---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-24-qajtarylghan-135-million-gektar-qajda-ketti/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қайтарылған 13,5 миллион гектар қайда кетті?

![В Жамбылской области государству возвращено почти 5 тысяч гектаров земель](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/08/v-zhambylskoj-oblasti-gosudarstvu-vozvrashheno-pochti-5-tysyach-gektarov-zemel_bizmedia-kz_.jpeg)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында жерді тек табыс көзіне айналдырып, ауылдан жырақта жүрген кәсіпкерлерге қатысты қатаң ескерту жасады.

[![Фото: Прокуратура Жамбылской области](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/08/v-zhambylskoj-oblasti-gosudarstvu-vozvrashheno-pochti-5-tysyach-gektarov-zemel_bizmedia-kz_-1024x576.jpeg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/08/v-zhambylskoj-oblasti-gosudarstvu-vozvrashheno-pochti-5-tysyach-gektarov-zemel_bizmedia-kz_.jpeg)Фото: Прокуратура Жамбылской области

> «Алайда жерден пайда тауып жүргенімен, үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар. Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді», – деді Мемлекет басшысы.

> «Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек», – деді Президент.

Президенттің бұл ұстанымы жаңа емес. Үкімет жер мәселесін осыған дейін бірнеше рет көтеріп, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ендігі сұрақ – сол жұмыстың нәтижесі қандай, қайтарылған жердің құқықтық мәртебесі қандай, ол шынымен кімнің игілігіне жарап жатыр?

## Қанша жер қайтарылды?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері 1 000-нан астам жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде мемлекет меншігіне 1,3 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды.Бұл – тек биылғы көрсеткіш. Жалпы есеп басқаша: 2026 жылдың қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша елімізде 13,5 миллион гектар жер қайта бөлінді. Оның 5,5 миллион гектары жергілікті халықтың ортақ пайдалануына – мал жаюға, қоғамдық жайылым тапшылығын шешуге берілді. Ал 8 миллион гектары агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне конкурс негізінде ұсынылды.Өңірлерде де жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында ұзақ уақыт пайдаланылмаған 2 930 гектар жер, Қызылорда облысының Қазалы ауданында сот шешімімен 1 571 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.Кейбір ақпарат көздерінде кездесетін «12 миллион гектар қайтарылды» деген дерек – бір жылдың емес, бірнеше жылда жинақталған қайтару мен қайта бөлу көлемін білдіретін жиынтық көрсеткіш.

## Қайтарылған жердің құқықтық мәртебесі қандай

Бұл – жер дауындағы ең маңызды сұрақ. Себебі жердің «қайтарылды» дегені – оның бірден біреудің жеке меншігіне өтті деген сөз емес.Қайтарылған жер – алдымен мемлекет меншігі. Ол бұрынғы иесінің жеке меншігінде де, жалдауында да қалмайды.Қайтару екі жолмен жүреді: ерікті түрде – иесі өзі бас тартып қайтарады, немесе мәжбүрлеп, сот арқылы – Жер кодексінің 92, 93, 94-баптары бойынша. Жер кодексінің 92-бабы бойынша жер учаскесі пайдаланбау фактісі анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаса, мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Ал 94-бап бойынша мұндай алып қою тек сот тәртібімен жүргізіледі. Алдын ала иесіне жазбаша ескерту жасалып, бұзушылықты жоюға уақыт беріледі.Мемлекет меншігіне өткен жер сол күйі бос қалмауы тиіс. Ол екі түрлі құқықтық мәртебеге ие болады.

Біріншісі – ортақ пайдаланудағы жайылым. Бұл жер сатылмайды, жеке біреуге жалға берілмейді. Ол – ауыл тұрғындарының мал жаюына арналған ортақ жайылым. 

Екіншісі – конкурс арқылы уақытша жер пайдалануға – жалға беру. Бұл жерлердің жаңа иесі жеке меншік иесі емес, жалға алушы болады. Ол жерді тек нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға міндетті. Пайдаланбаса – жер тағы да қайтарылады.

**Тағы бір маңызды жайт:**

ауыл шаруашылығы жері шетелдіктерге және шетелдік қатысы бар заңды тұлғаларға жеке меншікке де, жалға да берілмейді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жер учаскелерін бөлу электрондық форматқа көшіріледі. Конкурстар цифрлық платформа арқылы өтеді. Бұл – қайтарылған жердің кімге берілгенін ашық көрсетуге бағытталған өзгеріс.Нәтиже қандай?Министрліктің өзі атап көрсеткендей, жерді қайтару – бірінші кезең ғана. Басты міндет – қайтарылған жерді қайта айналымға енгізу.Сарапшылар да дәл осы тұсты басты сынға алады. Жер қатынастары жөніндегі соңғы ғылыми зерттеулерде Қазақстандағы жер реформасының баяулауы тек заңнамалық сәйкессіздікпен емес, рәсімдік әділдіктің жетіспеушілігімен байланысты екені айтылады. Зерттеушілердің пікірінше, реформаның болашағы – жерді басқарудың барлық кезеңіне ашық әкімшілік қарауды, сот бақылауын және қоғамның қатысуын енгізуге байланысты.

Президенттің соңғы мәлімдемесінде нақты тұлғалардың аты-жөні аталған жоқ. Ресми хабарламаларда да «агро-олигархтардың» нақты тізімі жарияланған жоқ. Бұл – қоғамдағы ең басты сұрақ.Егер алдағы тексерулер тек ұсақ қожалықтарды ғана емес, ірі жер иеленушілерді де қамтып, қайтарылған жердің тағдыры ашық көрсетілсе, жер реформасына деген сенім артады. Ал егер жер бір қолдан екінші қолға өтіп, ауыл тұрғынының жайылымы сол күйі тапшы болып қала берсе, реформаның нәтижесі тек есептегі гектарлармен өлшенбек.Жер – тағдыр. Сондықтан бұл мәселедегі басты өлшем – қайтарылған гектардың саны емес, сол жердің нақты диқан мен малшының игілігіне айналуы.

---

Опубликовано: 2026-11-24T10:04:20+05:00

Обновлено: 2026-11-24T10:05:58+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: [Бюджет](https://kk.bizmedia.kz/tag/byudzhet/), [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-24-qajtarylghan-135-million-gektar-qajda-ketti/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.