---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-23-halyqtyq-qurylys-kimge-qut-kimge-zhut/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# «Халықтық құрылыс» кімге құт, кімге жұт

![Строительство школы, застройщиков](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/05/v-astane-idet-stroitelstvo-32-shkol_bizmedia-kz_.jpeg)

2027 жыл — Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланды. 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді. 70-ке жуық аурухана, 50-ге жуық мектеп пен мәдениет нысаны, жол, газ, су салынады. Аурухана, мектеп, су — бұған ешкім қарсы болмайды. Сондықтан дау — не салынатынында емес, ақшаның өзі қауіпті ме, жоқ па дегенде.

[![Фото: акимат города Астана](https://bizmedia.kz/app/uploads/2024/05/v-astane-idet-stroitelstvo-32-shkol_bizmedia-kz_-1024x576.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2024/05/v-astane-idet-stroitelstvo-32-shkol_bizmedia-kz_.jpeg)Фото: акимат города Астана

## Ақша қауіпті ме?

Осы жерде экономист Асқар Қысықовтың пікірі маңызды. Оның айтуынша, «бұл — тұтынуға емес, дамуға бағытталған қаражат. Ол нақты жобаларға жұмсалады. Сондықтан оның инфляцияға әсері халыққа немесе бизнеске тікелей төлемдер мен жеңілдіктер беру арқылы сұранысты ынталандырғанға қарағанда әлдеқайда төмен».

Расында, 6,5 трлн теңге үш-төрт жылға бөлінсе, жылына 1,5-2 трлн теңге болады. Бұл ЖІӨ-нің 1%-нан да аз, 2027 жылға жоспарланған 30,2 трлн теңге шығыстың 7%-ы ғана. Сондықтан баға бірден шарықтап кетпейді дегенге сенуге болады. Алайда Қысықов бірден ескертеді: «Басты мәселе — жобаларды дұрыс таңдау». Яғни ақшаның өзі қауіпті емес, қауіптісі — оны дұрыс таңдалмаған жобаға жұмсау. Ал жобаны дұрыс таңдау үшін ең алдымен материал жеткілікті ме, соны білу керек. Осы жерден екінші сарапшының ойы басталады.

**Ал материал жетпесе ше?******

Halyk Finance сарапшылары Қысықовтың шартын нақты санмен толықтырады. Олардың шолуынша, 2026 жылдың 10 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға өскен, ал құрылыс материалдарының отандық өндірісі небәрі 5,4%-ға өскен.Осы айырмашылықтан олар мынадай қорытынды жасайды:

> «Егер 2027 жылы құрылыс қарқыны одан әрі күшейсе, отандық материалдар тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл құрылыс жұмыстарының қымбаттауына және импорт көлемінің артуына әкеледі. Ал импортқа валюта керек, бұл теңге бағамына қысым түсіруі мүмкін».

Демек, Қысықовтың «жобаларды дұрыс таңдау керек» дегені — тек қағаздағы таңдау емес. Егер бізде цемент, арматура, шыны, кабель жетпесе, біз еріксіз импортқа жүгінеміз. Ал Президенттің өзі «Ұлттық қордың ақшасына импортты қаржыландыруға болмайды» деген еді. Бірақ мұнда тағы бір сұрақ туады: материал болса да, құрылыс жүре ме? Бұл сұраққа үшінші сарапшы жауап береді.

## Құжат пен желі дайын ба?

Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейтнурова алдыңғы екеуінің ойын қорытып, ең практикалық мәселеге әкеледі. Оның айтуынша, «құрылыс — ең ұзын өндірістік тізбегі бар сала. Әр теңге цемент, арматура, шыны, кабель, көлік, жоба, жұмысшының жалақысы арқылы жүріп өтеді.

Бірақ ақшаның өзі жұмысты жылдамдатпайды. Егер жобаның құжаттары дайын болмаса, желілер келісілмесе, құрылыс тоқтап қалады».Оның келтірген дерегі осы ойды дәлелдейді. 2027 жылы қаржыландырылатын 272 жобаның тек 123-і — жалғасып жатқан жобалар. Қалғандарының құжаттары мен алаңдары алдын ала тексерілуі керек. Ал Алматының өзінде жылу желілерінің тозуы 56%-дан, электр желілерінің тозуы 64%-дан асып кеткен. Ескі желіге жаңа ғимарат қосу мүмкін емес. Сондықтан Сейтнурованың түйіні — үшеуінің ортақ түйініне айналады:

> «Бағдарламаны игерілген ақшаға емес, уақытында тапсырылған, желіге қосылған, жылдар бойы жұмыс істеп тұрған нысандарға қарап бағалау керек».

