---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-24-qalta-ekonomikasy-zauyt-bar-tapsyrys-qajda/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Қалта экономикасы: Зауыт бар, тапсырыс қайда?

![Микро и малый бизнес Казахстана начнут новый год «с чистого листа»](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/screenshot-2025-12-23-at-13-42-44.jpg)

Кеше Құрылтайда өткен Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңдеу өнеркәсібі 10 айда 9,3%-ға өскенін айтты. Бұл — соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

[![Фото: mindandi / Freepik.com](https://bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/screenshot-2025-12-23-at-13-42-44-1024x620.jpg)](https://kk.bizmedia.kz/app/uploads/2025/12/screenshot-2025-12-23-at-13-42-44.jpg)Фото: mindandi / Freepik.com

Соңғы үш жылда салаға салынған инвестиция екі есе артып, 3 трлн теңгеге жеткен. Биылдың өзінде 900 млрд теңгеге 125 жоба іске қосылған.Биылдың 10 айында өңдеуге салынған 2,55 трлн теңге — былтырғыдан 39%-ға көп. Бұл — алғаш рет өңдеу тау-кен саласынан озып кеткен жыл. Алайда өңделген көкөніс шығаратын кәсіпорындардың 96%-дан астамы бос тұр. Шығыс Қазақстандағы ұн зауыттарының жүктемесі 49%-дан төмен түсіп кеткен. Сүт зауыттары — 88%, ет — 77%, май — 65%.

Министр Нағаспаевтың айтуынша, ендігі міндет — тек зауыт салу емес, оның өнімін сату. Ол үшін 975 млрд теңгеге 98 инвестжоба анықталған. Олар іске қосылса, алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 80%-ға жетеді дейді. Машина жасау 22,4%-ға өсіп, 5,8 трлн теңгеге жеткен, химия 22%-ға, жеңіл өнеркәсіп 60%-ға өскен.

**Бірақ егер зауыт бос тұрса, тағы зауыт салудың не қажеті бар? **

Вице-спикер Дания Еспаеваның   келтірген дерегінше, биылдың бірінші жартыжылдығында мұнай-газ секторындағы сатып алуда қазақстандық тауардың үлесі небәрі 21,3% болған. Қатты пайдалы қазбаларда — 17%. Ал ірі компаниялар әлі күнге дейін арматура, сорғы, кабель, реагенттерді шетелден сатып алады.Бұл өнімдердің бәрі Қазақстанда шығарылуы мүмкін. Бірақ сатып алынбайды. Себебі мәселе зауытта емес, жүйеде. Бүгін кәсіпорынға коммерциялық қаржы 16%-дан жоғары мөлшерлемемен беріледі. Ал өндірістік жобаның өзін ақтауы үшін оған 7%-дан аспайтын мөлшерлеме керек. Арадағы 9 пайыздық айырма — бұл кәсіпкердің пайдасы емес, оның шығыны.Оның үстіне банктер офтейк-келісімшартты толық кепіл ретінде қабылдамайды. Яғни «ертең менің өнімімді сатып алады» деген келісім банкті сендірмейді. Банк кәсіпкерден әлі де жылжымайтын мүлік пен басқа активтерді талап етеді.Сөйтіп, министр «өнім бар» десе, Еспаева «сатып алушы жоқ» дейді. Ал шындығында екеуі де дұрыс. Өнім бар, бірақ оны сатып алуға жүйе мүмкіндік бермей тұр. Зауытты 16%-бен қаржыландырып, өнімін 7%-бен ақталатын бағаға сату мүмкін емес.

Осы екі пікірдің арасындағы үзілісті депутат Наталья Годунова дәл атады. Оның айтуынша, Қазақстанда ынталандыру құралдары көп, бірақ олардың арасында үш үлкен үзіліс бар.

Бірінші үзіліс — инфрақұрылым мен қаржыландыру арасында. Инфрақұрылым мемлекет есебінен салынады, бірақ өндіріс қаржыландырудың жоқтығынан кешігеді. Немесе керісінше болады.

Екінші үзіліс — зауытты іске қосу мен жобалық қуатқа шығу арасында. Қолдау көбіне құрылыс пен жабдық сатып алумен аяқталады. Ал одан әрі кәсіпорынға айналым қаражаты, шикізат және кадр керек. Онсыз қуат толық жүктелмейді.

Үшінші үзіліс — өндіріс пен өткізу арасында. Президенттің 2026 жылғы Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін офтейк-келісімшарттар арқылы отандық өнімге кепілді сұранысты қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныс беру тапсырылған. Годунованың талабы — бұл құрал формалды міндеттеме емес, нақты жүктеме беруі керек.Годунова осы үзілістерді жою үшін нақты тетік ұсынды. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдауға сараланған көзқарас керек. Қосылған құн неғұрлым жоғары, өңдеу тереңдігі неғұрлым терең болса, жоба соғұрлым көп ынталандырылуы тиіс. Бұл ретте өндірістің технологиялық күрделілігі мен экспорттық әлеуеті де ескерілуі керек.Сонымен қатар, әрбір маңызды жобаны жобалық қуатқа шыққанға дейін кешенді сүйемелдеу қажет. Әр жобада бірыңғай жоспар болуы керек: қаржыландыру, инфрақұрылым, шикізат, кадр даярлау және өткізу. Ал осының бәріне жауап беретін бір мемлекеттік орган анықталуы тиіс. Себебі бүгін қаржыландыруға бір орган, инфрақұрылымға екінші, шикізатқа үшінші, өткізуге төртінші жауап береді. Ал соңында кәсіпкер жалғыз қалады.Годунова сонымен бірге қолдаудың тиімділігін соңғы бес жылда кешенді бағалауды ұсынды. Оның қанша қосылған құн әкелгені, еңбек өнімділігіне, экспортқа, импортқа тәуелділікке және жеке инвестицияға қалай әсер еткені анықталуы керек.

