---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-15-tenggege-33-zhyl-4-tenggeden-444-tenggege-dejin/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Теңгеге – 33 жыл: 4 теңгеден 444 теңгеге дейін

![Прогноз курса тенге чего ждать до конца 2025 года, День тенге](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/10/prognoz-kursa-tenge-chego-zhdat-do-koncza-2025-goda_bizmedia-kz_.jpg)

Биыл төл теңгемізге – 33 жыл. 33 жыл – адам үшін кемел шақ. Ал валюта үшін – тарих. Теңгенің тарихы – тәуелсіздіктің тарихы. Себебі төл ақшасыз төл мемлекет болмайды.Ал бұл тарих 1993 жылдың 15 қарашасында, таңғы сағат 8:00-де басталды. Үш күн бұрын, 12 қарашада Президент Жарлыққа қол қойды.

[![Фото: Roman Manshin / Unsplash](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/10/prognoz-kursa-tenge-chego-zhdat-do-koncza-2025-goda_bizmedia-kz_-1024x685.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/10/prognoz-kursa-tenge-chego-zhdat-do-koncza-2025-goda_bizmedia-kz_.jpg)Фото: Roman Manshin / Unsplash

 15-нен 20 қарашаға дейін ескі рубль жаңа теңгеге айырбасталды. Бір теңге – 500 рубль. Бір адамға – 200 теңгеден артық емес. Қалғаны арнайы шотқа жатты. Бұл – асығыс емес, құпия дайындалған операция еді. 

Теңгенің эскизін төрт суретші – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғабжәлелов – құпия жағдайда салды. Англияда басылды. Қазақстанға 18 авиарейспен жеткізілді.Осы кезде бір сұрақ туады: 

**1993 жылы долларды 4 теңгеге бағалаған қандай күш еді? **

Бұл – теңгенің мықтылығы емес еді. Бұл – әкімшілік күш еді. Ұлттық банк алғашқы бағамды 4,75 теңге деп белгіледі. Бірақ бұл бағам нарықта туған жоқ, кабинетте туды. Ол кезде нарық жоқ еді. Айналымда ақша аз еді, бағаны ұстап тұру үшін ақшаны қатаң шектеді. Елде өндіріс тоқтап тұрды, дүкен сөресі бос еді. Сол кездегі 4,75 – теңгенің күші емес, ескі жүйенің соңғы демі еді. Сондықтан ол ұзақ тұрған жоқ. Жыл соңына қарай доллар 6,31 теңге болды. Бір жылда теңге он еседен астам құнсызданды. Сол жылы орташа жалақы – 128 теңге, яғни шамамен 24 доллар еді. 1000 теңгеге сол кезде қолданыстағы шетелдік көлік немесе пәтерді жиһазбен толық жабдықтауға болатын. Бірақ бұл бақыт ұзаққа созылмады. Баға күн сайын өзгерді.Осы жерден теңгенің шын тарихы басталды. Ол – құнсыздану тарихы емес, дербес өмір сүруді үйрену тарихы. Себебі 1993 жылға дейін Қазақстан рубль аймағында еді. Ақша эмиссиясын Ресейдің Орталық банкі жүргізді. Төл теңге – алдымен саяси тәуелсіздік еді, содан кейін ғана экономикалық құрал. Төл ақша келген соң Ұлттық банк дербес эмиссиялық банкке айналды.Ал дербес ақша дербес соққыны да өзі көтерді. 1999 жылы Азия мен Ресей дағдарысының салқыны тиді: доллар 88-ден 140-қа секірді. 2009 жылдың ақпанында – 25 пайыздық девальвация. 2014-2015 жылдары – тағы да құлдырау. 2015 жылдың тамызында теңге еркін жүзуге жіберілді. Бір күнде 36 пайыз жоғалтты. Жыл соңына қарай доллар екі есеге жуық қымбаттады. Осы төрт құлдырау – теңгенің тыртығы. Бірақ әр құлдыраудан кейін теңге жаңа ережемен өмір сүрді.

