Жаңа жылдың алғашқы аптасынан бастап әлеуметтік желіде «кредитті есептен шығарып береміз» деп уәде тарататындар көбейіп, халықтың құлағы көтеріліп қалды.

Мұның алдында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған ҚНДРА басшысы М. Әбілқасымова Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұтынушылық кредиттер беру 2024 жылмен салыстырғанда екі есе төмендегені жөнінде мәлімдеді. Тұтынушылық несиені шектеу үшін төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда 5 жылдан астам уақыт ішінде қарыз беруге тыйым салынды. Сондай-ақ үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге және тәуекелі жоғары қарыздарды беруге шектеу қойылды.
«Қарыз алушының кірісіне қарай борыш көлемінің жаңа коэффициенті бекітілді. Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданысқа енгелі бері банктер 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге берешегіне кешірім жасады. Ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 1,2 мың қарыз алушыға қолдау көрсетілді, — делінген ресми хабарламада.
Халықтың банктер алдындағы қарызы кешіреледі деген ақпараттың тарауына нақ осы мәлімдеменің себеп болуы әбден мүмкін,
Бірақ…
Kursiv.Media сауалына ресми түрде жауап берген бірқатар банктер ақпараттың шындыққа сай келмейтінін ашық айтты. Олардың түсіндіруінше, қарызды есептен деген нәрсе болса, ол әр қарыз алушы бойынша жеке қаралады. Банк қандай да бір акция немесе арнайы бағдарлама іске қоссa, ол туралы клиентке тек ресми арналар арқылы ғана хабарланады. Қысқасы сауалнамаға қатысқан Bereke Bank те ұзақ уақыт төлем жасалмаса да, қарыз автоматты түрде жойылып кетпейтінін, міндеттеме сақталатынын айтыпты.
Bereke Bank нақтылап өтті:
• кредит тек ерекше жағдайларда ғана есептен шығарылады. Ол заңда тікелей көрсетілген негіздер болуы керек.
• Адам банкрот деп танылса немесе алаяқтық жолмен рәсімделгені дәлелденсе.
• Бұдан басқа да заңда қарастырылған жекелеген жағдайлар бар.
Бұл мәселеге Nurbank те нүкте қойды
Банк таратқан хабарламада «кредиттердің есептен шығарылуы туралы ақпарат – жалған» деп нақты жазылған. Ал ҚНДРА мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Қысқасы реттеуші орган азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Бар мәліметті тек ресми дереккөздерден тексеру керек екенін ескертті.
Несиелерді жаппай кешіру мағыналы жауабы жоқ даулы мәселе. Бір жағынан, бұл азаматтарға қарыз шұңқырынан шығуға көмектесетін әлеуметтік қолдау шарасы. Екінші жағынан, ол жауапсыздықты ынталандырады, инфляцияны арттырады және қаржы жүйесіне соққы береді.
Қазақстанда борышкерлерге өз несиелерінің шарттарын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа ережелер әзірленді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұжымдық қайта құрылымдау тетігін енгізуді ұсынады, онда борыштарды біріктіруге, айыппұлдар мен комиссияларды жоюға, ал жекелеген жағдайларда борышты азайтуға немесе тіпті жоюға қол жеткізуге болады
Айтпақшы, Қазақстанда, әрине, жалғыз тұрғын үй алынбайды деген ереже бар. Бірақ бұл кепілді тұрғын үйге қолданылмайды. Сондықтан ипотеканы тұрғын үй кепілдігімен алып, банкрот болып, пәтерді өзіңе қалдыра алмайсың.
Сарапшылар кредиттерді жаппай кешіру (рақымшылық жасау) экономика үшін зиянды деп есептейді,
• қарыз алушылардың жауапкершілігін құнсыздандырады,
• қаржы жүйесі үшін тәуекелдер тудырады, бюджетке ауыртпалық түсіреді немесе қалған клиенттер үшін мөлшерлемелерді көтереді.
• Борыштарды нүктелі — кірістер мен мүлік болмаған кезде банкроттық рәсімі арқылы есептен шығаруға жол беріледі.
• Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2019 жылы несиесі кешірілгендердің басым бөлігі қайтадан қарызға батқанын айтқан.
• Ұлттық банк 2025 жылы халықтың банктер алдындағы несие мөлшері 25 трлн теңгеден асқанын ашық айтты.
• Соңғы үш жылда халыққа берілген несиелер көлемі жыл сайын орта есеппен 27% өскен.
Сабыр сақтаған қарыз алушылар болашақта анағұрлым тиімді шарттарды пайдалана алады.
2026 жылдан бастап айналымға енген Банктер туралы заңның халықтың жағдайына қарайласқан тұстары өте көп. Қазақстанның Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі халыққа берілетін несиелердің шамадан тыс өсіп кетуіне тосқауыл қою үшін жаңа ережені биыл қабылдаған. Енді банктер жеке адамдарға беретін несиелер бойынша қосымша «қауіпсіздік қоры» — контрциклді буфер деп аталатын қаржылық қор құрады. Оның қаржылық капиталы банктердің өз капиталының шамамен 2 пайызын құрайды. Яғни, әр несие берілген сайын банк сол көлемнің белгілі бір бөлігін резервте ұстап отырады. Бұл талап 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді.
• Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргідей инфляция жоғары және базалық мөлшерлеме шыңында тұрған кезеңде қарыз алу – азаматтардың қалтасына ауыр салмақ салады. Оның айтуынша, несие нарығындағы қазіргі жағдайдың уақытша екенін алға тартты.
«Нарықтағы пайыздық мөлшерлемелер жоғары кезеңде несие мен ипотека рәсімдеуден тартына тұрып, оны кейінге қалдырған дұрыс. Инфляция бәсеңдеген сайын базалық мөлшерлеме де азаяды, сонымен бірге банктік пайыздар да азаяды. Аздап күте тұру керек», деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.
Оның пайымынша, сабыр сақтаған қарыз алушылар болашақта анағұрлым тиімді шарттарды пайдалана алады. Ақша-несие саясаты тұрақталған кезде, қарыз жүктемесі халық үшін әлдеқайда жайлы болмақ.
Расул Рысмамбетов несиелік рақымшылық төңірегіндегі шу көбінесе әлеуметтік акцияны емес, банк лоббісін еске салатынына сенімді.
«Бұл өте қауіпті қадам, оның үстіне мемлекеттің қазір халықтың қарызын кешіруге ақшасы жоқ», — деп есептейді экономист.
Ол банк әрбір борышкермен жеке жұмыс істеуі тиіс деп санайды. Егер қарыз алушы табысынан айырылса, ол өз кредиторына барып, жағдайдан шығудың жолын іздеуі тиіс.
«Бұл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі емес, банк пен оның борышкерінің мәселесі. Банктерге өз клиенттерімен байланыс орнатуға тура келеді. Елімізде несиені кешірмей, жалақыны көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Егер популистер несиелік рақымшылыққа қол жеткізсе, бұл біздің экономикамызды сақтап қалмайды. Менің ойымша, шудың себебі — тым жұмсақ несие саясаты», деп сендірді сарапшы.
«Ұлттық банк, мәселен, халыққа берілген жалпы несие мөлшері 25 трлн теңгеден асқанын хабарлайды. Мысалы, соңғы үш жылда халыққа берілген несиелер көлемі жыл сайын орта есеппен 27% өсіп келеді. Егер біз барлығын кешірсек, яғни тоғыз триллион теңге — бұл Ұлттық қор активтерінің қомақты көлігі. Сондықтан несиелік рақымшылық жасау мүмкін емес. Болжам бойынша, барлығын кешірсек, бізде Ұлттық қор мүлдем болмайды. Ал бюджет түсімдерінің 20-30 пайызы — Ұлттық қордан түсетін трансферттер. Егер Ұлттық қор болмаса, онда бюджет тапшы болады. Мемлекет аз жұмсайды, тек зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы және мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндердің жалақысын төлеуге ғана ақша қалады. Ешқандай құрылыс, инфрақұрылымдық жобалар жоқ. Мемлекет қарыз алуға тырысады және бұл экономиканың құлауы болады. Теңгені әлсіретуге тура келеді», — деп болжады қаржы консультанты Расул Рысмамбетов.
Сарапшының айтуынша, халықтың қарызы Ұлттық қор есебінен кешіріледі. Үкіметтің назары несиені кешіруге емес, халықтың әл-ауқатын жұмыс орындарын құру арқылы көтеруге назар аудару керек.
Келесі сарапшы Мақсат Халық та осы пікірде қолдайды. Оның айтуынша, несиелік борышы бар азаматтарға табысын арттыруға мүмкіндік беру керек. Себебі бюджет бұл мәселені Ұлттық қордың қаржысынсыз шеше алмайды. Алғашқы қадам мәжбүрліктен қабылданды. Халықты көшеге алып шыққан жағдайға кедейлік болғаны мемлекеттік деңгейде мойындалды. Бірақ мұның жалғаса беруі мүмкін емес.
халық несие алу мәдениетін меңгермейінше, несиені кешіруді талап ету жалғаса береді
Сондай-ақ мемлекет бүгінгідей жағдайда қосымша жұмыс орындарын ашып, жұмыссыз қалған азаматтарды басқа мамандықтарға қайта оқыту бағдарламаларын қолға алуы керек. Ал азаматтар қазіргі жұмысынан айырылып қалмауға тырысқаны дұрыс. Оның айтуынша, несие кешірудің дене қызуын уақытша ғана басатын аспириндік әсерге ие. Бұл тұста халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру да аса маңызды екенін айтқан сарапшы . оң-солын білетін азамат артық пайыз салатын, алдайтын мекемелерден аулақ жүретінін айтты.
«Бірақ мұны мемлекеттік деңгейде қолға алып, қаржылық сауаттылықты арттыратын ұлттық бағдарлама әзірлеу қажет. Ол мектеп бағдарламасына енгізілгені жөн. Бұл ретте Малайзияның тәжірибесіне сүйенуге болады», дейді экономист.