---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-20-almatyda-jerry-iske-qosyldy-qalalyq-czifrlyq-infraqurylymnyng-zhanga-uelgisi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Алматыда Jerry іске қосылды: қалалық цифрлық инфрақұрылымның жаңа үлгісі

![Алматыда Jerry іске қосылды: қалалық цифрлық инфрақұрылымның жаңа үлгісі](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/11/glav-3.jpeg)

Алматыда Jerry интерактивті қалалық көмекшісі жұмыс істей бастады. Бір құрылғыдан бағыт құруға, туристік орындар мен қаладағы іс-шаралар туралы ақпарат алуға, ауа райы мен ауа сапасын білуге, шұғыл көмек қызметтерін табуға және Алматы тарихымен танысуға болады. Жобаны қазақстандық CITIX технологиялық компаниясы Visit Almaty-мен бірлесіп жүзеге асырды.

[![Иллюстрация — Алматыда Jerry іске қосылды: қалалық цифрлық инфрақұрылымның жаңа үлгісі](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/11/glav-3-1200x675.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/11/glav-3.jpeg)

Бүгінде қалалық цифрлық қызметтердің басым бөлігі смартфон арқылы қолжетімді. Бағытты жоспарлау, мейрамхана таңдау немесе қаладағы іс-шаралар туралы білу үшін көбіне бірнеше қосымшаны пайдалануға тура келеді. Jerry бұл қызметтерді қала көшелеріндегі бір интерактивті құрылғы арқылы ұсынады. Ол смартфонды алмастыруды көздемейді, керісінше, оның мүмкіндіктерін толықтырады: таңдалған бағытты немесе қажетті ақпаратты QR-код арқылы телефоннан ашуға болады.

Jerry-дің басты ерекшелігі - ақпаратты құрылғының орналасқан жеріне қарай ұсынуы. Әр смартборд өзі орналасқан жерге жақын нысандарды көрсетіп, оларға дейінгі қашықтықты есептейді және бағыт құруға көмектеседі. Пайдаланушыға бастапқы мекенжайды енгізудің қажеті жоқ. Негізгі қызметтер тегін, оларды пайдалану үшін қосымша жүктеу немесе тіркелу талап етілмейді.

Мұндай қалалық инфрақұрылым әлемнің ірі мегаполистерінде де дамып келеді. Мәселен, Нью-Йорктегі LinkNYC жүйесі тегін Wi-Fi, байланыс және навигация қызметтерін ұсынады. Сеулде туристерге арналған ақпараттық терминалдар мен аударма қызметтері қолданылады. Jerry-дің айырмашылығы - навигация мен күнделікті қажетті ақпаратты туристік гидпен, мәдени-тарихи материалдармен және қаладағы оқиғалар туралы мәліметтермен бір жүйеде ұсынуында.

Jerry арқылы жақын маңдағы мейрамханаларды, дүкендерді, музейлер мен көрікті жерлерді табуға, серуен бағытын таңдауға, концерттер, көрмелер мен спектакльдер афишасын қарауға болады. Билет сатып алу парақшасына өту мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар құрылғыдан ауа райы, ауа сапасы және шұғыл көмек қызметтері туралы ақпарат алуға, тегін Wi-Fi желісіне қосылып, телефонды қуаттауға болады.

Жобада Алматының мәдениеті мен тарихына да орын берілген. CITIX пен Qalam бірлесіп дайындаған «Алматы бұрын және қазір». арнайы жобасында архивтік фотосуреттер қаланың бүгінгі көріністерімен салыстырылады. Бұдан бөлек, жасанды интеллект көмегімен ретро үлгісіндегі фотосурет жасап, оны смартфонға жіберуге мүмкіндік беретін фотобудка бар.

[![Иллюстрация — Алматыда Jerry іске қосылды: қалалық цифрлық инфрақұрылымның жаңа үлгісі](https://bizmedia.kz/app/uploads/2026/11/foto-2-800x1200.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2026/11/foto-2.jpeg)

Jerry-дің технологиялық негізін CITIX командасы әзірлеген. Компания жабдықты жобалап, бағдарламалық платформасы мен интерфейсін жасайды, серіктестер ұсынатын деректер мен қызметтерді бір жүйеге біріктіреді. Көшеге орнатылатын сенсорлық құрылғыларды әзірлеудің өзіндік талаптары бар: олар жауын-шашынға, температураның өзгеруіне және күнделікті қарқынды пайдалануға төзімді болуы керек.

Jerry - CITIX компаниясының Smart City және AdTech бағыттарын ұштастыратын стратегиясының бір бөлігі. Компанияның экожүйесіне Tom смартбордтары, ірі форматты цифрлық экрандар, жарнама технологиялары мен талдамалық шешімдер кіреді. Жарнама бизнесінен түсетін табыс Jerry желісін әзірлеу мен іске қосуды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Желіні құруға қала бюджетінің қаражаты тартылған жоқ, ал негізгі қалалық қызметтер пайдаланушыларға тегін ұсынылады.

Жаңа инфрақұрылымның Алматы экономикасы үшін де маңызы бар. Қала жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды. 2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 млн турист келген, олардың 754 мыңы - шетелдік қонақтар. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алу мүмкіндігі саяхатшылардың қалада өз бетінше бағдар табуын жеңілдетеді.

Jerry жергілікті кәсіпкерлерге де қосымша мүмкіндік береді. Мейрамханалар, дүкендер, музейлер мен мәдениет орындары әлеуетті келушілерге өздері туралы ақпарат жеткізе алады. Мұндағы басты артықшылық - ұсыныстың нақты орынмен байланыстырылуы. Мысалы, пайдаланушы жақын маңдағы мейрамханаға қызықса, оған баратын бағытты бірден құра алады.

Жобаға 2GIS, Almaty Air Initiative және Qalam сияқты технологиялық әрі ақпараттық серіктестер қатысады. Олардың деректері мен материалдары Jerry платформасына біріктірілген. Осылайша құрылғы навигациямен ғана шектелмей, қала туралы әртүрлі ақпарат пен қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазір CITIX Jerry-дің жұмысын жетілдіруді жалғастырып келеді. Компания тұрғындардан түскен пікірлерді ескере отырып, құрылғылардың баптаулары мен орналасуына түзетулер енгізуде, платформаның мүмкіндіктерін дамытуда.

Jerry жобасы CITIX-тің өз технологияларын одан әрі дамытуына және оларды басқа қалалардың ерекшеліктеріне бейімдеуіне негіз қалайды. Сонымен бірге бұл тәжірибе жарнама бизнесі, цифрлық технологиялар мен қалалық қызметтерді бір жүйеде дамыту мүмкіндігін көрсетеді.

---

Опубликовано: 2026-11-20T10:13:10+05:00

Обновлено: 2026-11-20T10:13:14+05:00

Авторы: 

Рубрики: [Алматы жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/almaty-zhangalyqtary/), [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-20-almatyda-jerry-iske-qosyldy-qalalyq-czifrlyq-infraqurylymnyng-zhanga-uelgisi/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.