---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-16-qajtarylghan-milliardtar-qajda-ketti-prezident-11-kuen-berdi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қайтарылған миллиардтар қайда кетті? Президент 11 күн берді

![Қайтарылған миллиардтар қайда кетті? Президент 11 күн берді](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/10/telegram-cloud-photo-size-2-5406604188143263967-y.jpg)

Бас прокуратураның мәліметінше, кейінгі үш жылдың ішінде жемқорлардан қайтарылған активтер есебінен 466 нысан салуға 617,7 млрд теңге бөлінген.

[![Фото: Акорда](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/10/telegram-cloud-photo-size-2-5406604188143263967-y-1200x772.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/10/telegram-cloud-photo-size-2-5406604188143263967-y.jpg)Фото: Акорда

Оның 383- салынып біткен. Бұл - мемлекеттің мақтанышпен айтатын цифры. Жемқорлардан алынған ақша халыққа қайтып, мектеп, аурухана, жол болып салынып жатыр деген логика.

## Бірақ Президент бұл логиканы бұзды

Ол сол тұрғызылған нысандардың, әсіресе жолдардың сапасы сын көтермейтінін, бұл арнайы тексеруді қажет ететінін айтты. Осыдан кейін қоғамда «жемқорлардан қайтарылған қаржы орта жолда екінші бір жемқорлардың талауына түскен бе?» деген сұрақ ауада ілініп қалды.

## Президент не деді?

Мемлекет басшысы бұл жайтты елдегі тамыр жайған жемқорлық оқиғаларымен байланыстырып, мұндай құқық бұзушылықтарды мемлекеттік компаниялардың дерті деп атады. Бұл - өте маңызды тұжырым. Өйткені әңгіме бір мердігердің сапасыз жұмыс істегені туралы емес. Әңгіме жүйенің өзі туралы болып отыр. Егер дерт мемлекеттік компаниялардың өзінде болса, онда қанша ақша қайтарсақ та, ол сол ауру жүйенің ішіне кіріп, қайта жоғалып кете береді.

Осыдан кейін Президент сыбайлас жемқорлықты барынша азайту мақсатында ұсыныс дайындау үшін Үкіметке 11 күн уақыт берді.

## 11 күн -  кездейсоқ мерзім емес

Бұл «баяу тексеріңдер» деген тапсырма емес, «жүйені қалай өзгертеміз, тез шешім әкеліңдер» деген талап.Бізде бақылау тетігі формалды түрде - бар. Бас прокуратура қадағалайды, Есеп комитеті тексереді, мемлекеттік сатып алу порталы ашық. Қайтарылған қаражат қай нысанға кеткені туралы есеп те жарияланып тұрады. Бірақ Президенттің сыны осы тетіктердің қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде жұмыс істемей тұрғанын көрсетіп отыр.

## Бұл жерде мәселе екіге бөлінеді

Біріншіден, мәселе тендерде болуы мүмкін. Біздің тендер жүйесі көбіне ең арзан баға ұсынғанды жеңімпаз етеді. Тәжірибесі, техникасы жоқ компания арзан бағамен кіріп алады да, сосын сападан үнемдеп, ақшаны «оптимизация» деп жауып тастайды. Нәтижесінде - бір жылдан кейін шұрық-тесік болған жол.

Екіншіден, мәселе мемлекеттік жүйенің өзінде болуы мүмкін. Қайтарылған қаржыны игеру тізбегі сол баяғы мемлекеттік компаниялар арқылы өтеді. Ал егер сол компанияларда бақылау әлсіз, жауапкершілік бұлыңғыр болса, онда ақшаның қайдан келгені маңызды емес - ол бәрібір сол жүйенің ішінде «еріп» кетеді. Яғни, біз қайтарылған қаржыға толыққанды иелік ете алмай отырмыз. Өйткені ақшаны қайтару - бір жұмыс, ал оны таза, ашық, сапалы игеру - мүлде басқа жұмыс.

## Не істеу керек?

Мысалы, сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша,  қайтарылған қаржынының құқықтық мәртебесін анықтау керек. Сарапшылардың ортақ пікірі мынаған саяды: қайтарылған ақша жалпы бюджеттің ішіне араласып кетпеуі керек. Оның әр теңгесі жеке есепте тұрып, қай нысанға, қай мердігерге кеткені ашық көрініп тұруы керек.

Сонымен қатар, сапаға жауапкершілік күшейтілуі керек. Жолды салған компания 5-10 жыл кепілдік беруі керек. Егер жол бір қыстан кейін бүлінсе, оны мемлекеттің ақшасына емес, сол компанияның өз есебінен жөндеуі керек.

## Қорытынды 466 нысан, 617,7 миллиард - бұл үлкен нәтиже

Бірақ егер салынған жолдың сапасы сын көтермесе, бұл нәтиженің мәні қалмайды. Президенттің 11 күн бергені - осыны мойындау. Енді мәселе Үкіметтің қандай ұсыныс әкелетінінде емес, сол ұсыныс тендер мен мемлекеттік компаниялардағы тамыр жайған дертті емдей ала ма, соған байланысты.

---

Опубликовано: 2026-11-16T09:40:53+05:00

Обновлено: 2026-11-16T09:40:56+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Aқша](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/aqsha/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстанның қаржылық жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstannyng-qarzhylyq-zhangalyqtary/), [Маңызды](https://kk.bizmedia.kz/mangyzdy/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-16-qajtarylghan-milliardtar-qajda-ketti-prezident-11-kuen-berdi/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.