Нәтижесі бойынша тиімсіз құралдарды қаржыландыру қайта қаралып, жобаның қамтылмаған кезеңдеріне жаңа құралдар енгізілуі тиіс.Ол даму институттарының жұмысына да талап қойды. Олар тек келіп түскен өтінімдерді қарап отырмай, перспективалы тауарлық тауашаларды өздері анықтап, инвестициялық ұсыныстар дайындап, жеке инвесторларды тартуы керек. Бұл жұмысты бағалау үшін нақты көрсеткіштер белгіленуі тиіс: қанша жоба іске асырылды, қанша жеке инвестиция тартылды.Сондай-ақ, энергетика, көлік және инфрақұрылым, соның ішінде жол құрылысы үшін өнеркәсіп өніміне деген қажеттіліктің орта мерзімді болжамын жасау қажет. Ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттарды кеңейту, ірі мемлекеттік жобалардағы сатып алуды бақылап, ондағы отандық және импорттық өнімнің үлесін бағалау керек. Қаржы реттеушісімен және банктермен бірлесіп, офтейк-келісімшартты кепіл ретінде іс жүзінде қолдануды қамтамасыз ету қажет.

Годунованың ең басты ұсынысы — мемлекеттік қолдаудың нәтижесін көрсететін бірыңғай мониторинг жүйесін құру. Әр кәсіпорын бойынша қандай қолдау берілгені және оның жиынтық құны, қуаттың жүктемесі, қосылған құн, еңбек өнімділігі, экспорт және тартылған жеке инвестиция көрініп тұруы керек. Ал мониторинг нәтижесі қолдауды жалғастыру, түзету немесе тоқтату туралы шешімге негіз болуы тиіс.Бұл ұсыныстардың артында үлкен сұрақ тұр. Годунованың есебінше, 2010 жылдан бері бюджет пен Ұлттық қордан өңдеу секторын қолдауға кемінде 10 трлн теңге бағытталған. Бірақ осы кезеңде оның ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 11,3%-дан 12,8%-ға ғана өскен. Яғни 1,5 пайыздық тармаққа. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 15 млрд доллардан 29 млрд долларға дейін өскен. Бірақ оның жалпы экспорттағы үлесі небәрі 10%-ға артып, 36% болған. Ал жоғары технологиялық өнімнің үлесі өте аз. Экспорт құрылымында әлі де металлургия басым.

## Импортқа тәуелділік те сақталып отыр. 

Годунова көшпелі отырыстарда тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары да импорттық қаптама материалдарына, компоненттерге, кейде шикізатқа тәуелді екеніне көз жеткізгенін айтты. Бұл жекелеген өндірістерді емес, толыққанды өндірістік тізбектерді дамыту қажет екенін дәлелдейді. Өңдеу өнеркәсібінің импорты 21 млрд доллардан 61 млрд долларға өскен. Ал ішкі тұтынуда отандық өнімнің үлесі қалай өзгеріп жатқанын бірде-бір мемлекеттік орган қадағаламайды. Сондықтан өнеркәсіп саясатын ең алдымен қосылған құнның өсуімен, нақты еңбек өнімділігімен, өңдеу тереңдігімен, импортқа тәуелділіктің төмендеуімен және жеке инвестицияның келуімен бағалау керек.

Яғни бір жақта министрдің «өсім 9,3%, бұл рекорд» деген есебі, екінші жақта Еспаеваның «сатып алуда біздің үлесіміз 21% ғана» деген дерегі, үшінші жақта Годунованың «қолдау зауыттың қабырғасында аяқталады, одан әрі кәсіпкер жалғыз қалады» деген тұжырымы тұр.Ал бұл үш пікірдің салдары қайтадан қалтаға келіп тіреледі. Зауыт бос тұрса, оның шығыны өнімнің өзіндік құнына таралады. Өзіндік құн өссе, отандық өнім қымбаттайды. Қымбат өнімді ешкім сатып алмайды. Сатып алынбаған өнім — бұл бос тұрған зауыт, қайтарылмаған кредит, ашылмаған жұмыс орны.Сондықтан мәселе — ақшада емес. Ақша құйылды. 2,55 трлн теңге құйылды. Мәселе — тапсырыста. Тапсырыс жоқ жерде зауыт — тек қабырға мен темір. Ал қабырға мен темір нан бермейді.«Нарық келіскен жоқ» деп кеше жазғанбыз. Бүгінгі оқиға — соның дәлелі. Нарық келіспесе, зауыт салғанмен пайда жоқ. Алдымен тапсырысты келісу керек, содан кейін ғана зауыт салу керек.

---

Опубликовано: 2026-11-24T10:24:42+05:00

Обновлено: 2026-11-24T10:24:45+05:00

Авторы: [Гүлбаршын Айтжанбайқызы](https://kk.bizmedia.kz/author/gulbarshyn-aitjanbaikyzy/)

Рубрики: [Жаңалықтар](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/), [Қазақстан жаңалықтары](https://kk.bizmedia.kz/zhangalyqtar/qazaqstan-zhangalyqtary/)

Метки: [Бюджет](https://kk.bizmedia.kz/tag/byudzhet/), [Казахстан](https://kk.bizmedia.kz/tag/kazahstan/), [Тенге](https://kk.bizmedia.kz/tag/tenge/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://kk.bizmedia.kz/2026-11-24-qalta-ekonomikasy-zauyt-bar-tapsyrys-qajda/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Bizmedia.kz](https://bizmedia.kz/) — новости бизнеса в Казахстане и мира.

Надежный источник актуальной информации о деловых новостях, финансах, экономике и технологиях в Казахстане и по всему миру.