп, қарызы батқан адамға тағы кредит беріле берген. ҚНРДА-ның дерегінше, дәл осы былықтың кесірінен елде мерзімі өткен кредит 15%-ға өскен.

## DSR тексерісі қалай жүреді?

Агенттік енді 11 ірі банктің – Halyk, Kaspi, BCC, Forte, Евразийский, Freedom, Jusan, RBK, Bereke, ЦентрКредит, Home Credit – ішкі есебін ашып тексереді. Клиенттің табысын қалай есептеді? eGov, зейнетақы қоры, салық базасымен сәйкес пе? Барлық қарызын есептеді ме? Бірінші кредиттік бюроның (БКБ) дерегін толық алды ма?КДН 50%-дан асқан адамға кредит берді ме?

Қате тапса, банкке айыппұл, қадағалау шарасы, кемшілікті жою жоспары міндеттеледі. Ал жиналған ақпарат – КДН есептеу ережесін түбегейлі өзгертуге кетеді.Басты сұрақ: Халық көлеңкеге кетіп қалмай ма? Міне, ең қауіпті тұсы осы. Сарапшы пікірі – қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың Бизмедиаға берген түсініктемесі: «ҚНРДА-ның ойы дұрыс – тәртіп орнату.

Бірақ бізде бір заңдылық бар: банкте қатаңдатса, халық базарға кетеді. Банк кредит бермеген адам МҚҰ-ға барады. МҚҰ бермесе, ломбардқа барады. Ломбард бермесе, инстаграмдағы «1 сағатта ақша берем, кепілсіз» дейтін қара несиеге барады.

Бізде ресми банк 25-30% бен береді, МҚҰ 50-55% бен береді, ал көлеңкелі нарық – күніне 1%, жылына 365% бен береді. Адам тығырыққа тірелгенде соған да келіседі. Содан кейін қарыз үстіне қарыз жиналып, коллектор, бопсалау басталады.

## ҚНРДА банктерді жапты, бірақ көлеңкелі нарықты жаба ала ма?

Жоқ. Себебі ҚНРДА-ның құзыры тек лицензиясы бар ұйымдарға ғана жүреді. Ал Телеграмдағы, Инстаграмдағы «ақша берем» деген 20 мың аккаунтты ҚНРДА жаба алмайды. Оны ІІМ, киберполиция ғана жабады, бірақ олардың қолы жетпей жатыр.

Сондықтан қауіп үлкен: ресми кредит қиындаса, халықтың 15-20%-ы көлеңкеге кетуі мүмкін. Әсіресе өңірлерде, табысы ресми емес жандар – таксистер, базар саудагерлері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

## Шешім қандай?

ҚНРДА тек тыйым салмай, балама ұсынуы керек. Мысалы, КДН-ды есептегенде eGov-тағы табыс қана емес, Kaspi Pay, мобильді аударымдардағы айналымды да ескеру керек. Сонда адамның нақты табысы көрінеді. Екінші – қаржылық сауаттылық. Адамға «саған кредит болмайды, себебі сен қарызға батқансың» деп түсіндіру керек, жай ғана «жоқ» деп қайтармай», – дейді сарапшы.

ҚНРДА көлеңкелі нарықтың жолын қалай жабады? Агенттік бұл қауіпті түсініп отыр. Сондықтан DSR-мен қатар 3 шара қатар жүреді:МҚҰ-ларға да DSR енгізіледі. 2026 жылдың соңына дейін барлық микроқаржы ұйымын да КДН бойынша тексереді. Кредиттік бюро күшейеді. Енді банк клиенттің барлық қарызын – банк, МҚҰ, онлайн бөліп төлеу (BNPL), тіпті ломбардты да көруге міндетті болады.

Заңсыз кредиторлар тізімі. ҚНРДА ІІМ-мен бірге инстаграмдағы заңсыз несие беретіндердің тізімін жасап, блоктауды бастады. Биыл 1200 аккаунт блокталған.Бірақ сарапшылар айтқандай, бұл – күрес ұзаққа созылады. Көлеңкелі нарықты тек тыйыммен жаба алмайсың.

**Қорытынды:**

Егер жақын арада кредит алмақ болсаң:eGov Mobile-дан зейнетақы аударымдарыңды тексер. Табысың сол жерде дұрыс көрсетілмесе, банк сені «табысы жоқ» деп таниды.Бірінші кредиттік бюродан (1cb.kz) өзіңнің кредиттік тарихыңды тегін алып көр. КДН қанша екенін есепте.

Егер КДН 50%-ға жақын болса, жаңа кредитке асықпа. Алдымен барын жап.Алдағы 6 айда банктер «сақ» болады. Кредит мақұлдау 20-30%-ға азаюы мүмкін. Бұл – уақытша қиындық, бірақ ұзақ мерзімде халықты қарыз қамытынан құтқаратын жалғыз жол.

---

Опубликовано: 2026-11-03T12:45:15+05:00

Обновлено: 2026-11-03T12:45:18+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Aқша](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/aqsha/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстанның қаржылық жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstannyng-qarzhylyq-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-03-kredit-alu-qiyndajdy-11-bank-tekseriledi-halyq-koelengkeli-nesiege-ketip-qalmaj-ma/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.