---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-10-tasqyn-500-mlrd-zher-silkinisi-25-trillion-kim-toelejdi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Тасқын — 500 млрд. Жер сілкінісі — 2,5 триллион. Кім төлейді?

![Человек ставит подпись на документе, клиентов](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/07/v-arrfr-soglasovali-naznachenie-rukovodyashhih-rabotnikov-strahovogo-sektora_bizmedia-kz_.jpg)

Қазақстанда енді үйді табиғи апаттан міндетті сақтандыру енгізілмек. Бұл — жай ғана жаңа заң емес, мемлекеттің жылдар бойы қалыптасқан әдетінен бас тартуы. Осы уақытқа дейін апат болса, шығынды бюджет көтеріп келді, ал енді бұл жүкті сақтандыру компанияларына артпақшы.

[![Фото: Depositphotos.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/07/v-arrfr-soglasovali-naznachenie-rukovodyashhih-rabotnikov-strahovogo-sektora_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/07/v-arrfr-soglasovali-naznachenie-rukovodyashhih-rabotnikov-strahovogo-sektora_bizmedia-kz_.jpg)Фото: Depositphotos.com

Бұл бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен бағдарламасында айтылды. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген және алдағы бес жылда сақтандыру нарығын дамытуға бағытталған 18 бастаманы қамтиды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы әрі ең даулысы — дәл осы тұрғын үйді міндетті сақтандыру. Жоспар бойынша жүйе бірден бүкіл елге енгізілмейді, алдымен үш облыста сынақтан өтеді, содан кейін ғана апат қаупі жоғары 16 өңірге таратылады.

## ХАЛЫҚ НЕГЕ САҚТАНДЫРЫЛМАЙДЫ, АЛ МЕМЛЕКЕТ НЕГЕ ТӨЛЕЙ БЕРЕДІ?

Бүгін Қазақстандағы тұрғын үйлердің небары 3,2%-ы ғана сақтандырылған. Бұл деректі Премьер-министр Олжас Бектеновтің Үкімет жауабында келтірілді. Тіпті жері үнемі сілкініп тұратын Алматының өзінде бұл көрсеткіш 7,7%-дан аспайды. Яғни 100 үйдің 97-сі ешқандай қорғаусыз тұр деген сөз. Осы санның артында қарапайым шындық жатыр: халық сақтандырмайды, өйткені сақтандыруға сенбейді, ал мемлекет төлей береді, өйткені басқа амалы жоқ. Осы екі әдет бір-біріне жалғасып, жылдар бойы бір тұйық шеңберге айналды.

Осы шеңбердің мемлекетке қаншаға түскенін 2024 жылғы су тасқыны анық көрсетті. Бұл соңғы 80 жылдағы ең ірі апат болды, 120 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 12 мың тұрғын үй су астында қалды. Салдарын жоюға мемлекет біржолғы көмек ретінде 33 141 отбасыға 12,5 млрд теңгеден астам қаржы төледі, үйді жөндеуге 7 505 отбасыға 44,1 млрд теңге берді, зардап шеккен кәсіпкерлерге тағы 10,1 млрд теңге өтемақы төленді. Ал жалпы алғанда тұрғын үйді қалпына келтіру мен жаңа үй салуға 251 млрд теңге бағытталды. Яғни бір ғана тасқын бюджет пен бизнеске 500 млрд теңгеге жуық шығын әкелді.

Осыдан кейін-ақ заңды сұрақ туады: егер сол үйлер сақтандырылған болса, бұл ақшаны сақтандыру компаниялары төлер еді ғой. Бірақ олар сақтандырылмаған, сондықтан барлық салмақ қайтадан бюджетке түсті. Міне, дәл осы жерде «халық дайын ба?» деген екінші сұрақ шығады.

## ХАЛЫҚ ДАЙЫН БА, ӘЛДЕ ТЕК ҚАЛТАСЫ ҒАНА ДАЙЫН БА?

Шынын айту керек, халық бұл жүйеге психологиялық тұрғыда дайын емес, бірақ қаржылай дайын. Бұл екі нәрсені шатастырмау керек.Психологиялық дайындықтың жоқтығының басты себебі — бұрынғы ипотекалық сақтандырудың тәжірибесі. Халық жылдар бойы ипотекамен бірге «міндетті» сақтандыру төлеп келді, бірақ апат болса ол полис банкті қорғайтынын, үй иесін емес, кейін білді. Яғни адам ақша төледі, бірақ үйі қирағанда ақшаны банк алды. Осыдан кейін «сақтандыру — ақша жинаудың амалы» деген пікір қалыптасты.Осы сенімсіздіктің үстіне екінші әдет қосылды — «мемлекет бәрібір төлейді» деген сенім.

