---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-19-halyqtyq-qurylys-65-trln-tengge-qurylysqa-ma-zhuejege-me/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# «Халықтық құрылыс»: 6,5 трлн теңге — құрылысқа ма, жүйеге ме?

![Строительство АЭС](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/01/realizacziya-parallelnyh-proektov-vozmozhna-glava-minenergo-o-stroitelstve-aes_bizmedia-kz_.jpg)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлуді жариялады. Бұл — Қазақстан тарихындағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба.

[![Фото: РИА Новости / Сергей Пивоваров](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/01/realizacziya-parallelnyh-proektov-vozmozhna-glava-minenergo-o-stroitelstve-aes_bizmedia-kz_-1024x576.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/01/realizacziya-parallelnyh-proektov-vozmozhna-glava-minenergo-o-stroitelstve-aes_bizmedia-kz_.jpg)Фото: РИА Новости / Сергей Пивоваров

Бұл ақшаға 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, 50-ге жуық білім, спорт және мәдениет нысаны салынады. Жол, газ, ауыз су, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жаңартылады. Алғашқы 1,5 трлн теңге биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында беріледі. Үкіметтің уәдесі — «триллиондар елде қалады». Бірақ ақша елде қала ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен жобаның қалай бұзылуы мүмкін екенін түсіну керек.

Құрылтай депутаты Илья Теренченко 18 қарашада министрге депутаттық сауалында дәл осыны айтты. Оның ойынша, триллиондар елде қалуы үшін 5 жүйелі проблеманы шешу керек. Бұл — бөлек-бөлек кемшілік емес. Бірі екіншісін тудыратын тізбек.Бәрі сметадан басталады. Сметаға отандық өнім жазылады, ал алаңда мердігер оны импортпен алмастырады.

Қағазда — қазақстандық, алаңда — импорттық: Ал бұл алмастыру қалай өтіп кетеді? Импорттық тауар сатып алая тыйым салынған. Бірақ ол тауар құрылыс жұмысының құрамына кіріп кетсе — тыйым жұмыс істемей қалады.Ал мұны жабу үшін үшінші айла— жалған сертификаттың құлағы қылтиып тұр:

Сапа туралы жалған құжат ғимараттың қауіпсіздігін түсіреді, адал зауытты құртады. Себебі адал зауыт жалған құжатпен бәсекелесе алмайды.  

## Келесі проблема — жауапсыздық

Бұзушылық нысан тапсырылғаннан кейін анықталады. Ол кезде жауапқа тарту мерзімі өтіп кетеді. Қате бар, бірақ жауап беретін адам жоқ.Ал түбінде бұның бәрі бесінші себепке тіреледі — жоспарсыздық.

«Халықтық құрылысқа» қанша материал керек екені зауыттардың нақты қуатымен алдын ала салыстырылмаған. Жоспар болмаса — тапшылық болады, тапшылық болса — импорт келеді. Тізбек осылай тұйықталады.

Биыл 7 айда құрылыс материалдары өндірісі 12%-ға өсіп, 1 трлн 160 млрд теңге болды. Отандық үлес — 73%. Бірақ импорт әлі 387,7 млрд теңге. Демек, зауыт бар, бірақ жүйе жоқ болса — ақша импортқа кете береді. Енді осы жүйенің экономикаға әсерін сарапшылардан сұрайық.

## Тәуелсіз сарапшылар не дейді?

Тәуелсіз сарапшы Асқар Қысықовтың айтуынша, 6,5 трлн теңгеден жыл сайын 1,5-2 трлн-нан бөлінеді. Бұл — ЖІӨ-нің 1%-нан аз, бюджеттің 7%-ы ғана. Сондықтан бұл ақша өзінен өзі инфляцияға себеп бола алмайды.

Бірақ ол бірден ескертеді. Ұлттық қор соңғы 5 жылда валютада жылына орташа 5% табыс берді. Демек, салынған әр жоба кемінде сондай қайтарым беруі керек. Әйтпесе ақшаны қорда ұстаған тиімдірек еді.Сондықтан оның тұжырымы қысқа: «Тиімділікті ақша игерілді ме деп емес, жоба тығырықты шешті ме деп өлшеу керек».

## Жобалар 5% қайтарым бере ала ма?

Бұл сұраққа екінші сарапшы — Арман Бейсембаев тәртіп жағынан жауап береді. Оның айтуынша, 6,5 трлн-ды бірден төксе — инфляция шарықтайды. Бөліп-бөліп, 3 жылға созса — экономика үйренеді. Ол мұны босқа айтпайды. 2021-2022 жылы БЖЗҚ-дан 3,5 трлн теңге алынған кезде үй бағасы 2 есе өсті. Сол қателік қайталанбауы керек. Осылайша екеуі бір ойды екі жағынан толықтырады.

