---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-08-deldal-mamandyq-pa-aelde-alypsatar-ma/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Делдал — мамандық па, әлде алыпсатар ма?

![Женщина рассматривает товары на полке](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/09/v-pavlodare-vyyavili-zavyshennye-czeny-na-tovary-v-magazinah-torgovoj-seti_bizmedia-kz_.jpg)

Елде делдалға қарсы күрес жүріп жатыр. Бірақ делдалды қуу — бағаны түсірмейді. Делдалды әріптеске айналдыру — бағаны түсіреді. Біз осы уақытқа дейін делдалды жау көрдік.

[![Фото: РИА Новости/Александр Кондратюк.](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/09/v-pavlodare-vyyavili-zavyshennye-czeny-na-tovary-v-magazinah-torgovoj-seti_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/09/v-pavlodare-vyyavili-zavyshennye-czeny-na-tovary-v-magazinah-torgovoj-seti_bizmedia-kz_.jpg)Фото: РИА Новости/Александр Кондратюк.

Қудаладық, айыппұл салдық. Бірақ баға түскен жоқ, тауар көлеңкеге кетті. Бұл — кездейсоқтық емес, нарықтық экономиканың терең заңдылығы.

## Неге бұлай болады?

Оған үш себеп бар.

Біріншісі — функция жойылмайды. Делдал — тек үстеме баға қосатын адам емес. Ол тауарды тасымалдау, сақтау, сұрыптау және дүкенге жеткізу сияқты үлкен логистикалық міндетті атқарады. Оны қудалағанмен, бұл функциялар жойылып кетпейді.

Екіншісі — тәуекел бағаға әсер етеді. Делдалға қысым жасап, айыппұл салған сайын, оның тәуекелі артады. Ал тәуекел жоғары болған сайын, тауардың соңғы бағасы да қымбаттай түседі.

Үшіншісі — көлеңкелі экономика. Қысым тым қатты болғанда, делдалдар заңды айналымнан шығып, жасырын жұмыс істеуге көшеді. Бұл мемлекетке де, тұтынушыға да зиян

## Делдалды қуудың орнына, оны әріптеске айналдыру керек.

Шағын шаруалар өз тауарын қалаға жеткізіп, күні бойы базарда тұра алмайды. Заманауи логистикалық орталықтар мен заңды делдалдар бұл жұмысты оңтайландырып, шығынды азайтады. Нарықта делдалдар неғұрлым көп және ашық жұмыс істесе, олардың арасында бәсеке туады. Ал бәсеке бар жерде үстеме баға өздігінен төмендейді.

Ол үшін тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізетін ашық цифрлық платформалар керек. Делдалдың кімге, не үшін, қанша қосқаны көрінсе, ол жасырына алмайды.Бұл тұжырымды нақты өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Себебі біз себеппен емес, салдармен күрестік.

## Делдал — себеп емес, салдар

Фермерде қойма жоқ, жол жоқ, тікелей сататын орны жоқ, банк ақша бермейді. Осы бос орынды делдал толтырады. Делдалды қусаң, бос орын қалады. Сонда фермердің өнімі далада қалады, дүкенде тауар жоқ болады. Дәл осыны түсінген үкімет бұл жолы қудалауды емес, бөлуді таңдады.

Бұл бөлу 2026 жылғы 1 қыркүйектен күшіне енген СТ РК 1756-2026 «Сауда қызметтері. Жалпы талаптар» стандартында бекітілді. Құжат алғаш рет екі ұғымды бөліп көрсетті. Көтерме жеткізуші — тауарды сатып алып, сақтап, тасып, сұрыптап, дүкенге жеткізетін кәсіпкер, оның қосқан бағасы нақты шығынға сүйенеді. Ал өнімсіз делдал — тауарды қолмен ұстамайтын, сақтамайтын, тасымалдамайтын, тек қағаз арқылы қайта сатып, бағаны өсіретін делдал.

Стандарттың 4.4-тармағы бойынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жеткізу тізбегінде мұндай делдалдарға жол жоқ. Яғни мемлекет «жұмыс істейтін делдал — керек, жұмыс істемейтін делдал — керек емес» деді.Бұл заң не үшін керек екенін ет бағасынан айқын көруге болады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов 2026 жылғы қазанда Алматы облысына жасаған пресс-турда фермерден алынатын ет бағасы мен сөредегі жұмсақ еттің бағасы арасындағы айырмашылықтың тым жоғары екенін айтып, делдалдардың үстеме бағасын азайту үшін Алматыдағы сияқты тікелей фермерлік базарларды дамыту қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, фермер сиыр етін орта есеппен 2800-3300 теңгеден сатады, ал сөреде жұмсақ еттің келісі 6000 теңгеге дейін барады.