Осылайша, үш сарапшы бір тізбек құрайды: ақша қауіпті емес, бірақ материал жетпесе, ақша қымбаттайды, ал материал болса да, құжат пен желі дайын болмаса, құрылыс тоқтайды. Ал енді осы тізбекті құрылыстың ең үлкен шығыны — материалға әкеп тірейік.

## Құрылыстың наны қайдан келеді?

Құрылыста ақшаның көбі бетонға емес, материалға кетеді. Бір үйді салғанда, шығынның 55-60%-ы — материал, 25-30%-ы — жұмысшының еңбегі, қалғаны — техника мен пайда. Сондықтан «кім салады?» деген сұрақтан бұрын «немен салады?» деген сұраққа жауап беру керек.

Министр Ерсайын Нағаспаевтың 17 қарашада Үкіметте айтқан ресми дерегі бойынша, ішкі сұраныстың 73%-ын өзіміз жабамыз. Мақсат — 3 жылда 80%-ға жеткізу. 7 айда отандық заводтар 1,16 трлн теңгеге материал шығарған, өсім — 12%. Бұл санның ішінде екі түрлі шындық бар.

Біріншісі — толық өзіміз жабатындар: цемент, бетон, гипс, гипсокартон — 100%. Бұл жерде мәселе жоқ.

Екіншісі — жетпейтіндер, ең қымбат, ең «наны» көп жер: жылу оқшаулағыш плиталар, керамикалық плиталар, композиттік және қаптама материалдары.

Яғни қарапайым үйді — өзіміз сала аламыз. Ал әдемі, жылы, ұзақ тұратын үйді — әлі толық сала алмаймыз. Импорт — 387,7 млрд теңге. Бұл — 27% емес, ең қымбат 27%.Дәл осы жерде көлеңкелі жол пайда болады.Көлеңкелі жол қалай жұмыс істейді?

Бұл — біздің ойымыз емес, Құрылтай депутаты Илья Теренченконың ресми депутаттық сауалында айтылған схема. Ол «Халықтық құрылыстың» 6,5 трлн-ы шетелге кетпесін деп дабыл қақты.

Оның айтуынша, схема бес қадаммен жүреді.Бірінші қадам — сметада қазақстандық, нысанда импорттық. Тендерді алу үшін сметаға отандық материал жазады. Нысанға келгенде мердігер мен қосалқы мердігер оны арзан, сапасы төмен импортқа ауыстырып жібереді. Бақылау тек қағазда қалады.

Екінші қадам — сатып алу формасын ауыстыру. Импортқа тікелей тыйым бар. Бірақ оны «құрылыс жұмысының құрамында» деп сатып алса, тыйым жұмыс істемейді. Заңның тесігі — осында.

Үшінші қадам — жалған сертификат. Шетелден келген материалға «Қазақстанда жасалған» деген жалған сертификат жасайды. Бұл тек ақша ұрлау емес, қауіпсіздік мәселесі. Өйткені жалған жылу оқшаулағыш — өрт, жалған арматура — үйдің опырылуы.

Төртінші қадам — ескірген мерзім. СНиП бұзушылық, сметаны көтеру нысан тапсырылғаннан кейін анықталады. Ал ол кезде жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткен. Яғни, ұрлаған адам жазасыз қалады.

Бесінші қадам — жоспарсыздық. «Халықтық құрылысқа» қанша материал керек екені заводтардың қуатымен алдын ала салыстырылмаған. Сондықтан мердігер «отандық заводта жоқ» деп сылтау айтып, импорт әкелуге заңды негіз табады.Осы бес қадамның соңында депутаттың түйіні шығады: «Бақылау қағазда емес, нысанның өзінде болуы керек».

Бұл түйін бізді келесі сұраққа әкеледі: ал бизнес-кластағы үй салушының талабын отандық өнім қанағаттандыра ма?

