---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-13-uejingning-baghasyn-endi-energetikter-sheshedi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Үйіңнің бағасын енді энергетиктер шешеді

![Контроль в сфере теплоэнергетики усилят в Казахстане](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/kontrol-v-sfere-teploenergetiki-usilyat-v-kazahstane_bizmedia.kz_.jpg)

Құрылтай «Баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды. Оның айтуынша, құжат Президенттің тапсырмасымен әзірленген, ал басты мақсаты – баламалы энергетиканы дамытуға құқықтық негіз жасау, энергожүйенің сенімділігін арттыру және инвестиция тарту.

[![Фото: evening_tao / Freepik](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/kontrol-v-sfere-teploenergetiki-usilyat-v-kazahstane_bizmedia.kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/01/kontrol-v-sfere-teploenergetiki-usilyat-v-kazahstane_bizmedia.kz_.jpg)Фото: evening_tao / Freepik

Заңның ең басты жаңалығы – энергияны сақтайтын жүйелерді салуға аукцион өткізу. Яғни, мемлекет кімге, қайда, қандай жүйе салу керегін өзі шешпейді, оны бәсеке арқылы таңдайды. Жеңімпазбен бірыңғай сатып алушы 15 жылға дейінгі келісімшарт жасайды және оның қуатының қолжетімділігін сақтау қызметі үшін ақы төлейді. Министрдің сөзімен айтқанда, бұл инвесторға жобаны жүзеге асыру үшін болжауға болатын жағдай жасайды. Өйткені инвестор ертең не болатынын білмесе, ол ақша салмайды, ал 15 жылдық келісім – оған сенімділік береді.

## Бұл не үшін керек деген сұраққа министр нақты жауап берді

Қазақстанның энергожүйесіне шамамен 3 гигаватт маневрлік қуат қажет. Оның шамамен 2 гигаваттын жаңартылатын энергия көздері арқылы қамтамасыз ету жоспарланып отыр, ал қалған 1 гигаватт үшін инвестиция тартудың қосымша тетіктерін жасау керек. Мәселе мынада, күн мен жел әрдайым бірдей соға бермейді.

Күн түстен кейін қатты шығып, түнде жоқ болады, жел де солай. Ал халыққа жарық түнде де керек. Сондықтан өндірілген энергияны сақтап, керек кезде беретін жүйе керек. Міне, дәл осы жүйені салуға аукцион өткізілмек.

## Сарапшылар пікірі

S&P Global сарапшылары KazEnergy-2026 баяндамасында жаңартылатын энергия көздері енді «имидждік жоба емес, тапшылықты жабатын құралға» айналды деп бағалайды. Бірақ олар бірден ескертеді: одан әрі өсу тек сақтау жүйесі, маневрлік газ генерациясы және желі бірге жұмыс істегенде ғана мүмкін.

Яғни, тек күн мен желді көбейте беру қауіпті, оларды ұстап тұратын жүйе керек. Дәл осы ойды саланың ішінен шыққан сарапшы, Qazaq Green қауымдастығының басшысы Арман Қашқынбеков та қуаттайды. Оның айтуынша, Қазақстан 2035 жылға қарай күн мен желдің үлесін 20-25%-ға дейін жеткізе алады, бірақ ол үшін техникалық және экономикалық шарт керек.

## Оның формуласы қарапайым: сақтау + маневрлік генерация + желі

Ол өнеркәсіптік аккумуляторларды «артық энергияны сақтап, сұраныс жоғары кезде беретін» шешім деп атайды. Заң жобасында тағы бір маңызды тетік бар – баға арбитражы. Бұл дегеніміз, сақтау жүйелері электр энергиясын тұтыну төмен кезде арзанға сатып алып, сұраныс жоғары кезде қымбатқа сатады. Табыс нарықтық бағаға байланысты болады, ал мемлекет табысқа да, шығынды өтеуге де кепілдік бермейді. Яғни, мемлекет «сенің шығыныңды жабамыз» демейді, ол тек «ойын ережесі осы, осы ережемен ойна» дейді. Бұл – нарықтың тілі.