## Айырмашылық — 2700-3200 теңге

Бұл айырмашылық қайда кетеді?

> «Ет одағының» бас директоры Мақсұт Бақтыбаев осыны 2026 жылғы 31 қазанда BIZDIÑ ORTA подкастында түсіндірді. Оның айтуынша, ет бағасын екі нәрсе айқындайды: өнімнің өзіндік құны және нарықтағы сұраныс пен ұсыныс. Қазір екіншісі — сұраныс пен ұсыныс — бағаға көбірек әсер етіп тұр. «Елімізде ет өндірісі екі есе артса, баға да арзандар еді», — дейді Бақтыбаев.

Әсіресе тамыз бен қараша аралығында шаруалар малды көбірек сатуға тырысады. Нарыққа ет көп түскен сайын көтерме баға да төмендейді. Бірақ шаруа етті арзанға сатқанымен, оның бағасы дүкенде түспейді.

 Бақтыбаевтың айтуынша, саудагерлер бір көтерген бағаны қайта түсіруге асықпайды. Ол мысал ретінде бүгінгі Астананы келтіреді. Астанада сиыр етінің бөлшек бағасы 4000 теңге болған кезде, фермерлер малды 3500-3600 теңгеден сатқан. Кей өңірлерде сатып алу бағасы 3200 теңге де болған. Осылайша, еттің бастапқы және дүкендегі бағасы арасында шамамен 800 теңге айырма бар. Бұл — тасымал шығыны мен сауда үстемесінің үлесі. Ал ірі супермаркеттерде бұл үлес 25 пайызға дейін жетуі мүмкін. Яғни мәселе — бүгін де жалғасып жатыр: фермер арзан сатады, сөре арзандамайды. Неге?

Себебі фермер мен сатып алушы арасында ұзын тізбек бар. Малды алдымен алыпсатар алады, сосын көтерме сатушыға өтеді, сосын базарға, сосын дүкенге жетеді.

## Ал фермер неге өзі сата алмайды?

Бақтыбаевтың жауабы қарапайым: «Бізде мал базарлары жоқ. Қарабұлақтан басқа. Ал Австралияда, Канадада, АҚШ-та, Еуропада бар. Фермер барады да, малын тыныш сатады. Ал бізде апаратын жер жоқ. Сондықтан фермер отырып, шартын айтатын сатып алушыны күтуге мәжбүр». Яғни мәселе — делдалда емес, базардың жоқтығында. Азат Сұлтанов та осыны қуаттайды:

> «Фермер сиыр етін 2800-3300 теңгеден сатады. Ал сөреде 6000-ға дейін барады. Сондықтан орынды сұрақ туады: неге фермер сұранысқа ие өнімнен жақсы пайда көрмейді?»

Оның ұсынысы — фермерлік базарларда орындар тек өндірушілерге берілуге тиіс, делдалдарға емес.Осы жерде ең маңызды сұрақ туады: сонда әріптес делдал деген кім? Әріптес делдал — баға қоспайтын, құн қосатын делдал. Оның үш белгісі бар.

Бірінші — тасиды, көлігі, тоңазытқышы бар, етті ауылдан қалаға жеткізді, бұл — еңбек.

Екінші — сақтайды, қоймасы бар, картопты күзде жинап, қыста сатады, бұл — еңбек.

Үшінші — қаржыландырады, көктемде фермерге тұқымға, жанармайға ақша береді, банк бермеген ақшаны береді, бұл — еңбек. Ал тек қағазға қол қойып, етті көрмей, баға қосатын делдал — әріптес емес, ол — жүк. Бақтыбаевтың өзі де делдалды түгел жоюға қарсы. Оның айтуынша, мәселе — әр буынды жоюда емес, әр буынға нақты жұмыс беруде.

Бұл — тек Қазақстанның ғана мәселесі емес. Әлемдік нарық делдалсыз жұмыс істей алмайды. Әлемдік сауданың жартысынан көбі делдалдар арқылы өтеді. BMW, Toyota, Samsung, Nestle, Procter & Gamble — бәрі өз тауарын жүздеген мың делдал арқылы сатады. Олар неге өздері сатпайды? Себебі өз сату желісін құру — қымбат, баға өседі, бәсекеге қабілеттілік түседі.