Қысықов: «Жоба қайтарым беруі керек» десе, Бейсембаев: «Ақшаны бөліп бермесе — қайтарымның орнына инфляция аласың» дейді. Бірақ бұл ойлардың бәрі — жаңа емес. Бұған дейін де айтылған.

## Ұмыт қалған ұсыныстар

Бұл ұсыныстардың бәрі құлағымызға таныс. Себебі олар бұрын да айтылған, бірақ ұмыт қалған.Алдымен Жоғары аудиторлық палатаның 2026 жылғы сәуірдегі тексерісін алайық. Ол кезде қаржылық құны 3,4 трлн теңгеге бағаланған 3000-нан астам жоба қаралды. Плюс квазимемлекеттік секторға берілген облигациялық қарыз — тағы 3,8 трлн теңге.

Сол кезде Ұлттық қорға жауапты бір ғана орган жоқ екені мәлім болған еді. Жауапкершілік министрлік пен Ұлттық банк арасында шашырап кеткен. Кейбір жобалар құжатсыз, тіпті жерсіз басталған. 500-ден астам жоба — 394 млрд теңге — жолда өзгертіліп, алынып тасталған. Ауыл денсаулығына арналған ақша қалаға кеткен. «Халықтық құрылыс» басталғанда — біз тағы сол сұрақты қойып отырмыз:

## Кім жауап береді?

Осы сұраққа жауап іздеген екінші ұсыныс — 31 қазанда профессор Еркін Әбілден шықты. Ол бір өте қарапайым, бірақ маңызды нәрсені айтты: «Бақылау бір жақты болмауы керек».Оның ойынша, бақылау екі бағытта жүруі керек.

Бірінші бағыт — біз үйреніп қалған бақылау. Смета дұрыс па, сатып алу таза өтті ме, мерзім сақталды ма, сапа бар ма. Бұл — құрылыстың бақылауы.

Екінші бағыт — біз әлі үйренбеген бақылау. Бұл ақша отандық экономикаға не берді? Зауытқа тапсырыс түсті ме, жұмысшыға жұмыс болды ма, шағын бизнеске пайда тиді ме? Бұл — пайданың бақылауы. Біріншісінсіз — ғимарат құлайды. Екіншісінсіз — ғимарат салынады, бірақ экономикаға ештеңе бермейді.

Сол үшін Әбіл нақты 4 көрсеткішті ұсынды:  

-  Сатып алудағы қазақстандық үлес қанша болды?
- Отандық мердігер қанша жұмыс алды?
- Шағын және орта бизнеске қанша тапсырыс түсті?
- Қанша адамға жұмыс тауып берді?

Оның айтуынша, біз  әлі күнге дейін бірінші бағытты ғана — сметаны, мерзімді — тексеріп жүрміз. Ал екінші бағытты — ақшаның елге пайдасын — әлі өлшеген жоқпыз. Бұл ұсыныс та айтылды, бірақ іске аспады.

## Ал үшінші ұсыныс — заңның өзінде тұр

1 шілде 2026 жылы жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Онда да дәл қазіргі ұсыныстар бар еді: кепілдік мерзімі — 5 жылға дейін өсті, бақылау үй тапсырылғаннан кейін емес, құрылыс кезінде болуы керек, құрылысты онлайн бақылау. Яғни заң жағынан бәрі бар.

Бірақ Теренченко айтқан жүйесіздік -салгырттық нысан тапсырылғаннан кейін анықталады, жауапқа тарту мерзімі өтіп кетеді».

Теренченко — бақылаудың жоғын көрсетеді.

Қысықов — қайтарымды сұрайды.

Бейсембаев — тәртіпті сұрайды.

Ал өткен ұсыныстар — бұл сұрақтар бұрын да қойылғанын дәлелдейді. Олардың ойынан бір тізбек шығады: Жүйе болмаса — ақша кетеді, нәтиже өлшенбесе — адамның өмірі өзгермейді.Сондықтан «Халықтық құрылыс» тек құрылыс емес, сынаққа айналады. 6,5 трлн теңге — тек ақша емес, халықтың ақшасы.

Жүйе жасалса — бұл ақша мектепке, ауруханаға, жолға, суға айналады. Жүйе жасалмаса — есепке, сметаға, жалған сертификатқа айналады.Сондықтан соңғы сұрақ — «Саламыз ба?» емес. Соңғы сұрақ — «Кім жауап береді?». Және бұл сұрақты біз бірінші рет қойып отырған жоқпыз. Бұрын да қойғанбыз. Енді ұмытпау керек.

---

Опубликовано: 2026-11-19T07:56:33+05:00

Обновлено: 2026-11-19T07:56:37+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-19-halyqtyq-qurylys-65-trln-tengge-qurylysqa-ma-zhuejege-me/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.