Алматының экология және қоршаған орта басқармасынан қалада «жұп/тақ күн» қағидаты бойынша көлік құралдарының қозғалысын шектеу режимін енгізу әзірге жоспарда жоқ.

Қалада ауаның ластану деңгейі 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген атмосфералық ауаны қорғау қағидалары шеңберінде төмендетілетін болады.
Соның ішінде қоғамдық көлік құралдарын экологияландыру, жеке үйлерді газдандыру және т.б. жүргізілуде.Бұдан басқа, басқарма ШОБ өкілдеріне жаңа экологиялық қажеттіліктер мен оларды кезең-кезеңмен енгізу тетіктерін түсіндіреді.
IQAir деректері бойынша Алматы әлемдегі ең лас қалалар арасында «топ жарған»кездері аз емес.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы бірнеше жылда Алматы мен Алматы облысының автопаркі 28,8%-ға өскен. 2025 жылғы мамыр айында агломерациядағы автомобильдердің саны 1,4 млн-ға жуықтады. Оңтүстік астанадағы ғана емес, жақын аймақтағы көліктердің жалпы санын ескеруіміздің себебі – теңселмелі көші-қон салдарынан қалаға күн сайын ондаған мың автомобиль кіреді. Мысалы, ақпан айының 16 күні Алматыда ауа сапасының индексі (AQI⁺) 200-ге (өте зиянды) жетті. Дәл сол уақытта дүниежүзінде оңтүстік астанамыздан лас қала болған жоқ. Шаһарды негізгі ластаушы: PM2.5 – 124.9 µg/m³.Алматының Райымбек батыр даңғылынан төменгі аудандарында индекс 238-ге дейін жетті, яғни «өте зияндыдан» «қауіпті» деңгейге жетеқабыл.
Almaty Air Initiative қорының дерегінше, Алматыдағы ауаның сапасы төрт маусым мен тәулік уақытына қарай өзгеріп тұрады. Дегенмен қыста негізгі ластану көздері – көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-2 және ЖЭО-3. Олар күл мөлшері 42% болатын көмірмен, заманауи сүзгі жүйелерінсіз жұмыс істейді. Халықаралық бағалаулар бойынша, бұл нысандардың нақты шығарындысы ресми көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Алматыда ауа сапасын жақсартудың қытайлық тәжірибесін енгізуді қарастыруды ұсынған болатын. Көрші елдегі шаралардың бірі көлік қозғалысын жұп және тақ күндер бойынша реттеу болды. Ал мегаполисте көшелерді тесу бюджетке миллиардтаған сомаға түседі.