**Ал бүгін теңге мүлде басқа рөлде**

Ол енді әкімшілік бағам емес, нарықтық бағам. Бағамды енді кабинет емес, KASE-дегі сауда анықтайды. Ұлттық банк 2026 жылдың қазан айында валюталық интервенция жүргізбегенін айтты. Икемді бағам ұстанымын растады.Бүгін, 15 қарашада, ресми бағам – 1 долларға 444,30 теңге, 1 евроға 490,91 теңге, 1 рубльге 5,41 теңге. Бұл – 1993 жылғы 4,75-пен салыстырғанда 94 есеге жуық айырма. Бірақ бұл санның өзі бәрін айтпайды. Себебі жалақы да өзгерді. 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа жалақы – 486 388 теңге

**10 қарашадағы бағаммен шамамен 1083 доллар. 1993 жылғы 24 доллармен салыстырсақ, айырма – аспан мен жердей**

. Әрине, баға да өзгерді. 11 қарашада Астанада сиыр етінің килограмы – 3702 теңге, Алматыда – 4168 теңге болды.Ал теңгенің нарықтағы бүгінгі рөлі – үш сөзбен айтқанда: есеп, сақтау, сенім. 

Біріншісі – есеп. Қазақстанда барлық жалақы, зейнетақы, салық, бюджет теңгемен есептеледі. 

Екіншісі – сақтау. Халық депозитінің көп бөлігі теңгемен.

Үшіншісі – сенім. 2026 жылдың қыркүйек соңында Қазақстанның халықаралық резервтері мен Ұлттық қордың активтері – 132,36 млрд долларға жетті. Бұл – теңгенің артында тұрған жастық. 

Сонымен қатар биыл теңгенің Ұлттық валюта ретіндегі мәртебесі Конституцияда бекітілді. Ал цифрлық теңге – оның жаңа кейпі. Қағаздан – қорғалған банкнотқа, банкноттан – цифрлық ақшаға. 33 жылда теңге қағаздан цифрға көшті.Бірақ нарықта бір қайшылық қалды. Доллар түссе де, баға түспейді. Бұл – әлеуметтік желіде ең көп айтылатын сөз. «Доллар түскен сайын коммуналдық, тамақ, ет өнімдері қымбаттады» дейді адамдар. «Бізде бір көтерілген зат қайта арзандамайды» дейді екіншісі. Бұл – теңгенің кінәсі емес, нарықтың ауруы. Бағам – бір нәрсе, баға – басқа нәрсе. Бағаға монополия, логистика, делдал әсер етеді. 

**Теңге нығайғанда импорт арзандауы керек**

Бірақ ол арзандық сөреге жетпей жатыр.Осылайша, 4 теңгеден 444 теңгеге дейінгі жол – теңгенің әлсіздігінің жолы емес, есеюінің жолы. 1993 жылғы 4,75 – жасанды, кабинеттік бағам еді. 2026 жылғы 444,30 – нарықтық, шын бағам. Біріншісі – тәуелсіздікті жариялау үшін керек болды. Екіншісі – тәуелсіздікті ұстап тұру үшін керек. Теңге енді – жай қағаз емес. Ол – мемлекеттің, бюджеттің, жалақының, сенімнің тілі.

**33 жылда не өзгерді?**

Біріншіден, теңге рубльдің көлеңкесінен шықты. Екіншіден, әкімшілік бағамнан нарықтық бағамға көшті. Үшіншіден, қағаздан цифрға көшті. Өзгермегені – бір нәрсе: теңге әлі де Қазақстанның дербестігінің белгісі. Оны сақтау – Ұлттық банктің ғана емес, бүкіл экономиканың міндеті.

---

Опубликовано: 2026-11-15T11:23:46+05:00

Обновлено: 2026-11-15T11:23:48+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Aқша](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/aqsha/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстанның қаржылық жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstannyng-qarzhylyq-zhangalyqtary/), [Маңызды](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/)

Метки: [Бюджет](https://kk.bizmedia.kz/tag/byudzhet/), [Деньги](https://kk.bizmedia.kz/tag/dengi/), [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/), [Тенге](https://kk.bizmedia.kz/tag/tenge/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-15-tenggege-33-zhyl-4-tenggeden-444-tenggege-dejin/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.