## Бизнес-класс талабын отандық өнім қанағаттандыра ма?

Толық қанағаттандырмайды деген қауіп бар. Және бұл — заводтың кінәсі емес, нарықтың шындығы.

Біріншіден, Қазақстанда «бизнес-класс», «комфорт», «элит» дегеннің заңда бекітілген стандарты жоқ. Бұл — маркетинг сөзі. Сейтнурованың айтуынша, бұл атаулар тек жарнама. Застройщик өзі қалағанын «бизнес» деп атайды.

Екіншіден, бизнес-класс сатып алушы не талап етеді? Панорамалық терезе, биік төбе, үлкен форматты керамогранит, жасырын есік, дыбыс оқшаулау, желдету, «ақылды үй» жүйесі, қымбат қаптама, лифт, фасад.

## Бізде бұлардың қайсысы бар?

Цемент, бетон, кірпіш — бар. Терезе профилі, қарапайым плитка — бар. Бірақ крупноформатты керамогранит, премиум сантехника, желдету жабдығы, композиттік фасад панелі, жоғары сапалы жылу оқшаулау, дыбыс оқшаулау жүйесі — көбі импорт. Отандық завод мұны не шығармайды, не көлемі жетпейді, не дизайны сатып алушының талғамына сай келмейді.

Сондықтан бизнес-класс салушы заңды түрде: «Отандық аналогы жоқ / талапқа сай емес» деп импорт алады. Бұл — көлеңке емес, заңды импорт. Ал мәселе — осы заңды сылтауды қарапайым мектеп пен аурухана салуда да қолдануда. Мектепке бизнес-кластағы фасад керек емес. Бірақ мердігер «отандық ұнамайды» деп, импорт әкеледі. Осылайша, біз ең басты сұраққа қайта ораламыз: кім салады?

## Кім салады?

Президент екі шарт қойды: импортқа емес, отандық материалға, ірі компанияға емес, жергілікті шағын және орта бизнеске. Біздің ойымызша, дәл осы жерде бағдарламаның тағдыры шешіледі. Өйткені шағын кәсіпкер ақшаны шетелге апармайды. Ол сол ақшаға сол ауылда адам жалдайды, сол ауылдың дүкенінен материал алады, сол ауылда салық төлейді. Сондықтан біз сарапшылардың ойын бір тізбекке қосып, төрт нәрсе ұсынамыз. Біз не ұсынамыз?

Бірінші — жобаны алдын ала дайындау. Қысықов айтқан «дұрыс таңдау» — бұл тек атауын таңдау емес, құжатын, желісін, алаңын дайындау. Құжаты жоқ жобаға ақша бөлмеу керек.

Екінші — материалды алдын ала қамту. Halyk Finance ескерткен тапшылықты болдырмау үшін, құрылыс басталмай тұрып, отандық заводтарға алдын ала тапсырыс беру керек. Сонда баға шарықтамайды, импортқа жүгінбейміз.

Үшінші — тендерді ұсақтау және ашық карта. Бір үлкен нысанды бір компанияға бергенше, оны кішкентай бөліктерге бөліп, жергілікті кәсіпкерлерге беру керек. Әр нысан — онлайн картада: фото, мерзім, мердігер, баға.

Төртінші — көлеңкені кесу. Әр материалдың қай заводтан шыққаны QR-мен телефоннан көрінуі керек. Технадзор тек қағазға емес, жеткізілген материалдың қоймасына қол қоюы керек. Үй тапсырылғаннан кейін 3-5 жыл ішінде анықталған подмена үшін мердігерді жауапқа тартуға болатындай заң керек.

## Түйін

«Халықтық құрылыс» — жақсы идея. Halyk Finance-тің ойынша, қауіп — материалда, Бізде нанның 73%-ы өзіміздікі, бірақ ең тәтті 27%-ы — шетелдікі. Егер ауылдағы кәсіпкер осы құрылыстан жұмыс тапса, ол өзінің ЖК-сын қайта ашады. Егер таппаса, ол тағы да жабады. Халықтық құрылыс халықтық болуы үшін, алдымен ақша халыққа жетуі керек.

---

Опубликовано: 2026-11-23T10:28:36+05:00

Обновлено: 2026-11-23T10:28:39+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: 

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-23-halyqtyq-qurylys-kimge-qut-kimge-zhut/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.