Біздің ел Visual Capitalist сарапшылары жасаған жаңа жаһандық рейтингте 36-шы орынды сенімді иеленгенімізді айттық.

Ал тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев экономикасы өсіп, ішкі жалпы өнім артып, халықаралық резервтеріміз көбейсе, біздің жағдайымыз неге жақсармайды деген заңды сұрақтарға жауап беруге тырысты. Оның айтуынша, экономикада, өндіріс пен бизнесте қазіргі жағдайды бағалауда салыстырмалы модель көбірек қолданылады. Мысалы, былтырғы кезеңде осындай еді, ал биыл осындай деген сияқты. Сонда қазіргі кезеңнің көрсеткіштері артық шықса, ол жетістік ретінде, ал кем шықса, ол олқылық ретінде қабылданады. Ал біздің макроэкономикалық көрсеткіштер бір орында тұрмай алға жылжуда. Сондықтан жетістік туралы хабарлар, жаңалықтар жиі айтылады.
«Біздің Ұлттық қордың, экономиканың, алтын-валюта қорының өсуі қарапайым адамға эффект бере ме? Ия, береді. Бірақ ол тікелей емес, жанама канал арқылы келеді. Ұлттық қор мен алтын-валюта қоры кез-келген кризис пен девальвацияны болдырмауға, кем дегенде оның жағымсыз әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Олар көлікке орнатылған қауіпсіздік жастығы сияқты. Егер көлік қауіпті апатқа ұшырамаса, сіз ешқашан да ол жастықтың бар екенін сезінбей өтесіз», — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, халыққа қатысты экономиканың проблемасы екеу.
- Біріншісі — өсіп жатқан ІЖӨ құрамында халықтың нақты табысының үлесі аз.
- Екіншісі — инфляция. Ең қиыны, біріншісін екіншісі шешілмей тұрып істеуге болмайды.
- Бұл АСПиР басшысы Әсет Ерғалиев зерттеп көрген модельде бар.
- Егер біз өсіп жатқан инфляция кезінде халықтың жалақысын директивті түрде өсіретін болсақ, инфляция тағы өршіп, табысты көбірек жеп, ақыр аяғында біз халықтың жағдайын одан сайын мүшкіл қыламыз.
- Сондықтан шешім айқын. Алдымен инфляцияны 10 пайыздан төмен түсіріп, ол іске асқан кезде дозалап айлықтарды кезең-кезеңмен көтеру.
Биыл неге жағдай жақсарады?
Сарапшының айтуынша, мемлекет басшысы экономикадағы KPI бағытын өзгертті. Демек макроэкономикалық көрсеткіш емес, нақты табыс/инфляция формуласы арқылы есептелген халықтың әл-ауқат көрсеткіші бағаланатын болады. Енді әкімдер, кәсіпорын басшылары еңбекақы қорына (ФОТ) көбірек назар аудармақ. Макроэкономикада бұл «ІЖӨ құрамында халық табысы үлесін арттыру» деп аталады.
Бұрын Қазақстан байыса, кәсіпорындар да байып, онымен бірге соның қожайыны байып келді
Ал халық байымады. Ол қалай орын алды? Мысалы, 2023 жылы бір кәсіпорында ортақ түсім 100 миллиард теңге болды дейік.
«Соның 45 миллиарды шығындарға кетті, оның ішінде жалақы шығыны 30 миллиард теңге болды. 100 — 45 = 55. Сонда жалпы кіріс (EBITDA) 55 миллиард теңге болды да, одан кәсіпорын 20% корпоративті табыс салығын төлеп (11 млрд теңге), 44 миллиард теңге таза кіріс қалды. Оны дивиденд ретінде қожайыны өзіне аударып алды», — дейді Олжаев.
2025 жылы осы кәсіпорын 180 миллиард теңге ортақ түсім алды. Бірақ қожайыны одан да көп дивиденд алуы үшін жалақыны әдейі көтермей, ФОТ-ты сол 30 миллиард теңге деңгейінде қалдырды. Басқа шығындары 15 миллиардтан 25 миллиардқа өсті дейік. 180 — 55 = 125. Осы кірістен енді 25 миллиард теңге салық төленді. Ал қожайын өзіне 100 миллиард теңге дивиденд алды. Сонда оның соңғы екі жылдағы пайдасы екі есеге өсті. Мемлекеттің алған салығы да екі есеге өсті. Қожайын да, мемлекет те ұтты. Ал халық санатына кіретін мыңдаған жұмысшы үшін ештеңе өзгермеді.
Осыған қуанып, бюджет үшін үндемей келген мемлекет енді ФОТ-тың выручкамен қатар өсуін талап етпек. Демек экономикалық жағдайды үшінші тарапқа — халыққа да бұру көзделген. Бұл біздің материалды жағдайды түбегейлі өзгерте алатын жаңалық. Бастысы инфляцияны дәл осы кезде ұстап отыру керек. Бұл мемлекет шешуі тиіс және соған күш салып жатқан парадигма.
Тоқ етерін айтқанда, билік экономиканың өсіп жатқанын халық та сезінуі керек екенін жақсы түсінді және оны өзіне жаңа мақсат етіп бекітті. Сондықтан халықта, яғни сіздерде енді барлығы жақсы болады.