2024 жылғы тасқында мемлекет үйді өзі салып берген соң, адамдарда «неге ай сайын ақша төлеймін, бәрібір мемлекет келеді» деген түсінік бекіп қалды. Ал жыл сайын барлық зардап шеккеннің шығынын бюджеттен өтеу мүмкін емес екені қазірдің өзінде анық, өйткені тасқын жыл сайын болады, ал бюджет шексіз емес.Ал қаржы жағына келсек, жағдай мүлде басқаша. Заң жобасында жылдық жарна 0,5-тен 5 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 2 163 теңгеден 21 625 теңгеге дейін деп ұсынылып отыр. Бұл орташа есеппен айына 200-1800 теңге деген сөз. Ал өтемақысы болса, үй толық қираса жарнаның 500 есесі, жартылай бүлінсе 250 есесі төленеді. Демек мәселе ақшада емес, мәселе — сенімде. Егер адам «мен төлеймін, бірақ апат болса ақшамды ала алмаймын» деп ойласа, 2 000 теңге де қымбат көрінеді.

## ЖҮЙЕНІҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН КЕДЕРГІ НЕДЕ?

Бірінші кедергі — сенімнің өзі. Адамды сенімсіз жүйеге міндеттеп кіргізу — қарсылық тудырады, сондықтан мемлекет алдымен төлемнің әділ болатынын дәлелдеуі керек.Екінші кедергі — тәуекел картасының жоқтығы. Сақтандыру компаниясы тарифті қайдан алады? Ол үшін әр көшенің, әр үйдің су басу, жер сілкіну қаупін білуі керек. Ал бізде ондай нақты, цифрланған қауіп картасы әлі толық жоқ. Бұл дерек әкімдікте, ТЖМ-де, әртүрлі жерде шашырап жатыр. Бірыңғай база жоқ болса, компания тарифті «көзбен» қояды. Үшінші кедергі осыдан туындайды — қайта сақтандыру сыйымдылығының жетпеуі. Қазақстандық компаниялар өздері үлкен апатты көтере алмайды.

Сондықтан бұл тәуекелді халықаралық қайта сақтандыру нарығына беру керек. Ал шетелдік қайта сақтандырушылар біздің қауіп картамызға, заңымызға сенбесе — олар бағаны қымбаттатады, ал баға қымбаттаса халыққа түсетін тариф те қымбаттайды. Төртінші кедергі — адам факторы. Қазір агенттер көбіне ОСАГО, КАСКО сатуға үйренген. Ал үйді апаттан сақтандыру — мүлде басқа өнім, оны түсіндіру керек, есептеу керек, апат болса шығынды бағалау керек. Осы кедергілердің бәрі бір жерде түйіседі: аймақтар әртүрлі, сондықтан бір ғана ережемен бәрін шешуге болмайды.

## АЙМАҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАЛАЙ ЕСКЕРІЛЕДІ?

Міндетті сақтандыру бәріне бірдей болмайды, бұл — ең маңызды қағида. ТЖМ дерегі бойынша, жер сілкінісі мен су тасқыны қаупі жоғары 16 өңір бар — 14 облыс, Алматы мен Шымкент қаласы. Осы аумақта 3 млн-нан астам тұрғын үй бар, 15 млн-ға жуық адам тұрады. Ал қалған өңірлер бұл жүйеге мүлде кірмейді. Оның үстіне қауіптің өзі үшке бөлінеді: жер сілкінісі, су тасқыны, табиғи орман өрті. Егер өңірде екі-үш қауіп бірдей болса, коэффициенттер қосылады, яғни тариф те жоғарылайды. Тарифтің өзі де осы логикаға бағынады. Формула қарапайым: мүлік салығы + өңірлік коэффициент. Мысалы, пәтеріңе мүлік салығы 3 500 теңге болса, ал өңірдің жиынтық қауіп коэффициенті 1,7 болса — жылына 5 950 теңге төлейсің.

Дәл осы себепті жүйе бірден 16 өңірде емес, алдымен Алматы, Шымкент және Жамбыл облысында сынақтан өтеді. Себебі осы үш өңірде үш қауіптің үшеуі де бар. Осы жерде әлеуметтік әділдік мәселесі де ескерілген. Заң жобасында халықтың әлеуметтік осал топтарына субсидия қарастырылған. Бұл дегеніміз — табысы төмен отбасыларға жарнаны мемлекет ішінара немесе толық өтеп беруі мүмкін.

## ЕГЕР АЛМАТЫДА ЖЕР СІЛКІНСЕ, ШЫҒЫН ҚАНША БОЛАДЫ?

Тасқын 500 млрд теңгеге түскен болса, Алматыдағы жер сілкінісі — мүлде басқа масштаб. Мұнда әңгіме миллиардтар туралы емес, триллиондар туралы болады. Нақты ғылыми есеп бар. Оны Оксфорд университеті мен GEM қоры Алматының астындағы жасырын жарықтарды спутникпен зерттеп есептеген.

Ең қауіпті сценарий — қаланың астында болатын орташа жер сілкінісі. Магнитудасы небәрі 6,5, бірақ ошағы дәл Алматының астында болса, есеп бойынша 12 300 ғимарат толық қирайды, 4 100 адам қаза табады, ал экономикалық шығын — 4,7 млрд доллар, яғни бүгінгі бағаммен шамамен 2,4 - 2,5 триллион теңге болады. Бұл — тек ғимараттарды қайта салудың құны ғана.