АҚШ-та «делдал экономикасы» 1999 жылы ЖІӨ-нің 25%-ын құраған. 2010 жылы, интернет дамып, «делдал жойылады» деген кезде — керісінше 34%-ға өскен. Әлемдік теорияда бір алтын ереже бар: «Делдалды жоюға болады, бірақ оның жұмысын жоюға болмайды!» АҚШ-тағы McLane компаниясы — соның дәлелі. Ол 80 қоймасы, жеке көлік паркі арқылы 50 000 түрлі тауарды 110 000 дүкенге жеткізеді. Сондықтан әлемде сұрақ «Делдал керек пе?» емес.

## «Қандай делдал керек?»

Ендігі сұрақ — делдалды әріптеске қалай айналдырамыз? Үкімет үш жол ұсынып отыр.

Бірінші — келісімшарт арқылы: супермаркет пен фермер тікелей келіседі, ал ортадағы делдал тасымалдаушы болады. Ол енді «қайта сатушы» емес, «жеткізуші» болады, ақшаны қағаздан емес, жолдан алады.

Екінші — хаб арқылы: базардағы орын өндірушіге берілсе, делдал сол базарда қоймашы, тасымалдаушы болады. Ол фермердің қасында тұрады, қарсысында емес.

Үшінші — цифр арқылы: электронды шот арқылы кім, не үшін, қанша қосты — бәрі көрінеді.Ал әріптесті қайдан аламыз? Міне, біз осы күнге дейін ең үлкен жерден қателестік. Біз делдалды адам деп ойладық, мамандық деп ойламадық. Жылдар бойы университеттерде заңгер, экономист, бухгалтер, жалпы менеджер дайындадық.

Ал логистті, жеткізу тізбегінің менеджерін, агро-маркетологты, қойма және тоңазытқыш тізбегінің маманын дайындамадық. Нәтижеде нарықтағы бос орынды дипломы жоқ, бірақ «көшеде үйренген» алыпсатар толтырды. Яғни біздің қателігіміз — делдалды қуу емес. Біздің қателігіміз — делдалды кәсіп ретінде оқытпау.

## Әлемде делдал — университетте оқытылатын мамандық

АҚШ-та, Германияда, Нидерландыда «Логистика және жеткізу тізбегі» — жеке факультет. Студент 4 жыл бойы қойманы қалай басқару керек, тоңазытқышта етті қанша күн сақтау керек, бір жүк көлігіне қанша тонна сыйады, жол ақысы қанша болады — осыны оқиды. Сосын McLane сияқты компанияда жұмыс істейді. Ол — «алыпсатар» емес, ол — кәсіби дистрибьютор. Ал бізде фермер «малымды кімге сатам?» деп отыр, ал университет бітірген бала «жұмыс жоқ» деп отыр. Екеуінің арасын байланыстыратын маман жоқ. Сондықтан ЖОО бағдарламасына үш нәрсе керек.

Бірінші — «Агро-логистика» мамандығын ашу керек. Бұл — ауылдан қалаға дейінгі бүкіл жолды есептеу: қойма, тоңазытқыш, көлік, базар.

Екінші — «Көтерме сауда және дистрибуция» пәнін енгізу керек. Студентке «делдал — жаман» деп емес, «делдал — қалай адал ақша табады?» деп үйрету керек. Қанша қосуға болады, СТ РК 1756-2026 не дейді — осыны оқыту керек.

Үшінші — университет + базар + хаб — бірге оқыту керек. Студент Қарабұлақ базарына, логистикалық хабқа барып тәжірибеден өтуі керек. Дипломдық жұмысын «фермерден сөреге дейінгі жолды қалай 800 теңгеге емес, 300 теңгеге жеткізуге болады?» деген тақырыпқа жазуы керек. Сондықтан біздің қателігіміз — делдалды жау көрдік.

Шындық: фермерге жол керек, қойма керек, базар керек. Осы үшеуін берсең, делдал өзі әріптеске айналады.

Ол енді баға қоспайды, құн қосады. Делдалды қуу — оңай, делдалды әріптеске айналдыру — қиын. Бірақ тек екінші жол ғана бағаны түсіреді. Егер біз ертең университетте кәсіби дистрибьюторды дайындасақ, бүрсігүні базарда алыпсатар азаяды. Себебі оның орнын дипломы бар, заңды білетін, қойманы меңгерген маман басады. Сұрақ енді «Делдал дос па, қас па?» емес. Сұрақ — «Делдалға қандай жұмыс береміз?» және «Делдалды қайда оқытамыз?» Осы екі сұраққа жауап берсек, фермер де, сатып алушы да, делдал да ұтады.

---

Опубликовано: 2026-11-08T07:21:10+05:00

Обновлено: 2026-11-08T07:21:13+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-08-deldal-mamandyq-pa-aelde-alypsatar-ma/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.