2026 жылы жекешелендірудің үшінші толқыны басталды. Мемлекет бұл жолы процесс жүйелі жүру үшін базалық старт беретін нүктелерге басымдық берді.

2022 жылдан бастап жұмыс істей бастаған Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия жекенің қолына өтіп кеткен активтер мен капитал, соның ішінде бюджеттік қаржылар мемлекеттік меншікке қайтарылды.
- 5 жылға арналған жекешелендіру объектілерінің жаңа тізімін бекіткені мәлім.
- Енді бұл процесті антимонополиялық орган – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басқарады.
- Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсесін, сондай-ақ арнайы порталын құрды:
- ол арқылы бизнес мемлекетке қарасты активтерді сатып алуға немесе басқаруға өтінім бере алады.
Бұл жолы не сатылады
Жуырда Премьер-министр әкімдіктерге, мемлекеттік органдар мен компанияларға жаңа жоспарға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын 2026 жылы сатып жіберу үшін тиісті жұмысты қазірден бастауды тапсырды. Бұдан басқа, Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе тиісті меморгандармен бірлесіп, оңтайландырумен қамтылмай қалған салаларға талдау жүргізуді жалғастырмақ.
Атап айтқанда:
- 17 АҚ мен ЖШС-ның акциялар пакеті мен оларға қатысу үлестері, Шығыс Қазақстан облысындағы ірі мүліктік кешен, 7 ғимарат, 162 теміржол мен құрылыс нысандары, 7 автомобиль және өзге де 2 мыңнан астам бірлік мүлік республикалық және коммуналдық меншікке оралыпты.
- олигархтар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 1 млрд теңге аударды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 100 млн доллар және 1,49 млрд теңге берілді.
- Арнаулы мемлекеттік қорына мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 434,3 миллиард теңге түсіпті.
- Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысында бұл сомадан 318,1 млрд теңгеге 406 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылды. Арасында 230 сумен жабдықтау және су бұру желісіндегі, 162 денсаулық сақтау саласындағы, 10 білім саласындағы, 4 спорт саласындағы жобалар бар.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметі бойынша, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жалпы саны 638 объектіні қамтыды.
- 2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша 396 мемлекеттік нысан немесе 73%-ы жалпы сомасы 922,1 млрд теңгеге сатылды.
- Әрқайсысына шаққанда орта есеппен 2,3 млрд теңгеден келеді. Бизнес пен инвесторлар еш қызығушылық танытпаған 69 нысан қайта ұйымдастырылды, басқа мемлекеттік мекеменің қарауына берілді немесе таратылып, жойылды.
- 153 объект – сатылым алдындағы дайындықта, 20 объект – сатылымда. Ұлттық жекешелендіру офисімен бірлесе отырып, Кешенді жоспарға қосу үшін жаңа 475 объект әзірленді.
Өткен кезеңде ірі мемлекеттік компаниялар IPO/SPO-ға шығару арқылы үлесін сатты. Соның нәтижесінде мемлекетке қарасты бүкіл мұнай-газ кен орындарына иелік ететін «Қазмұнайгаз» АҚ – 153,9 млрд теңге, елдегі мемлекеттің бүкіл электр желілері мен энергетикалық жүйелерін басқаратын «KEGOC» АҚ – 22,6 млрд теңге, мемлекеттік әуе тасымалдаушысы «Эйр Астана» АҚ 10,6 млрд теңге табыс тауыпты.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысын бұқаралық спортты дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелеріне арнап, сонда клубтарды сатып алған инвесторларға алғысын жеткізді.
«Мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында жауапты қадамдар күтеміз. Футбол клубтарын жекешелендіру туралы Президент үндеуіне кәсіпкерлер үн қосып жатыр, оларға ризашылығымызды білдіреміз! Біз кәсіпқой спорт үшін сапалы резерв құруымыз керек», – деді Үкімет жетекшісі.
Келесі толқыннан не күтеміз.
- Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 триллион теңгеден астам баланстық құны бар тағы 500-ге жуық мемлекеттік компанияны оңтайландыруды қолдады.
- Бұдан бөлек, бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайтадан өсуіне жол бермеу үшін нормативтік шарттар пысықталып, заңнама өзгертіліп жатыр. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына негіз болатын тұстар қысқартылады.
«Кәсіпкерлік бастаманы кеңейту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шарттарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету. Бүгінде бұл көрсеткіш ЖІӨ-ге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр. Биыл Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталды. Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді. Онда отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компаниялар қамтылған», – деп түсіндірді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жекешелендірудің жаңа толқыны 3 кезеңмен жүзеге асырылады:
- І және басты кезең 2026 жылды қамтиды,
- ІІ кезең 2027-2028 жылдарға, ал ІІІ кезең 2029-2030 жылдарға созылады.
- Жекешелендірілетін объектілердің бекітілген жаңа тізімі 475 кәсіпорыннан тұрады.
Бірақ
Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің сайтында 504 нысанның ғана тізімі жарияланғанына назар аудартты. Бұл ретте оның кейбірі қайталанады немесе тіпті жекешелендірілмейді: «таратуға жатады» деп белгіленген. Онда неге тізімге енгізілгені белгісіз. Объектілердің паспорттарының да әзірге дайын емесі анықталған.
Станса, әуежай, қорғаныс зауыттары…
«Ең көп үлес коммуналдық қызметтер санатына тиесілі: тізімге барлығы 184 нысан кіріп отыр. Қатарында қалаларды жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар, су арналары, өңірлік энергетика компаниялары және әртүрлі тазалау, абаттандыру, көгалдандыру ұйымдары бар. Екінші орында – ірі қалалардан бастап, шағын аудандарға дейінгі бүкіл ветеринарлық стансалар: жалпы саны 145 және бәрі жекешелендіріледі. Жекешелендірудің жаңа жоспарда ұсынылған түрі – сатып алу немесе біріктіру», – деп хабарлады агенттік.
Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту бағытында бірнеше жылдан бері тоқтаусыз әрекет етіп жатыр. Бұған қатысты Президенттің саяси ерік-жігері, қойған міндеті бар. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің дерегінше, жекешелендірудің алдыңғы толқыны мемлекеттің экономикадағы үлесін 14,2%-дан 13,7%-ға дейін азайтыпты. Жаңа жекешелендіру науқанының мақсаты – бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 13,2%-ға дейін кеміту. Ал дамыған нарықтардағы мемлекеттің үлесі 5 пайыздан аспайды.
Экономист Мағбат Спановтың пікірінше, мемлекет сатылатын нысандарды үшке бөліп қарастыруда. Проблемалы активтер, әлеуметтік маңызды нысандар
«Жекешелендіру дүниежүзілік тәжірибеде үйреншікті жүйеге айналған. Мемлекет нысанды тұрғызады, шығынды өз мойнына алады да, кейіннен бәсекеге мықты кәсіпкердің қолына береді. Бірақ елімізде бұл жағдай бұрын да болған. Атап айтқанда, мемлекет тиынға сатқан дүниесін кейіннен қымбатқа сатып алуға мәжбүр болды. Мұндай жағдай әуежайлар мен энергетика саласында орын алды. Сондықтан алдын ала ойластырып, жеті рет өлшеген абзал. Ең дұрысы, әлеуметтік-стратегиялық нысандарды жеке меншікке сатқан кезде біраз жайттарды қайта қараған дұрыс. Қазір ұлттық капиталистерді қалыптастыруымызға мүмкіндік туып тұр. Бизнес-элита мұны сәтті пайдаланады деп ойлаймын. Бизнестің әлеумет алдындағы жауапкершілігін сезінетін кез келді», — дейді экономист.