Сонымен қатар заңда бүгінгі тәуекелге жауап бар. Қазір жаңартылатын энергия көздерінің нысандары электр энергиясын тікелей тұтынушыға сата алады. Бірақ сатып алушы банкрот болып, келісімшарт тоқтаса, инвестор мен оның кредиторлар алдындағы міндеттемелеріне қауіп төнеді. Осыған байланысты, 36 айдан кем емес уақыт бойы екіжақты келісімшартпен энергия берген нысандарға бірыңғай сатып алушыға көшу мүмкіндігін беру ұсынылып отыр. Баға соңғы үш жылдағы ең төменгі аукциондық бағаны ескере отырып белгіленеді. Бұл – инвесторды жалғыз сатып алушының банкроттығынан қорғайтын тетік.Демек, мәселе тек жаңа станция салуда емес, өндірілген қуатты сақтап, жүйені тұрақты ұстауда.

## Энергияны өндіру – жарты іс, оны сақтау – жартысы

Егер біз сақтауды үйренсек, жарық сөнгенде абдырамаймыз, жел тоқтағанда тоқтамаймыз. Ал егер тек өндіріп, сақтай алмасақ, күн мен желдің өзіне тәуелді болып қаламыз.

Осы жерде көпшілік сұрайтын сұрақ туады: бұл тұрғын үй нарығына, бағаға әсер ете ме? Тікелей әсер етпейді, бірақ жанама әсері үлкен болады, өйткені үйдің бағасы – тек шаршы метр емес, сол үйдегі өмірдің сапасы.

Біріншіден, сенімділік бағаны өсіреді. Жарығы жиі сөнетін, қыста жылуы тұрақсыз ауданда үй арзан болады, ал энергиясы тұрақты, қоры бар ауданда үй қымбат болады. Сақтау жүйелері көбейген сайын, апатты өшіру азаяды, ал бұл – жаңа тұрғын үй кешендері үшін қосымша артықшылыққа айналады. Құрылыс салушылар енді «бізде жарық сөңбейді» деп жарнамалай бастайды, бұл бұрын болмаған құндылық болады.

Екіншіден, тариф мәселесі бар. 15 жылдық келісімшарт пен сақтау жүйесіне төленетін ақы ақыр соңында тарифке кіреді. Егер жүйе тиімді жұмыс істесе, арзан уақытта алынған энергия қымбат уақыттағы шығынды азайтады, ал тариф тұрақтанады. Ал егер жүйе қымбат болып, нарық оны көтере алмаса, онда бұл шығын коммуналдық төлем арқылы халықтың қалтасына түседі. Яғни, пәтердің өзі қымбаттамаса да, сол пәтерде тұру қымбаттайды. Ал тұру қымбаттаған жерде сұраныс азаяды, сұраныс азайған жерде баға да баяулайды.

Үшіншіден, жаңа құрылыстың өзіндік құны өзгереді. Ертең жаңа үйлерге энергияны үнемдейтін, сақтайтын жүйелерді қою талабы күшейсе, құрылыс қымбаттайды. Бірақ ұзақ мерзімде сол үйде тұратын адамның ай сайынғы шығыны азаяды. Сондықтан нарықта екі түрлі үй пайда болады: арзан, бірақ қымбат тұратын ескі үй және қымбат, бірақ арзан тұратын жаңа үй. Адамдар екіншісін таңдай бастағанда, біріншісінің бағасы түседі.

Сондықтан бұл заң пәтердің шаршы метріне бірден әсер етпейді, бірақ қай үй қымбат, қай үй арзан болатынын өзгертеді. Бұрын адам үйді тек ауданына, орнына қарап таңдайтын, енді ол «жарығы сөне ме, тариф қанша, жылу тұрақты ма?» деп сұрайтын болады. Энергияны басқара алған құрылыс салушы ұтады, ал басқара алмағаны артта қалады.

Бұрын үйдің бағасын риэлтор шешетін, енді оны энергетик шешеді. Өйткені үй – қабырға емес, жарық, жылу, тұрақтылық. Ал сол тұрақтылықты енді осы заң арқылы сақтау жүйесі қамтамасыз етпек.

---

Опубликовано: 2026-11-13T10:47:17+05:00

Обновлено: 2026-11-13T10:47:20+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-13-uejingning-baghasyn-endi-energetikter-sheshedi/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.