Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті.

Министрлер басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялар және өнеркәсіп, энергетика, көлік және экология салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы кеше кешкісін ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жарияланған хабарламада Ресей Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша көшбасшылардың қатарына кіретіні айтылған. Өткен жылдың тоғыз айында еліміз $2,1 млрд ресейлік инвестиция тартты, ал соңғы 20 жылда ресейлік тікелей салымдардың жалпы көлемі $28,5 млрд. жетті. Қазақстан өз кезегінде РФ экономикасына $9 млрд. инвестиция салды.
Кездесу барысында Мишустин қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
«Сіздерді және барша қазақстандықтарды тарихи оқиғамен, жаңа Конституцияның қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын. Референдум нәтижелері Қазақстан халқының Қазақстан Президенті, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазіргі заманғы және гүлденген мемлекет құруға, республика азаматтарының әл-ауқатын арттыруға деген бағытын қолдайтынын растады», — деп хабарлады ресейлік премьердің сөзін ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Келіссөздерде тараптар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және табиғатты қорғау бастамаларын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға ерекше назар аударды.
«Қазақстан Каспий маңы мемлекеттерінің Каспий теңізі деңгейінің одан әрі төмендеуінің алдын алуға және экологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жүйелі және келісілген өзара іс-қимылын қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Каспий су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаның жобасы әзірленуде», — делінген ведомство хабарламасында.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруға және аталған салалардағы бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екендіктерін растады.