## Екінші сценарий — тарихи апаттың қайталануы

1887 жылы Верный қаласы толық қираған. Магнитудасы — 7,3. Сол апат бүгінгі Алматыда қайталанса, шығын одан да көп болады, өйткені ол кезде қалада бірнеше мың адам тұрса, қазір 2,2 млн адам тұрады.

## ЕЛ БЮДЖЕТІ ОНЫ КӨТЕРЕ МЕ?

 Көтерсе де, ел бірнеше жылға артқа кетеді.

- 2026 жылғы республикалық бюджеттің өзі: кірісі — 22,9 трлн теңге, шығысы — 26,3 трлн теңге,
- тапшылығы — 4,6 трлн теңге.
- Ал Алматыдағы орташа жер сілкінісінің өзі — 2,5 трлн теңге.
- Бұл бір жылғы бюджет шығысының 10%-ға жуығы деген сөз. Ал бюджетте ол ақша бос жатқан жоқ.
- Оның үстіне төтенше жағдайға арналған резерв — небәрі 500 млрд теңге.
- Яғни жер сілкінісінің шығыны резервтен 5 есе көп.
-  Бұл резервті түгел жұмсасаң да, шығынның 20%-ын ғана жабасың. Қалған 2 трлн теңгені қайдан келеді?

Қазір Ұлттық қордың активтері — 66,7 млрд доллар, яғни шамамен 35 трлн теңге. Бірақ Ұлттық қордан бюджетке жылына кепілдендірілген трансферт — небәрі 2,77 трлн теңге. Яғни бір жер сілкінісі бір жылғы бүкіл трансфертті жеп қояды деген сөз. Ал Ұлттық қор — болашақ ұрпақтың ақшасы. Оны бір қаланың бір апатына жұмсасаң, ертең мұнай бағасы құласа, елде ақша қалмайды.

Ең қорқыныштысы — бюджет қазірдің өзінде тапшылықпен отыр. 2026 жылдың 9 айында ғана тапшылық 3,1 трлн теңгеге жеткен. Оны жабу үшін мемлекет 9 айда 7,29 трлн теңге қарыз алған. Яғни мемлекет қазірдің өзінде қарызға өмір сүріп отыр. Оның үстіне 2,5 трлн теңге шығын қосылса, тапшылық 7,1 трлн теңгеге жетеді. Дәл осы себепті жаңа заң шығып отыр: 2,5 трлн теңгелік тәуекелді бір бюджетке артуға болмайды, оны сақтандыру арқылы бүкіл әлемге бөлу керек. Бюджет жалғыз қалса — құлайды.

## НАРЫҚ БҰҒАН НЕ ДЕЙДІ ЖӘНЕ АРЫ ҚАРАЙ НЕ БОЛАДЫ?

Нарықтың өзі бұл өзгеріске сақтықпен, бірақ үмітпен қарап отыр.

> «Freedom Insurance» басқарма төрағасы Азамат Керімбаев 2026 жылғы қарашада жаңа заң жобасын талқылап: «Нарықтың дауысы тыңдалды, көп ұсыныс ескерілді. Жаңа ережелер нарықты ашық етіп, компаниялардың жауапкершілігін арттыруы керек», — деді.

Яғни енді әңгіме «сенім жоқ» емес, «заңды қалай дұрыс жазу керек» туралы болып отыр. Бұл бағдарламада басқа да өзгерістер бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қосымша ретінде ерікті медициналық сақтандыру дамытылады, қазақстандықтарға инвестициялық және гибридті өнімдерді қамтитын зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлері ұсынылады. Сонымен қатар сақтандыруды ресімдеу толық онлайнға көшеді, агенттердің комиссиясы полисте теңгемен де, пайызбен де көрсетіледі.

Бірақ бағдарламаның бекітілуі — міндетті сақтандыру ертең басталады деген сөз емес. 18 бастаманың 12-сі «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасына енгізіледі. Құжатты Құрылтай қарауына 2026 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланған.

## Мемлекет жылдар бойы «сақтандырмасаң да, мен төлеймін» деп халықты үйретті

Енді сол әдеттің бағасы жүздеген миллиард теңге екенін түсініп, ережені өзгертіп жатыр. Енді қағида қарапайым: үйіңді өзің сақтандыр, апат болса — сақтандыру төлесін. Егер жүйе ашық болып, бірінші апатта адамдар ақшасын нақты алса — сенім келеді. Ал бірінші төлемде бюрократия басталса — міндетті сақтандыру халық үшін тағы бір «жаңа салыққа» айналады.

---

Опубликовано: 2026-11-10T07:39:54+05:00

Обновлено: 2026-11-10T07:39:57+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-10-tasqyn-500-mlrd-zher-silkinisi-25-trillion-kim-toelejdi/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.