
Откен апталарда ғана ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасында ақша тым көп екенін және бұл инфляцияның өсуіне әкеліп отырғанын айтқан еді. Оның айтуынша, айналымдағы ақша көлемі 18% өскен. Бұл экономиканың шамадан тыс қызып кетуіне себеп болған. Мәселені Сүлейменовше таратсақ, ішкі нарықтың басы артық триллиондарды сіңере алмай, дені қызуы көтеріліп, инфляцияны бұғаудан босатып жіберген.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияның негізгі себебі ұсыныс пен сұраныс арасындағы теңсіздік екенін айтыпты.
«Елдегі инфляцияның негізгі себебі – ұсыныс пен сұраныс арасындағы теңсіздік. Сұраныс ұсыныстан асып түседі. Экономикада бізге қарапайым нәрселер жетіспейді: қазақстандықтар күнделікті өмірде пайдаланатын заттар. Сол себепті олар бір нәрсені басқа елдерден, импорт арқылы сатып алуға мәжбүр. Ал қандай да бір заттарды импорттаған кезде, біреулер үшін премиум нарыққа айналасың, сондықтан баға өседі», – деді Жұманғарин.
Сарапшылардың сөзінше, екі тараптың да айтқан уәждерінің қисыны бар. Үкімет пен Ұлттық банк экономиканы мөлшерден тыс субсидиялап, нарыққа көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жіберген. Қазір нарықтағы теңгерім ҰБ-тің қажетті қаржыны жұтып қоюмен ғана қалыпқа келтіріп жатыр.
Бұл қаржы Ұлттық банктің асқазанына емес, нарықтық айналымға түссе экономика қазіргідегідей халға түспес еді. 2025 жылғы қазанда қазақстандықтардың 80,4% азық-түлік бағасының бір ай бұрынғы 79,4% -ға қарағанда өсуін атап өткенін осыған дейін жаздық.
Tengenomika.kz талдаушыларының мәліметінше, дәл осы азық-түлік инфляциялық күтулерді жоғары деңгейде ұстап тұратын негізгі фактор болып қала береді. Қазақстандықтар көбінесе ет, жеміс-жидек, көкөніс, ірімшік және шұжық бағасының қымбаттауын атап өткен.
Алдағы 12 айда күтілетін инфляцияның медианалық бағасы 13,6% -ға дейін өсті (қыркүйекте — 13,2%). Бес жыл көкжиегінде ұзақ мерзімді күтулер 14,0% -дан 14,3% -ға дейін ұлғайды.
Халық инфляция қарқынының төмендеуіне сенбей қалды
Сарапшылардың пікірінше, экономикалық және саяси саясат болжамды болмайынша, инфляциялық күтулер қоғамдық көңіл-күйдің барометрі болып қала береді және халық бұрынғысынша баға тұрақтылығына сенбейді деген басты белгіні көрсетеді
Сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банктың шешімдерінде инфляцияны бақылауды ұстағысы келетін дем байқалып қалады. Оның айтуынша, бақыланатын инфляция оның деңгейіне байланысты экономикаға оң да, теріс де әсер етуі мүмкін. Бағаның қалыпты өсуі кезінде (жылына шамамен 10%) ол тұтынушыларды ақша жұмсауға, ал бизнесті инвестициялауға және өндірісті кеңейтуге итермелей отырып, экономиканы ынталандырады. Алайда тым жоғары немесе бақыланбайтын инфляция экономиканы тежеп, сатып алу қабілетін төмендетеді, жинақтарды құнсыздандырады, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді көтереді және әлеуметтік шиеленісті тудырады.