---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-07-qanysh-murasy-ghylymgha-umtylghan-urpaqqa-baghdar/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қаныш мұрасы – ғылымға ұмтылған ұрпаққа бағдар

![Отчётность для МСБ Казахстан сокращает на треть и число налогов и сборов - на 20%](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/screenshot-2025-12-23-at-15-32-22.jpg)

Биыл академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына – 80 жыл.

[![Фото: rawpixel.com / Freepik.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/screenshot-2025-12-23-at-15-32-22-1024x582.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/screenshot-2025-12-23-at-15-32-22.jpg)Фото: rawpixel.com / Freepik.com

Тұлға есімі Қазақстан ғылымының тарихымен тығыз байланысты. Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті қызметінде еліміздегі ғылыми мекемелер дамып, жаңа зерттеу бағыттары қалыптасты. Ғалымдардың жаңа буыны тәрбиеленіп, бүгінгі ғылымның мығым іргетасы қаланды.Елдің ертеңі білімге, ғылымға және сол білімді халық игілігіне жұмсай алатын ұрпаққа байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген білім мен ғылымға негізделген мемлекет қалыптастыру, адам әлеуетін дамыту және заманауи технологиялардың мүмкіндігін пайдалану мәселелері мәдениет мекемелеріне де жауапкершілік жүктейді. Сәтпаев атындағы музей үшін бұл міндеттер ұлы ғалымның мұрасын бүгінгі қоғамның сұранысымен сабақтастыра танытудан басталады.Осы орайда Сәтпаев атындағы музейдің даму бағытын сақтау, зерттеу және таныту қағидалары арқылы пайымдаймыз. Сақтау тарихи мұраны келер ұрпаққа жеткізуді көздейді. Зерттеу сол мұраның мазмұнын ашып, ғылыми айналымға енгізуге жол береді.

Таныту жинақталған білімді қоғамға түсінікті әрі мазмұнды түрде ұсынуды талап етеді. Осы міндеттердің бірлігі музейдің ғылыми және қоғамдық маңызын арттырады.Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмір жолы ғылымның ел тағдырына қалай ықпал ететінін көрсетеді. Оның геологиялық зерттеулері, Қазақстанның табиғи байлықтарын зерделеудегі еңбегі, ғылыми кадрлар даярлау мен академиялық ғылымды ұйымдастырудағы қызметі ортақ мақсатқа – елдің өркендеуіне бағытталды.

Сондықтан ғалым мұрасын насихаттау ұлттық ғылымның қалыптасу жолын түсіндірумен, жас ұрпақтың ізденіске деген ынтасын оятумен тығыз байланысты.Қолжазба, хат, ғылыми еңбек, фотосурет пен мемориалдық заттың әрқайсысы тұлға тарихының белгілі бір қырын ашады. Жазбаша құжаттар зерттеушінің ойлау жүйесін, ғылыми ұстанымын және әріптестерімен байланысын танытса, фотосуреттер оның өмір сүрген ортасын көз алдымызға әкеледі. Жеке заттар ғалымның күнделікті еңбегін, ізденіске толы өмірін сезінуге мүмкіндік береді. Осы деректер өзара байланыста ұсынылғанда ғана келуші тұлға туралы тұтас түсінік қалыптастыра алады.Мұндай жұмыстың негізі – ғылыми дәлдік. Әр жәдігердің шығу тарихы, құжаттың мазмұны, фотосуреттің түсірілген уақыты мен орны мүмкіндігінше анықталып, сенімді деректермен салыстырылуы керек. Естеліктерді де тарихи құжаттармен сабақтастыра зерделеу маңызды.

Өйткені музейге келген адам ұсынылған мәліметке сенеді. Сол сенімді сақтау – музей қызметінің басты жауапкершілігінің бірі.Жолдаудағы білім мен ғылымның қуатына сүйену идеясы музейдің ағартушылық қызметінің маңызын арттыра түседі. Жас келуші үшін тарихи мәліметті есту ғана жеткіліксіз. Оған сұрақ қоюға, деректерді салыстыруға, өз қорытындысын жасауға мүмкіндік берген жөн. Мәселен, тарихи фотосуретті талдау, ғылыми картадан зерттеу аймағын табу немесе құжаттан белгілі бір оқиғаға қатысты мәлімет іздеу оқушыны зерттеушілікке баулиды. Осындай сабақтар арқылы ғылымның негізінде қызығушылық, дәлел және табанды еңбек жатқанын түсіндіруге болады.Музейдің білім беру мүмкіндігін мектептермен, жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелермен байланыс арқылы кеңейтуге болады.

Тақырыптық экскурсиялар, ашық дәрістер, ғалымдармен кездесулер мен жас зерттеушілерге арналған сабақтар Қаныш мұрасын өскелең ұрпаққа жақындата түсер еді. Бұл бағыттағы жұмыстың құндылығы өткізілген іс-шара санымен ғана өлшенбейді. Оның нәтижесі – жас адамның ғылымға қызығуы, тарихи дерекке ұқыпты қарауы және өз қабілетін ел игілігіне жұмсауға талпынуы.Цифрландыру да ғылыми мұраны кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Жолдауда заманауи технологияларды қолданудың нақты пайдасына назар аударылуы музей ісі үшін де өзекті. Электрондық каталогтар, құжаттар мен фотосуреттердің цифрлық көшірмелері, виртуалды көрмелер және аудиогидтер тарихи материалдарды көпшілікке қолжетімді ете алады. Мұндай ресурстар әсіресе музейге келуге мүмкіндігі жоқ оқушылар, студенттер мен зерттеушілер үшін пайдалы болмақ.Бұл ретте цифрлық құралдың құндылығы оның мазмұнымен айқындалады. Экрандағы әр мәлімет сенімді дерекке сүйеніп, жәдігердің тарихын түсінуге көмектесуі тиіс.

Геологиялық зерттеулерді бейнелейтін интерактивті карта немесе ғылыми құжатқа берілген түсініктеме келушінің танымын тереңдеткенде ғана технология өз міндетін атқарады. Сондықтан цифрландыруды қор материалдарын ғылыми сипаттау, жүйелеу және зерттеу жұмыстарымен қатар қарастыру қажет.Қаныш Сәтбаевтың өнегесі бүгінгі жас ұрпаққа ғылымға адалдықты, еңбекке жауапкершілікті және елге қызмет етуді үйретеді. Ғалым мұрасына үңілген адам білімнің жеке жетістікпен шектелмейтінін, оның қоғамға пайда әкелгенде маңызы арта түсетінін түсінеді.Сәтбаев атындағы музей қызметкерлері академиктің ғылыми мұрасын зерделеуге, оны ұрпақ тәрбиесіне ұштастыруға және білімге құрметті нығайтуға мән беріп, оны өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ілкімді жобаларды іске асырып келеді.

---

Опубликовано: 2026-11-07T14:12:13+05:00

Обновлено: 2026-11-07T14:12:16+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-07-qanysh-murasy-ghylymgha-umtylghan-urpaqqa-baghdar/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.